қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
02.03.2021

Князь Мирзоев қилы заманда қорған болған қазақ халқына алғыс айтты

 



Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Алғысым шексіз халқыма» танымдық дөңгелек үстел өтті.

 

Дөңгелек үстел жұмысын Тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаев ашып, еліміз үшін «Алғыс айту күні» мерекесінің маңыздылығын атап өтті.


Сөз кезегін алған Шығыс филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, профессор Князь Мирзоев Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналып, қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көргендігін ерекше ілтипатпен жеткізді. Сөз соңында, профессор К.Мирзоев барлық Қазақстан халқына шексіз алғысын білдірді.


Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, профессор ГүлжиҺан Шахарман өз сөзінде еліміз үшін Ассамблеясының маңыздылығын тілге тиек етіп, университетте ұлтаралық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.


«Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Мақсат Жақау іс-шараға қатысып отырған жастарға «Алғыс айту күні» қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні екендігін жеткізіп, белсенді болуға шақырды.

 

Іс-шара барысында «Бірлік» Студенттік ассамблеясының әзірлеген «Алғысым шексіз - Қазақстан!» атты бейнеролигі ұсынылып, жастар атынан Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ділдәбек Дидарбек, Филология және көптілді білім беру институтының 1-курс студенті Аягөз Өміржанқызы, Жаратылыстану және география институтының 3 курс студенті Бегенч Хумидалиев жылы лебіздерін жеткізді.

 

 

02.02.2021 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz