Main /
Mass media about us
03.03.2021 Ұланнан шыққан ұлағат иесі
Еліміздің шұрайлы Шығыс өлкесінің солтүстік-батысындағы Қалба тауының бөктерінде орын тепкен Ұлан ауданының шалғай ауылында орта мектепте оқып жүрген кезден бастап ол мұғалім болуды армандайды. Оған өмірден көрген-білгені мен көкейге түйгені мол, сырлы сөздің қадірін білетін, суырып салма ақындығы елге танымал анасы Зияда Жарболқызының да ықпалы мен ақыл-кеңесі ерекше болды.
Оның үстіне Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары мұғалім мамандығының қадірі де артып тұрған кез-тұғын. Мектеп қабырғасында оқу бағдарламасы бойынша өздері жаттап өскен ұлы Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңіндегі: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деген жолдары да үнемі жадында жаңғырып тұратын.
Содан орта мектептен кейін арман қуып, сол кездегі әсем астана Алматыға келіп, 1948 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының табалдырығын аттады. Оны 1952 жылы табысты аяқтаған соң, ұстаздық еңбегін Алматы облысының Жамбыл ауданындағы «Октябрь» орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастады.
Міне, осылайша бүгінде тоқсан деген толағай жастың төріне шығып отырған, өзінің бүкіл саналы ғұмырын еліміздің рухани-мәдени өмірін өркендетуге, білім беру ісі мен ғылымын дамытуға, қоғамның адамгершілік құндылықтарын нығайтуға арнаған қадірменді ұстаз, қарымды қайраткер, сүйегі асыл, жаны ізгі санаулы ірі тұлғаның бірі - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Күләш Құнантайқызы Құнантаева апамыздың өмірдегі үлкен де үлгілі еңбек жолы басталған еді.
Сөйтіп жаңалыққа жаны құмар жас маман өзінің ізденімпаздығы мен іскерлігі арқасында мектептегі білім беру ісі мен жас жеткіншектерді тәрбиелеудің қыр-сырын тез меңгеріп алды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен жоғары біліктілігін байқаған тиісті басшы орындар Күләш Құнантайқызын Алматы қаласына шақырып, осындағы Ленин аудандық жастар комитеті мектеп бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Ол осы қызметте екі жылдай - 1954-1956 жылдары істеді. Одан кейінгі жылдардың бәрін Күләш Құнантайқызының қайраткерлік өсу жолы десе де болғандай. Атап айтқанда, Алматы облыстық жастар комитетінің хатшысы, Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министрінің орынбасары, Алматы шетел тілдері институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, одан кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болып абыройлы қызметтер атқарды. Сондай-ақ екі рет ІХ-Х шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Низами атындағы Ташкент педагогикалық институты мен еліміздің жоғары оқу орындарының қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторлық диссертация қорғау кеңесінің мүшесі болды. Кеңестік кезеңде алдымен КСРО Педагогика ғылымдары академиясына, кейіннен Ресей және Грузия Білім академияларына қазақ әйелдері арасынан тұңғыш рет академик болып сайланды. Қазақстан Республикасының Жоғары Аттестаттау комитетінде педагогика және психология ғылымдары саласы бойынша сараптау кеңесінің төрайымы ретінде де қыруар іс атқарды.
Күләш Құнантайқызының ұйымдастырушылық, іскерлік, қайраткерлік қабілетінің жарқырай көрінген кезі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры болып қызмет атқарған уақытына тура келеді. Елімізде орны бөлек осы бір оқу орнын тапжылмай, табаны күректей он алты жыл бойы басқарған мерзім ішінде институт өз саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Жаңа бағдарламалар, оқу-әдістемелік жұмыстар, оқудан тыс тәрбиелік мәні бар қоғамдық ұйымдар көптеп іске қосылды. Ол кісінің тікелей басшылығымен құрылған «Айгүл» ансамблі әлемге әйгілі болды. Осы кезде шығармашылықпен жұмыс істеуге бейімі бар озат ұстаздар мен тәжірибелі, өз ісіне жан-тәнімен берілген іскер оқытушы-профессорлар қауымы өсіп жетілді. Әйгілі әдебиеттанушы ғалым, академик Зәки Ахметов, белгілі композиторлар Бақытжан Байқадамов, Өмірбек Байділдаев, Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағанов, тілші ғалым-профессорлар Әбжан Құрышжанов, Сейілбек Исаев, Алтай Аманжолов, физик-математик ғалымдар Дәулет Үмбетжанов, Әжімұхан Жамалов, өнертанушылар - Марат Балтабаев, Галина Қарамолдаева, Ағайша Исағұлова сынды т.б. білікті ұстаздар еңбек етті.
Бұл орайда қадап айта кететін нәрсе, сол кездегі «Қазақстанда педагог-ғалымдар шамадан тыс көбейіп кетті, жалпы Қазақ мемлекеттік қыздар институты керек пе, әлде керек емес пе? Ендігі жерде қазақ қыздары үшін арнайы дербес жоғары оқу орнының қажеті жоқ шығар...» деген сыңайдағы сыңаржақ әңгімелер шығып, аталған институттың тағдыры қыл үстінде тұрғаны белгілі. Осындай бір шешуші кезеңде Күләш Құнантайқызы өзінің дәлелді пікірлерімен, орынды ойларымен тиісті орындарға шығып, олардың көзқарасының дұрыс емес екеніне көздерін жеткізіп, институтты арашалап алып қалуға ерен еңбек сіңірген болатын.
Күләш Құнантайқызы оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, студенттердің білім сапасын жақсарту мен оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми әлеуетін арттыруға, білім ордасын Кеңес Одағы көлеміндегі алдыңғы қатарлы оқу орнына айналдыруға бар ынта-ықыласымен, ерекше күш-жігерімен аянбай әрекет етті. Бұл іске республиканың сол кездегі бірінші басшысы, халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ерекше қолдау көрсетті. Төрт қабатты заманауи жаңа оқу ғимараты, студенттерге арналған төрт бірдей әрқайсысы 300-400 орындық типтік үлгідегі жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Ұлан-байтақ еліміздің, қала берді көрші республикалардың әр қиырынан келген қазақ қыздары жатақхана ғана алып қоймай, сол кездегі әсем астана Алматыға ресми түрде тіркелді. Сонымен бірге студент қыздар үшін мың адам бір мезгілде тамақтанатын асхана мен спорттық-сауықтыру кешені, үй-күйсіз жүрген ұстаздарға арналған сексен пәтерлік тұрғын үй берілді.
Академик Қ.Құнантайқызы осы уақытқа дейін монографиялық зерттеулер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, жекелеген мақалалар жазып, барлығы 360-тан астам ғылыми еңбектің авторы атаныпты. Оның әрбір зерттеу жұмысы жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудың өзекті мәселелерін кеңінен қарастыруға арналған. Әсіресе, ол кісіні мектеп оқушыларын тәрбиелеуді ұйымдастырудың кең тараған түрі - сабақтан тыс жүргізілетін жұмыстар ерекше қызықтыратын. Бұл мәселені өзінің ғылыми-педагогикалық зерттеу бағытына айналдырған Күләш Құнантайқызы 1966 жылы «Қазақстандағы оқушылардың оқудан тыс еңбек және білім беру бірлестіктері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Жас педагог ғалым бұл еңбегіне жасөспірімдер мен жеткіншек балаларға білім беріп, тәрбиелеу арқылы оларға ықпал етудің аса маңызды құралы ретінде тамаша адамдардың өмірі мен қызметін үлгі ете, соларға ұқсап бағуға талпындыру қажет екендігін жете саралайды.
Әлеуметтік-экономикалық үде-
Ғалым Күләш Құнантайқызының ұзақ жылдар бойы мұқият зерттеп келе жатқан және бір саласы - жоғары мектептерде педагог-кадрлар даярлау, олардың ұстаздық шеберліктерін дамытып, адамгершілік қасиеттерін нығайту, біліктілікті арттыру мәселелері. Бұл ретте ғалымның әртүрлі жинақтар мен журналдарда жарияланған мақалалары ғылыми тұрғыдан қарағанда аса құнды.
Ол кісінің ғылым-білім саласындағы атқарған қызметі әділ бағаланып, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше медальмен марапатталуы, еліміздің құрметті атақтарын иеленуі ғалымның еселі еңбегінің айғағындай.
Ұлы Абайдың Отыз жетінші сөзіндегі: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», деген ұлағатты ойын ұстаным еткен көрнекті педагог-ғалым, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, академик Күләш Құнантайқызы туралы айтылар жылы сөз аз емес. Ол - 30-ға тарта шәкіртіне ғылыми жетекшілік жасап, докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғатып, үлкен ғылыми мектеп қалыптастырған ғалым. Еліміздің жоғары оқу орындарында жемісті еңбек етіп келе жатқан педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар И.Халитова, С.Ұзақбаева, Ә.Әмірова, П.Сейітқазы сынды т.б. талантты да талапты шәкірттерін Күләш апай әрдайым мақтанышпен еске алып отырады.
Торқалы тоқсан жасқа келсе де Күләш апай әлі тың. Жүрісі ширақ, сөзі тиянақты, әңгімесі орнықты, еңсесі биік. Ойы сергек, жаны сұлу, жүрегі таза. Осының бәрі - туа біткен сабырлы мінезбен үйлесім тапқандай.
Жаны жомарт, пейілі дархан, ерен еңбексүйгіш, шәкірттерінің ардақтысына айналған Күләш Құнантайқызының өмір тарихы мен еңбек жолына қарап отырып, ол кісінің осы жасқа дейін қатардан қалмай, шаршамай-талмай халқына қызмет етіп келе жатқаны баршамызға үлгі боларлық-ау деген ойға келесіз.
Авторы: Бақтияр Сманов, ҰҒА академигі 03.03.2021 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|