қазақша · русский · english
   
  Main  News
15.03.2021

Абай атындағы ҚазҰПУ QS рейтингіндегі әлемнің 201-250 үздік жоғары оқу орындары тобына кірді

 

Абай атындағы ҚазҰПУ «QS World University Ranking by Subject-2021» рейтингінде әлемнің 201-250 үздік жоғары оқу орындарының тобына, ТМД-да «Ағылшын тілі мен әдебиеті» пәні бойынша көшбасшылар үштігіне және «Білім беру» пәні бойынша үздік төрттікке кірді. Жоғарыда аталған рейтингте еліміздің жоғары оқу орындары арасында үздік нәтижелерді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ және Satbayev University көрсетті.


2021 жылдың 12 наурызында университетте Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша QS компаниясының аймақтық директоры Сергей Христолюбовпен кездесу өтті. Кездесу барысында ректор Такир Балықбаев университеттің стратегиялық даму бағыттары және оның ұлттық және халықаралық рейтингтердегі жетістіктері туралы, соңғы жылдары «Алтын белгі» мен колледждердің қызыл диплом иегерлері оқуға қабылданып, білім алушылардың сапалық көрсеткіштерінің үш есеге артқандығы туралы атап өтті. Университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 95-97%-ды құрайды - ҚазҰПУ студенттері оқудан кейін бірден өз мамандығы бойынша лайықты жұмысқа орналасуда. Сондай-ақ, университеттің 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарларына қол жеткізу үшін оның барлық қызмет бағыттарының табысты дамуы атап өтілді.


Өз кезегінде Сергей Христолюбов соңғы 10 жылда QS WUR жаһандық рейтингісінде ұсынылған қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 5-тен 10-ға дейін артқанын атап өтті, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік институционалдық рейтинг аясындағы ілгерілеуі мен белсенділігінің оң серпініне назар аударды. Кездесуге қатысушылар QS World University Rankings by Subject-2021 рейтингінде қазақстандық жоғары оқу орындарының үздік нәтижелерін талқылады. ҚР жоғары оқу орындарының жаһандық және пәндік рейтингтегі көрсеткіштері ұсынылды, сондай-ақ Қазақстанның жоғары оқу орындарына дауыс берген жетекші елдер (Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан) келтірілген академиялық бедел тұрғысынан талдау жасалды.


QS аймақтық директоры Сергей Христолюбов «Дамушы Еуропа және Орталық Азия» кластеріндегі (ЕЕСА) университеттердің рейтингісі бойынша оның әдіснамасы туралы толық ақпарат берді және халықаралық деңгейде мүдделі тараптарға (талапкерлер, студенттер, ғалымдар және т.б.) ақпараттың қолжетімділігі үшін сайттың ағылшын тіліндегі нұсқасын мұқият пысықтау қажеттігін айтты. Рейтингтің ғылымиметрикалық көрсеткіштеріне қатысты аймақтық директор Q1, Q2 кіретін журналдардағы жарияланымдар санының артуына және халықаралық бірлескен жарияланымдардың көбеюіне назар аударуды ұсынды, өйткені олардың  дәйексөз деңгейі ұлттық бірлескен жарияланымдарға қарағанда үш есе жоғары.


Кездесу іскерлік, сындарлы жағдайда өтті, өйткені қазақстандық жоғары оқу орындарының жаһандық, аймақтық және пәндік рейтингтердегі позицияларына жан-жақты талдау жасалды; жоғары оқу орындарын әлемдік аренада дамыту бойынша құнды ұсыныстар айтылды.