Main /
Mass media about us
30.03.2021 KAZDUAL: Жаңа жоба қолдау тапты
Бүгінде атақ-абыройы дүркіреп тұрған бұл бағдарлама Еуроодаққа мүше елдердің және Исландия, Лихтенштейн, Македония, Норвегия, Түркия елдері университеттері арасында ынтымақтастық қарым-қатынастарды нығайтуға және студенттердің өзара тәжірибе алмасуын қолдауға бағытталған. Оған әлемнің 33 мемлекетінен 4 мыңнан астам білім беру мекемелері қатысады. Сондай-ақ Эразмус + тағы бір мақсаты Еуропада білім беру сапасын арттыру, Еуроодақ пен оған көршілес елдер студенттерінің арасындағы мәдени байланысты нығайтып, оның жинақтылығын дамыту екенін баршамыз білуге тиіспіз.
Бағдарлама студенттер мен оқытушыларға шетелдік университеттерде жоғары білім алып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. 2007 жылдан бері осы бағдарлама бойынша білім алған студенттер шетелдік белгілі компанияларға жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болып отыр. Жұмыс берушілер осы бағдарлама бойынша оқыған жастарды жұмысқа қуана-қуана қабылдауда. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де көптен бері осы Эразмус+ бағдарламасына қатысып келеді.
Жуырда ғана Еуразиялық комиссияның білім, аудиовизуалды және мәдениет жөніндегі атқару агенттігі осы Эразмус + бағдарламасының «Жоғары білім берудегі әлеуетті арттыру» жөніндегі VI байқауының нәтижесі бойынша университетіміздің «Қазақстанда дуальды жүйені дамыту» KAZDUAL жобасын қолдау және қаржыландыру жөнінде шешім қабылдады. Өйткені дуальді білім беру Еуропа елдерінде бұрыннан жүзеге асырылып келе жатса, біздің еліміздің жоғары оқу орындары оған жаңа қадам баса бастады. Бұл істе бірінші болып отырған да біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Сондықтан біздің KAZDUAL жобамыз Эразмус+ арқылы қаржыландырылатыны өте қуанышты.
Сондай-ақ ол жобаға Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Шәкәрім атындағы Семей университеті, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі, Семей электротехникалық колледжі, Отто фон Герике атындағы Магдебург университеті (Германия), Таллин қолданбалы ғылымдар университеті (Эстония), Инстбург педагогикалық университеті (Австрия), ACQUIN, CEENQA, Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, грант алушы ретінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті де жаңадан кірді.
Университеттің KAZDUAL халықаралық білім беру жобасы Қазақстанда дуальды жүйені қалыптастыруға және дамытуға бағытталған, ол жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес студенттердің құзыретін жақсартады, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады және жеке сектормен ынтымақтастықты нығайтады деп күтілуде. Жоба дуальды оқытуды ұйымдастырудағы кәсіпорындар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының рөлін күшейтуге, сондай-ақ кәсіптік колледждердің бағдарламаларын жоғары оқу орындарына түсу талаптарына жақындатуға, дуальды білім беру мен кәсіптік оқытудың желілік зерттеу орталығын құруға бағытталған.
Қазақстанда дуальды білім беруді бейімдеу бойынша нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізуге ұсыныс жасайды және студенттердің теориялық білім мен жұмыс практикасын үйлестіре отырып, инновациялық білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді. Жұмыс берушілердің, жоғары оқу орындарының (ЖОО) және өнеркәсіптің түрлі салаларындағы студенттердің әртүрлі қажеттіліктері мен мүдделерін қолдайтын қосарланған жоғары білім беру моделін әзірлеу, сондай-ақ ЖОО-ларға дуальды білім беруді енгізу бойынша ұсыныстар жасау да осы жобаның міндетінің бірі. Биылғы қаңтар айының ортасынан бастап елімізде дуальды жүйені дамыту жөніндегі KAZDUAL жобасы өз жұмысын бастады.
Қазақстанда Эразмус+ бағдарламасын үйлестіруді оның Ұлттық кеңсесі (ЭҰК) жүзеге асырады. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Эразмус+ бағдарламасы жобалары бойынша Грандхолдерлерінің онлайн кездесуі ұйымдастырылды. Пленарлық сессияны Білім, аудиовизуалды құралдар және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттіктің (EACEA) басшысы Ральф Радерс мырза ашты.
Сонымен қатар жаңа жобалар Грандхолдерлерінің онлайн кездесуіне Қазақстандағы ЭҰК директоры Ш.Тасболатова, жоба консорциумы атынан жоба үйлестірушісі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттің университетінің Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры А. Искакова, жобаның байланысушы тұлғасы, Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры Л.Хасенова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен - жоба үйлестірушісі, постдокторант Б. Сапарғалиева, университет жобасының негізгі өкілі, коммерцияландыру бөлімінің бастығы Т.Игисинов, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен жоба үйлестірушісі, Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің басшысы С.Карстина, сондай-ақ Магдебург университетінен жоба үйлестірушісі, халықаралық ынтымақтастық бөлімінің қызметкері Марсель Массман мырза қатысты.
Кездесудің бірінші күні Ральф Радерс мырза «Жоғары білім беру саласындағы әлеуетті нығайту: ағымдағы және болашақ перспективалары», «Грамин» банкінің негізін қалаушы және әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Мұхаммед Юнус «Болашақты жобалау: жоғары оқу орындарының рөлі мен жауапкершілігі» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар «Жоғары білім беру әлеуетін дамыту: жобаларды жүзеге асыру, мониторинг және қаржыны басқару», «Covid-19» кезінде жобаларды басқару» тақырыптарында презентациялар тыңдалды.
Сессияның екінші күні «Оқытудың әсері: негізгі нәтижелер», «Еуроодақтың даму саясаты: ЖБАӘ әсер ету көзқарасы және болашақ перспективалары» атты пленарлық секциямен серіктес елдер үшін Өңірлік семинар өткізілді. Сессияның үшінші күні Агенттіктің Жобалау Офицері Карло Джузеппе Имарисио мырзаның алдында KAZDUAL жоба серіктестерінің жұмыс топтары жобаларын қорғады. Семинардың келесі күндері Агенттіктің қолдау қызметі желілерді құру және озық тәжірибемен алмасу бойынша 13 іс-шара ұйымдастырды. KAZDUAL жобасының негізгі тақырыптарының бірі іс-шараның соңғы күнінде айтылған «ЖБАӘ жобаларының көмегімен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыру» тақырыбы болды.
Грандхолдерлердің онлайн кездесуі барысында Агенттік өкілдері мен KAZDUAL жобасының серіктес университеттерінің жұмыс топтары жобаның барысы мен кезеңдеріне қатысты мәселелермен алмасты. Жобаны жүзеге асыру тетіктері нақтыланды және пайдалы ақпарат алынды, нәтижесінде EACEA мен KAZDUAL жобасының грант иегерлері арасында өзара түсіністікке қол жеткізілді. Грандхолдерлердің онлайн кездесуінің қорытындысы бойынша екі серіктес-университет: Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Абай атындағы ҚазҰПУ жұмыс топтарының бірлескен отырысы өткізілді.
Жұмыс топтары міндеттемелерді таратып, қысқамерзімді перспективада жұмыс жоспарын нақтылады. KAZDUAL жобасын жүзеге асыру шеңберінде дуальды оқытудың икемді тұжырымдамалық моделі әзірленуде, ол нақты өндіріске бағдарланған мамандарды даярлауға мүмкіндік береді, кәсіпорынның білім беру процесіне қатысу үлесін арттырады және білім беру бағдарламаларының баламалылығын қамтамасыз етеді және сол арқылы біздің стейкхолдерлеріміздің сұранысын қанағаттандырады.
Авторы: Такир Балықбаев, 30.03.2021 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz
|