Main /
Mass media about us
14.04.2021 Онлайн оқытудың артықшылықтары мен қиындықтары
Дегенмен жасы егделеу, компьютерді терең меңгермеген ұстаздарымызға қиындықтар туғызды. Біз олармен арнайы сабақтар өткіздік. Университет студенттерінің 70 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Олар біздің жүйеге кіру кезінде, кейбір ауылдарда интернет өте нашар болғандықтан, бршама қиындықтармен бетпе-бет келді. Студенттер отбасылары компьютермен не ноутбукпен толық қамтамасыз етілмеген. Дегенмен біздің жүйелерге гаджеттермен мобильді байланыс арқылы кіру үшін арнайы бағдарлама жасағанымыздың арқасында бұл жерде де тығырықтан шығудың жолын таптық. Бұл кездегі біздің ең негізгі мақсатымыз - студенттерді толыққанды білім беру жүйесімен қамтамасыз ету және білімнің сапасын төмендетіп алмау болатын. Бірден қашықтан оқу жүйесіне көшу білім сапасына кері әсер етпеді деу қиын. Өйткені аяқастынан болған жағдайда бетпе-бет білім беруді жалғастыру қиын болды. Ұстаздарымыз тіпті уақытпен санаспай күні-түні жұмыс істеді. Өйткені студенттердің сұрақтары кез келген уақытта пайда болып, тапсырма орындауда қиындықтар туындап жатты. Дегенмен біз студенттердің өздеріне қойылған талаптардың бәрін орындауын қамтамасыз еттік.
Қазіргі таңда «Пандемиядан кейін қалай болады? Студенттер аудиторияға қайта келе ме? Әлде, қашықтан оқу жүйесінде қала ма?» деген басты сұрақ туындап отыр. Әрине, алдағы уақытта қашықтан оқытудың орны да, мәртебесі де артады. Дегенмен университеттер мен мектептер білім ордасы ретінде сақталып қалады. Өйткені студенттердің негізгі білімді алатын, азамат ретінде қалыптасатын, әлеуметтік жағынан дамитын жері - осы оқу орындары. Университеттің мәдениеті, білім беру ортасының мәдени немесе психологиялық жағынан әсерін қашықтан оқыту бере алмайды. Төтенше жағдай кезінде студенттермен бірнеше рет онлайн кездесу өткіздім. Олардың ең басты сұрағы: «Ағай, университетке қашан қайтамыз?» болды. Олар ұстаздарымен тікелей жұмыс істегеннің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді.
Қашықтан оқытудың да өзіндік оңтайлы тұстары бар. Студенттерді аудиторияда сабақтармен отырғызбай, көптеген нәрселерді қашықтан беруге, сөйтіп жаңа идея ретінде айтылып жүрген blended learning - аралас оқытуды енгізуге мүмкіндік туып жатыр. Бұл жағдайда практикалық оқытуды көбейтуімізге болады. Мысалы, университетте IV курс студенттерін жыл бойы төрт күн мектептерге практикаға жіберіп, екі күн университетте теориялық білім алатын жүйе енгізгенбіз. Енді студенттер практика кезінде университетке келмей-ақ, қашықтан тапсырмаларын орындайтын жүйеге көшті. Сонда студенттер университетке жыл басында, сосын ортасында бір аптадан келіп, сол уақытта тапсырмалар мен аралық бақылауларды орындайды және семестрдің соңында сессия тапсыруға келеді. Басқа уақытта тек практикада жүреді.
Алдағы уақытта білім беруде дәстүрлі әдіске қосымша қашықтан оқытуды да пайдаланғымыз келеді. Бұл әдіс студенттердің өзіндік жұмыстарының маңызын, жауапкершілігін арттырды. Бұрынғыдай топпен бірге жүріп тапсырмаларын орындайтын жағдай жоқ, әркім өзі үшін жауап береді. Студенттер өз бетінше білім алуға, өзін-өзі дамытуға бейімделеді. Қашықтан оқытудың көп мүмкіндіктері бар. Бұл әлемдік үздік тәжірибелерді алудың жақсы жолы екен. Өткен жылы 6-7 елдің ғалымдары бірігіп, конференция өткіздік. Олар өз ой-пікірлері мен ғылыми жетістіктерін ортаға салды. Бұрын мұндай конференцияларды өткізу үшін бір елде жиналып, бірі келіп, екіншісі жеке жағдайына байланысты қатыса алмай қалып жататын. Қазір белгілі бір тақырыпты белгілеп, бірер сағаттың ішінде әлемдік деңгейдегі кездесулер өткізіп жатырмыз. Бейнеконференциялардың мүмкіндігі зор екеніне көзіміз жетіп отыр, оны алдағы уақытта кеңінен пайдаланатын боламыз.
14.04.2021 ж. Ақпарат көзі: dalanews.kz
|