Main /
Mass media about us
22.05.2021 Алматыда түрколог Телғожа Жанұзақтың бес томдық еңбегінің тұсаукесері өтті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Телғожа Жанұзақтың «Қазақ ономастикасы» атты бес томдық еңбегінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онлайн және оффлайн режимде өткен шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, белгілі түрколог, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Телғожа Жанұзақ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Әлия Масалимова мен басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алқалы жиын барысында Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген Телғожа Жанұзақтың «Қазақ ономастикасы» атты 5 томдық еңбегінің тұсаукесері өтіп, оқырман қауымға жол тартты.
Іргелі ғылыми еңбек отандық ономастика ғылымы саласының мәселелерін жан-жақты қамтыған толыққанды жинақ болуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, кітаптарда ғалымның әр-жылдарда жазған еңбектері жаңа редакцияда ұсынылып отыр.
Шараға қатысушылар қазақ ономастикасының негізін қалаушысы Телғожа Жанұзақтың жер-су, адам есімдері мен тегі, тайпа, ұлыс, халық аттары мен аспан денелері және ғарыш кеңістіктері атауларының шығу, пайда болу және тек - төркіндеріне арналған еңбектері өшпес мұра екенін атап өтті.
Қазіргі таңда ономастика республикадағы ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде тек ғылыми-тәжірибелік, мәдени тарихи ғана емес, сонымен қатар қоғамдық - саяси маңызға да ие болып отыр.
Телғожа Жанұзақтың айтуынша, қазір ономастика саласы жақсы дамып келеді. Десекте, кемшұл тұстары бар.
« Негізі ережеге сай, екі жерге ғана бір адамның аты берілуі керек. Қазір бізде оншақты мекемеге бір адамның есімі беріле береді. Тіпті өз туысқандарының атын беру сәнге айналды. Аудан, ауыл аттарын қоюда да бұрмалау көп. Осыны ретке келтіру үшін нақтылы Үкімет тарапынан ереже керек. Сонда ғана біз алға қарай жылжимыз. Қазірде жаман емес, десекте осы ұсынысты назарға алса деймін»,- дейді Телғожа Жанұзақ.
Айта кетейік, қазақ ономастика саласының көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы Телғожа Жанұзақ биыл 94 жасқа толды. Басқосуға жиналғандар ғалымды мерейлі жасымен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.
22.05.2021 ж. Ақпарат көзі: inform.kz
|