қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
31.05.2021

Акция-80. «От тайги до Британских морей...»

 


 

25 мамыр күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Мәскеу қалалық педагогикалық университеті жанындағы Ресей Федерациясының «Білім беру ұйымдарында діни және этникалық экстремизмнің алдын алу» орталығымен бірлесіп фашистік Германияның КСРО-ға шабуыл жасағанына 80 жыл толуына орай Акция-80: «От тайги до Британских морей...» іс-шарасын ұйымдастырды.

 

Шараның негізгі мақсаты - студент-жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу, мемлекет тарихындағы маңызды тарихи оқиғалар (әскери-тарихи) мен атаулы күндерге тағзым ету болып табылады. Акция Ресей Федерациясының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ресей Федерациясының Білім министрлігі, ТМД мемлекеттерінің Шекара әскерлері қолбасшыларының Кеңесі, «Ресей ардагерлер одағы» бүкілресейлік қоғамдық ардагерлер ұйымының қолдауымен өткізілді.

 

Патриоттық акция 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында «Мәңгілік алауға» гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Ресми бөлім Абай атындағы ҚазҰПУ қабырғасында өтті. Шараны Басқарма Төрағасы-Ректор Такир Балықбаев ашып, Ұлы Отан соғысындағы Қазақстан халқының жауынгерлік ерлігі мен Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы мазмұнды баяндама жасады. Одан әрі сөз кезегі шара қонақтарына берілді. Қоғам қайраткері, кинорежиссер Константин Харалампидис Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев туралы қызықты ақпарат келтіріп, қазіргі күні қаһарман жауынгер туралы фильм түсіріліп жатқандығын тілге тиек етті.

 

Ресей Федерациясы Шекара әскерлерінің ардагері, «Акция-80» жобасының жетекшісі Сергей Некрасов аталмыш жоба туралы толық ақпарат берді. Баяндама соңында спикер қатысушылардың назарына Ресей орталық шекарашылар мұражай қызметкерлері әзірлеген Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері шекарашылардың даңқты ерліктерін бейнелейтін шағын ролик ұсынды.

Университетіміздің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікжан Әлмұхамбетов Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ батырларының ерліктері жайында тың мәліметтерімен бөлісті.

 

Ресми шара одан әрі университет алаңында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Бағдарлама барысында ҰҚК Шекара қызметі академиясының әскери оркестрі өнер көрсетіп, әскери әндер шырқалды. Акция соңында қонақтар мен шара қатысушыларына далалық асхана ұйымдастырылды.

 

Мәскеу қалалық педагогикалық университеті жанындағы Ресей Федерациясының «Білім беру ұйымдарында діни және этникалық экстремизмнің алдын алу» орталығының өкілдері Мачулко Константин, Кручко Игорь Абай университетінің басшылығына, патриоттық шараға қаржылық қолдау көрсеткен университет қызметкерлерінің Кәсіподақ ұйымына және шараның басты ұйымдастырушылары Тәрбие департаментіне шексіз алғыстарын жеткізді.

 

Айта кетейік, «Акция-80» жобасы Ресей Федерациясының 15 қаласында, Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасында ағымдағы жылдың 17 мамырынан бастау алып, 22 маусымға дейін жалғасын табады.

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент

31.05.2021 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com, PDF