Main /
Mass media about us
02.06.2021 Дәйекті зерттеулер қажет
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен өткен «Азаматтық алаң» отырысында тарихшылар мен қоғам белсенділері саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесін талқылады.
«Тар заман: қуғын-сүргін құрбандары қаншалықты ақталып жатыр?» тақырыбында өткен алқалы жиынға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов төрағалық етті. 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің маңыздылығына тоқталып өткен вице-министр өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, қазіргі кезде үлкен жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Әрі қарай жиынға қатысушыларды таныстырып, алғашқы сөзді тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Хангелді Әбжановқа берді.
Академик қазақ тарихында қанмен жазылған жылдардың құрбаны болған жандардың саны бүгінде жүз мыңдап саналады деп атап өтті. «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың ерекшелігі - оларды толық ақтауды жүзеге асыруға ұмтылатындығымызда. Қазір осы ақтаудың он бағыты қолға алынды. Алдымызда үлкен меже тұр», деген академик былтыр басталған бұл істің баяу жүріп жатқандығына қатысты ойын ортаға салды. Мұның басты себебін саяси жаңа құжаттың қабылданбай тұрғандығымен байланыстырған Х.Әбжанов 1993 жылы қабылданған заң міндетін атқарды дей отырып, жаңа заң қабылдау қажеттігін айтты.
- Осы істің басы-қасында жүрген азаматтар Қазақстанның қуғын-сүргін тарихнамасының өте бай екенін ескере бермейді. Дегенмен де осы уақытқа дейін істелген жұмысты жоққа шығармай, қуғын-сүргінге байланысты барлық шараны шетелдіктер емес, өзіміз атқаруға тиіспіз, - деді академик.
Х.Әбжановтың айтуынша, қуғын-сүргін құжаттарының кем дегенде 90 пайызы елімізде жатыр әрі бұл мәселені бізден артық білетін мамандар жоқ. Уит-крофт та, тіптен Сара Кэмерон да біздің мамандар білгеннің оннан бірін білмейді. Сондықтан да тарихшы бұл мәселені өз ресурстарымызбен, өз мамандарымызбен, өзіндік дерективпен әлемдік деңгейде шешіп, күн тәртібіне қоя аламыз деді. Ал нақты нәтижеге қол жеткіземіз десек, мына бағытта қолға алынған жұмысты қорытындылап тастауымыз керек. Біріншіден, бар кінәсі бай болғаны, малды болғаны үшін кәмпескеге ұшырағандарды ақтау. Олар мылтық ұстаған жоқ, қырып-жойған жоқ. Сонымен қатар халық көтерілісіне қатысып жазаланғандарды да сөзбұйдаға салмай-ақ ақтап жіберуге болады. Жазықсыз жапа шеккен дін иелерін молда болғаны, сәлде таққаны үшін қудалады. Ата-анасы «халық жауы» болып, үйінен айырылып, «Алжир»-ге айдалғандарды жапа шеккендер ретінде ақтап алу да уақыт күттірмейді. Бүгінде олардың да қатары сиреп барады.
Ұлт-азаттық қозғалыстың биік шыңы - Алаш қозғалысының мәртебесін саяси түрде танып, кеңестік саяси тоталитаризмге саяси баға беру керек. Осы мәселеге орай «Еgemen Qazaqstan» газетінде де тұщымды пікірін білдірген тарихшы Қазақстан қуғын-сүргіннің ошағы болғандықтан, Қарағандыда ғылыми-зерттеу институтын ашу туралы мәселе көтерген еді. «Қарағанды - Қарлагтың отаны. Ал Орталық Қазақстан - ашаршылықтан ең ауыр жапа шеккен өңір. Олар мыңдаған шақырым түгіл, қасындағы Қарағандыға жете алмай жол бойы өліп кетті. Бүгінде Қарағандыда қуғын-сүргін, ашаршылықпен айналысқан тамаша ғалымдар мектебі, университет бар. Ол тез арада жұмысын бастауы керек. Осы жұмыстар қолға алынатын болса, тарих ғылымында әдістемелік бетбұрыс жасай аламыз. Методология өзгермей, ғылымымыз өзгермейді. Оны ұлттық мемлекеттік мүддеге жексек, ғылымымыз да, тарихи санамыз да, әділеттілігіміз де орнына келген болар еді», дейді тарихшы.
Бүгінде коммунистік диктатура жасаған қылмыстар туралы толық емес зерттеулер мәселесі жайында сөз қозғаған тарих ғылымдарының докторы Ерлан Медеубаевтың айтуынша, саяси қуғын-сүргін тарихы - ел тарихының ең қайғылы беттерінің бірі. 1930-1950 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін саяси озбырлық пен заңсыздықтың символына айналды. Саяси қуғын-сүргін тақырыбын қозғағанда, өлім жазасына кесілген ұлт элитасын жою туралы айтып отырмыз. Үлкен террордың құрбандары Қылмыстық кодекстің 58-бабы бойынша ғана емес, ешқандай бапқа қатысы жоқ сотталған мыңдаған адам болды. Сондықтан да қазақ тарихының алдында сталиндік қуғын-сүргін салдарын терең зерттеумен байланысты жұмыстар күтіп тұр.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы материалдарға ҰҚК архивіндегі құжаттар негізінде терең зерттеулер жасап жүрген Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық институты «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Шәмек Тілеубаев қазақ қоғамы үшін өзекті мәселе қуғын-сүргіннің кейбір мәселелеріне әдістемелік дұрыс көзқарас қажет екенін құптады. Ол репрессияның ХХ ғасырдың басында басталғандығына назар аударып, Ахмет Байтұрсыновтың 1910 жылы ішкі істер министріне жазған он беттен тұратын хатына тоқталып өтті. Онда зиялылардың мақсаты қоғамға білім беру, көзін ашу болатындығы жайында айтылған еді. Өкінішке қарай, жандармерия, саяси билік олардың соңына түсіп, қамап отырды. Тарихшының айтуынша, бұл патшалық кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннің басы болатын.
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Талдамалық және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Cұлтанғазы атап өткендей, бірнеше жылдар бойы қуғын-сүргін тақырыбы өзектілігін жоймай келеді. «Өткен ғасырдың 90-жылдары архивтердің ашылуымен тарихшылар мен қоғамдастық өкілдеріне негізгі құжаттар белгілі бола бастады. Саяси репрессияға шығармашылық интеллигенцияның өкілдері ғана емес, қатардағы азаматтар да тартылды. Бұл қатарда байлар да, экономикалық белсенді азаматтар, яғни азамат соғысынан, революциядан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру міндеті тұрған қатардағы қоғам мүшелері де болды. Ал қазақ зиялылары сандық жағынан аз болды, дегенмен де олар зияткерлік тұрғыдан алғанда Кеңес Одағына үлкен қауіп төндірді. Бұл мәселені тарихшылар зерттеп қана қоймай, оны жариялау жағына мән беру керек», деген тарихшы осы орайда жаңа мемориалдық мәдениет қалыптасуы керектігін алға тартты.
Ал бүгінгі қоғам, жастар жағының Алаш арыстары жайындағы білімі мен білігі қандай? Осы тақырып төңірегінде ой қозғаған тарихи тақырыптарда мақала жазып жүрген журналист, «Айқын» газетінің жауапты хатшысы Амангелді Құрметұлы өз зерттеулері негізіндегі деректерге сүйенді. Журналистің айтуынша, мектеп оқушылары оқу бағдарламасы төңірегінде жақсы біледі, алайда үлкен өмірге қадам басқандардың бұл тақырып жайында терең білетіні күмән туғызады. Осы тақырыпқа жүргізілген сауалнама нәтижесінде жастардың төрттен үш бөлігінің ашаршылық тақырыбынан бейхабар екені белгілі болған. Бұл жайттың себептері бір жағынан алғанда, жастардың әлеуметтік желіге көптеп назары ауып кеткендігімен де байланысты. Дегенмен де әлеуметтік желіде қазақ тіліне қарағанда, орыс тіліндегі контенттің мазмұндырақ екенін алға тартқан А.Құрметұлының айтуынша, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығының заманауи жастардың өміріне қаншалықты ықпал ететіндігі - әлі де зерттеуді қажет ететін тақырып. Ал Алаш арыстарының қазақ журналистикасындағы насихаты тұрғысында «Шалқар» радиосының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, «Мәңгі жас - Алаш идеясы» кітабының авторы Болатбек Төлепберген баяндама жасады.
Бұл тақырып жылда 31 мамыр кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде көрініс береді. Дегенмен де Алматы маңындағы Жаңалық ауылы, «Алжир» кешені, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары сияқты мазмұнды тақырыптардың жетіспеушілігі байқалады. Тақырыпты тереңірек насихаттау үшін телеарналардағы өнімдерге көбірек көңіл бөлу қажет. Жастар арасында насихаттау үшін мектептердегі оқу материалдары аздық етеді. Ол үшін электронды материалдар, саяси репрессия құрбандары жайында фотоальбомдар шығарудың маңызы зор.
Репрессия салдарын зерттеудің өзекті мәселелерін бір ғана жиын төңірегінде айтып тауысу мүмкін емес. Оның түп-төркіні, салдары, тарих сахнасындағы саяси маңызы мамандар атап өткендей, өзіндік методология аясында жүзеге асатыны анық. Ал өскелең ұрпақтың халқымыздың өткен тарихын біліп өсуі - қоғамдық-саяси өмірден бөліп-жарып қарауға болмайтын келелі мәселе.
02.06.2021 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |