Main /
Mass media about us
18.06.2021 Университеттеріміз - үздіктер қатарында
QS WUR (Quacquarelli Symonds World University Rankings) халықаралық академиялық рейтингі - әлемдегі ең беделді рейтингтердің бірі. Дүние жүзіндегі университеттерге жыл сайын баға беріп, түрлі санаттар бойынша көрсеткіш нәтижелерін жариялап отырады. Сол QS WUR рейтингтің биылғы тізіміне 14 қазақстандық ЖОО енді. Оның кейбірі бұрынғы орнын сақтап қалса, енді бірі жоғарылаған. Айталық Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кезекті рет 175-орынға тұрақтап, әлемдегі 200 үздік университеттің қатарынан көрінді. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 90 позицияға көтеріліп 328-орынды, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 482-орынды иеленіп, үздік 500 оқу орнының тізіміне енді. Сонымен қатар рейтингке Satbayev University, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті кірді.
- Рейтинг тарихына көз жүгіртсек, биыл оның құрамына қазақстандық жоғары оқу орындарының рекордтық саны кірді. Рейтингке енгізілген 14 жоғары оқу орнының жетеуі соңғы жылы өз позицияларын жақсарта түсті. Бұл қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі танымалдылығының арта түскенін көрсетеді, - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, жоғары оқу орындарының позицияларын есептеу кезінде рейтингте академиялық топтар мен жұмыс беруші ұйым өкілдерінен жиналған сауалдамалардың нәтижелері, сондай-ақ 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңдегі 14,7 млн жарияланым ескерілген. Әлемдік рейтингтерде ілгерілеу - қазақстандық білім беру сапасының одан әрі жақсара түсуінің және университеттердің жоғары мәртебесінің дәлелі.
Былтыр 601-650 орында болған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті биыл 50 орынға көтеріліп, 551-560 қатарға тұрақтады. Аталған оқу орнының жақында тағайындалған ректоры Дархан Біләлов жұмыспен қамтылған түлектердің үлесі жоғары нәтиже көрсетуге септігін тигізгенін айтты.
- Мұндай жоғары рейтингке біздің университеттің академиялық ортадағы беделі, сондай-ақ табысты жұмыспен (95%) қамтылған түлектеріміздің ұлт тәрбиесі мен біліміне үлес қосуы әсер етті. Біз негізгі жұмыс берушілерімізбен белсенді қарым-қатынас орнатып отырмыз. Университеттің халықаралық деңгейге көтерілуі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бұрынғы басшысы Такир Балықбаевтың бастамалары мен қолдауының нәтижесі екенін атап өткен жөн. Абай университетінің отандық және әлемдік деңгейде дамуына оқытушылар мен ғалым-зерттеушілердің қосқан үлесі де ерекше. Бұған білім беру саласындағы ұлттық және халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштердің тұрақты өсуі дәлел бола алады. Түптеп келгенде, бұл - ұжым жүргізіп отырған жемісті жұмыстың сенімді көрсеткіші, - дейді ректор.
Қоса кетейік, рейтингті шығаруда QS сарапшылары әлемнің 93 елінен 1 673-тен аса университеттің деректерін талдады. Рейтингке 1 300 жоғары оқу орны кірді. Бұл рейтинг 14,7 млн-нан асатын ғылыми жарияланымға талдау жасау, 96 млн-нан көп дәйексөзді ескеру, 450 мыңнан аса жұмыс беруші мен академиялық қоғамдастықтың 2 млн өкілінен сауалдама алу арқылы жасалды.
18.06.2021 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|