Main /
Mass media about us
21.06.2021 Форумда сарапшылар цифрландырудың құқықтық қырларын талқылады
2021 жылдың 18 маусымында «Цифрландыру дәуіріндегі құқық» атты IV Қазақстан-француз форумы өтті.
Форумның Алматы қаласында орналасқан Сорбонна-Қазақстан институтының базасындағы модераторлық орталығында онлайн-форматта өтуі оған түрлі елдерден көптеген сарапшылардың қатысуына мүмкіндік берді. Ол елдер - Қазақстан, Франция, Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан және Өзбекстан.
Форумның күн тәртібіне конституциялық құқық институттары, әкімшілік құқық, криптовалюта айналымы және жасанды интеллект технологиясы мен сот жүйесіндегі блокчейнді қолдану саласындағы заңнама мәселелері енгізілді.
Сарапшылар алаңқайына Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Атқарушы директорының орынбасары, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының Қазақстан Республикасы атынан мүшесі, АХҚО Құқық академиясы Академиялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов модератор болды.
«Цифрлық технологияны мемлекеттік жүйе мен қоғамдық өмірге белсенді түрде енгізу, әсіресе, пандемия кезінде байқалды.Енді біз карантин кезінде омір салаларының басым бөлігіне шектеулер енгізілгенде,көпшіліктің жаңа технологияларды пайдалану арқылы жұмысын жалғастыра алғанына куә болып отырмыз. Бұл жерде цифрландыру жәй бүкіәлемдік трендке ғана емес, дұрыс өмір сүру үшін қажеттілікке айналды. Десе де, елімізде цифрландыру мен диджитализацияны дамыту идеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екенін айта кеткен жөн.Осы мәселе бойынша негізгі шешімдерді Елбасының өзі қабылдады.
Бұл бағытты ары қарай дамытқаннан кейін ол саясат, экономика, денсаулық сақтау, білім беру сияқты көптеген салаларда көрініс тапты. Сондай-ақ, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан «еститін мемлекет» тұжырымдамасы да мемлекеттік жүйені цифрландыру курсын қалыптастырудың арқасында мүмкін болып отыр», - деді Форумды ашқан спикер.
Модератор, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Тұңғыш Президент - Елбасы идеяларын жүзеге асыра отырып, жастар арасында бағдарламаландыру, робототехника және инновацияларды дамытуға қатысты үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Қордың дарынды бағдарламашылар мен робот құрастырушыларды анықтау мақсатындағы ірі жобаларының арасында мыналар бар: Робототехника бойынша студенттер арасындағы «Robocon» чемпионаты, «KazRoboProject» ғылыми-техникалық жобалар байқауы.
Қатысушылардың айтуынша, Форумның өзектілігі айқын болып тұр. Бүгінде экономикада, мемлекеттік және саяси өмірде болып жатқан процестер цифрландырудың дамуымен тығыз байланысты. Бұл жерде түрлі елдердің тәжірибесі Қазақстан мен Франция заң шығарушыларына цифрландырудың құқықтық қырларын тереңірек қарастыруға көмектеседі.
«Қазіргі жағдайда құқық - экономиканы, менеджментті және әлеуметтік өмірдің басқа да салаларын цифрландыруды қамтамасыз ететін құрал. Құрал ғана емес, сонымен қатар ол әсер ету нысанына айналады. Соның нәтижесінде оның формасы, мазмұны және әсер ету механизмі өзгереді. Конституцияның мемлекеттің басты заңы ретінде цифрлық өркениет жағдайында ескерілуі қажет негізгі қағидаларды айқындайтынын түсіну қажет. Ақпараттық технологиялар ең алдымен адамның конституциялық құқықтарын іске асырудың тиімділігін арттыруға қызмет етуі керек», - деді Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат МәмиФорумдағы құттықтау сөзінде.
Форумға қатысушылардың құрамы мықты болғанын айта кетейік. Онда Қазақстан тарапынан Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов, Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасы Денис Шипп, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Әділет министрі Марат Бекетаев, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыштық өнеркәсіп министрі Бағдат Мусин, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Дархан Біләлов, Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова, Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы Талғат Сәрсенбаев және басқалар болды.
Ал шетелдік сарапшылар арасында Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье Канесс, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының вице-президенті Клэр Бази-Малори, Франция сенаторы Кристоф-Андрэ Фраса, Франция Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің басшысы Шарль Дюшон, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқық институтының директоры Талия Хабриева және басқалар болды.
«Бұл форум басқа артықшылықтарымен қатар, заң тәжірибесінің жаңа негізгі және қолданбалы білім тарататын беделді арнаға айналуда. Бұл таңдалған тақырыптың өзектілігі арқылы расталып отыр. Қазіргі ғылыми зерттеулер көбіне цифрландыру үдерісімен анықталады. Ол іс жүзінде құқықтық доктринаның негізгі өзегі болып саналады және объективті түрде заңды рәсімдеуді қажет ететін өте ерекше әлеуметтік тәжірибелерді қалыптастырады», - деді Ресей ғылым академиясының вице-президенті, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының Ресей Федерациясынан мүшесі Талия Хабриева.
Форум шеңберінде қоғамды цифрландыру жағдайындағы конституциялық және әкімшілік құқық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте цифрлық технологияларды қолдану, полиция қызметіне цифрландырудың әсері туралы сессиялар өткізілді.
Ұйымдастырушылар «Цифрландыру дәуіріндегі құқық» форумының Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Сорбонна-Қазақстан институты жүзеге асырып жатқан «Құқықтық диалогтар» жобасы шеңберінде өткізілгенін, ал осы жобаның құқықтануышы ғалымдар мен практик заңгерлер арасында тәжірибе алмасатын, әлемдік тәжірибеге сүйенген жаңа заң жобаларын әзірлеуге негіз бола алатын тұрақты алаңқайға айналғанын атап өтті.
21.06.2021 ж. Ақпарат көзі: ktk.kz |