қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
23.06.2021

Рухани құндылықтар - ұлт байлығы

 


 

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. «Бұл қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабамыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл - көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдардан өтіп келеміз», - деген еді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында.


Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында мемлекетіміздің іргетасын қалау, оның рәміздерін белгілеу, билік жүйесін қалыптастыру, ұлттық валютаны енгізу, қарулы күштерімізді қалыптастыру, шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату міндеттері жүзеге асырылды. Арқа төсінде жаңа Елордамызды салдық. Қысқасы, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалау үшін барлық мүмкіндік қарастырылды. Кейінгі онжылдықтарда экономикалық әлеуетіміз нығайды, қазақстан бүкіл әлемге танылды. «Қазақстан - 2030» Стратегиясын ойдағыдай орындап, «Қазақстан - 2050» стратегиялық жоспарын жүзеге асыру үстіндеміз.

 

Еліміздің кезең-кезеңге арналған индустриялық -инновациялық жоспары бойынша еліміздің өңірлерінде жүздеген жаңа кәсіпорындар ашылды. Ал енді Тәуелсіздіктің 30 жылында мәдени-рухани салаларымызда қол жеткен табыстар да ұшан-теңіз. Білім-ғылым жүйесі түбегейлі жаңарды. Ондаған жаңа университеттер ашылды. Назарбаев Университеті әлемдік деңгейдегі университеттердің қатарына енді. Назарбаев зияткерлік мектептер жүйесі жоғары және орта білім берудің оқу әдістемелік орталығына айналды.

 

Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1994 жылдан бері 15 мыңға тарта Қазақстандық жастар әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып, бүгінде халық шаруашылығының әр саласында абыроймен еңбек етуде. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1800-ден астам жаңа мектеп, 2000-нан аса балабақша салынып, ел игілігіне берілді. Бүгінде қазақстандық білім жүйесі әлемдік кеңістіктен өз орынын айқындауда.

 

Алғашқы онжылдықта «Тарих толқынында» деп аталатын тарихи-танымдық кітап жазып, ғылыми зерттеудің бағыт-бағдарын көрсетіп берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көптеген құнды тарихи дүниелер өмірге келді. Осы кезде жарияланған «Тарих жылы» аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы мәдени-рухани құндылықтарымызды одан әрі дамытуға жол ашты. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында ғасырлар қаптарында қалып қойған мыңдаған тарихи деректер мен археологиялық қазыналар табылып, тіркеуге және мемлекеттік қорғауға алынды.

 

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында том-том еңбектер жарыққа шықты. Тәуелсіздік жылдарында мәдениет, өнер саласында да көптеген игілікті істер атқарылды. Әлемдік талғаммен салынған «Астана-опера» театрының сәулеті көз қарықтырады. Театрлар мен филармониялар жаңа сипатқа ие болды. Кітапханалар қалпына келтірілді. Өнер мектептері мен музыкалық оқу орындары желісі кеңейді. «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты көптеген деректі және көркем фильмдер түсірілді.

 

Әдебиетте бұрынғы кеңестік социалистік реализмнің орнына постмодернистік бағыт өріс алды. Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде осы оқу орнының Филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алуа Таңжарықованың ұйымдастыруымен «Қазақстанның тәуелсіздігі және рухани-мәдени құндылықтар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып, онда тәуелсіздік жылдары еліміздің мәдени-рухани саладағы қол жеткен жетістіктеріміз бен орын алған олқылықтарымыз жан-жақты талқыланды.


Конференцияға филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Алуа Таңжарықова модераторлық етті. Жиынды ашқан университет ректоры Дархан Білялов күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталды. Ол, негізінен, бүгінде әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылып отырған отандық білім беру саласындағы қол жеткен жетістіктер мен жаңа үдерістерге тоқталды.

 

Қазақтың көрнекті ақыны, белгілі саясаткер, Қазақстанның Еңбек Ері, ЮНЕСКО-ның «Мәдениеттерді жақындастыру» орталығының директоры Олжас Омарұлы Сүйлейменов Тәуелсіздіктің 30 жылы еліміз үшін үлкен тарихи кезең болғанын атап көрсетті. - Бірақ бұған дейінгі тарихымыз Ресей империясының солақай саясатына байланысты бұрмаланып келді. Ал өзімізде ол замандарда жылнамашы болмағандықтан, көп нәрсені дәлелдей алмай қалдық. Сондықтан зор мүмкіндік туып тұрған қазіргі таңда тарихымызды түгендеуіміз керек, - деді Олжас Сүлейменов.


Сондай-ақ ол «Семей-Невада» антиядролық қозғалысының арқасында қасиетті Семей жеріндегі ядролық сынақтар тоқтатылып, полигонның жабылуы да Тәуілсіздік тарихының жарқын беттері болып табылатынын айтты. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ұшқыш Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров Олжас Сүлейменовтың ойларын жалғастыра келе, Қазақ қазақ болғалы 1000 жылдан асты, Тарихы түзу елдің еңсесі де биік болады, - деді.

 

ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Мұрат Жұрынов та қазақ тарихына байланысты көптеген мағыналы сөздер айтты. Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов ел тәуелсіздігі жылдарындағы Қазақстанның халықаралық қатынастардағы табыстары туралы әңгімеледі. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің даму тендецияларына тоқталды.

 

Бұл жылдары көптеген тарихи романдар, жаңа заман тынысын сездіретін жаңа тұрпатты әдеби шығармалар туды. Қ.Тыныстанов атындағы Ыстықкөл мемлекеттік университетінің ректоры Асқар Иманбаев, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының арнайы жобалар қызметінің басшысы Ерсұлтан Бектұрғанов, Монғолия-Қазақстан достығы және ынтымақтастық одағының төрағасы, Монғолия парламентінің экс-депутаты Бәкей Ағыпарұлы, Қазақстандағы Корея Республикасы елшілігі жанындағы Білім беру орталығының директоры Ким Тэхван сөз сөйледі.

 

Еуразия экономикалық комиссиясының Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқа мүшесі, Мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансуров, Халықаралық «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, «Болашақ» стипендиясының иегері Еділбай Оспанов Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы елдің мәнеди-рухани дамуының айтулы кезеңі болғанын атап көрсетті. Жиынға қатысушылар Тәуелсіздік мерейтойына байланысты осындай ауқымды да абыройлы іс-шара өткізгендері үшін университет ректоры Дархан Білялов пен филология және көптілді білім беру институтының директоры Алуа Таңжарықоваға алғыс айтты.

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

23.06.2021 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz