Main /
Mass media about us
10.08.2021 Абай күніне арналды
Үкіметіміздің 10 тамызды Абай күні деп жариялау, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға бұл жөнінде тиісті толықтырулар енгізу туралы 2020 жылғы Қаулысына байланысты 10 тамыз былтырдан бері Абай күні ретінде мерекелене бастады. Бұл мерекенің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы үшін де маңызы зор.
Бұл күні университеттің бүкіл ұжымы өз жұмыстарын Басқарма Төрағасы-Ректор Дархан Нұрланұлы Біляловтың бастауымен хакім Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Осы күні университетте Абай күніне арналған «Абай және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында халықаралық онлайн дөңгелек үстел өткізілді. Жиынды ашқан университет ректоры Дархан Нұрланұлы Білялов университетте Абай тағылымдары қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы баяндады.
1930 жылдан бастап осы оқу орнында ұстаздық еткен заңғар жазушы М.Әуезов те Абай туралы зерттеулерінен дәрістер оқи бастады. Сол жылдары профессор Қ.Жұбановтың бастамасымен оқу орнында Абай кабинеті ашылып, алғашқы зерттеулерін жүргізуді қолға алды. Абайтанушы ғалымдардың бір шоғыры осы қарашаңырақта білім алды.
Абайтанудың жаңа кезеңі біздің университетте еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде басталды. 2008 жылы мұнда белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов басқаратын «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, кейін ол «Хакім Абай» орталығына айналды. Бұл жерде көптеген зерттеулер жүргізіліп, бірнеше монографиялар, жүздеген мақалалар, студенттерге арналған «Абайтану» оқулықтары дүниеге келді. Осы орталықтың бастамасымен Жапонияда Абай өлеңдерін дыбыстап оқитын «сөйлейтін кітап» жарық көрді. Бізде бірнеше жылдан бері «Абайтану» пәні оқытылып келеді. Арнайы оқулық жазылды.
Университетте студенттердің Абайдың өмірі мен шығармашылығына қызығушылығын арттыру үшін «Абайтану» музей-кабинеті ашылды. Бұл музей-кабинет бүгінгі күні бүкіл Алматы қаласы оқу орындары студенттерінің және мектеп оқушыларының тәлім алатын музейіне айналды. Біздің университетте студенттердің Республикалық «Абай әлемі» фестивалін өткізу игі дәстүрге айналды. Әр оқу жылының басында жаңа қабылданған студенттермен «Абай айтады» акциясын өткізіп келеміз.
2020 жылы Абайдың 175 жылдығына байланысты университеттің абайтанушылары дайындаған бірнеше жаңалығы мол ғылыми-көпшілік, танымдық кітаптар жарық көрді. Бүгінде Абай мұраларын зерттеу, насихаттау, студенттерді Абайдың «Толық адам» іліміне тәрбиелеу белсенді жүргізілуде, - ректор Д.Білялов
«Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, доцент Жабал Шойынбет ұлы тұлғаның адамзат руханиятына қосқан зор үлесі туралы қызғылықты етіп баяндап берді. Университеттің Стратегия-цифрландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Ақтолқын Құлсариева шетелдерде ашылған Абай орталықтарының жұмысына тоқталды. Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Балтабай Әбдіғазиұлы Абайдың өміршең мұралары туралы өз ойларын ортаға салды. Мәскеу педагогикалық университетінің білім беруді цифрландыру институты директорының орынбасары Алексей Владимирович Юдин орыс-қазақ мәдениетін байланыстырудағы Абай өсиеттерінің маңызы туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісті.
Дөңгелек үстел барысында Абай университетінде оқитын шетелдік студенттер орындағын Абай әндерінің бейне жазбасы көрсетілді. Сондай-ақ Слупск қаласындағы Помор академиясында ашылған Абай атындағы қазақ мәдениеті мен ғылым орталығының тыныс-тіршілігі туралы бейне ролик көрсетілді.
Шетелдерде Абай орталықтарын ашуға тікелей араласып, осы күнге дейін олармен байланыс жасап келе жатқан Шетел азаматтарына арналған филологиялық мамандықтар кафедрасының меңгерушісі, профессор Сәуле Бегалиева жиынға қатысушыларды Абай күнімен құттықтады.
Авторы: Мырзахан Ахметов, Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы 10.08.2021 ж. Ақпарат көзі: dalanews.kz
|