АҚЫН ОРАЗАЛЫ ДОСБОСЫНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН
«ҚҰЛМАМБЕТТІҢ ҚҰЛЫНЫ» АТТЫ КЕШІ ӨТТІ
2016 жылдың 15 қарашасы күні Тәрбие басқармасы, Филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасы және «Жас Қалам» әдеби-мәдени клубының белсенділерінің бірлесе ұйымдастыруымен дарынды айтыскер ақын Оразалы Досбосыновты еске алу кеші өтті. Кешті талант иесінің ұстазы, Филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы ашты.
Айта кету керек, Оразалы Досбосынов аядай ауылдатуып өсіп, суырып салмалық ақындық дарынымен өнер сүйер қауымды тәнті еткен тұлға. Аққан жұлдыздай өте шықан қысқа ғұмырында ақтаңгер ақынның өмiрiнiң соңында өлмейтiн, өшпейтiн айтыстары, жазба өлеңдерi, толғаулары қалды. Қазақ айтыс өнерінде өзіндік орны бар ақынның еске алу кешіне замандастары, бірге оқыған курстастары, шәкірттері құрметті қонақтар қатарында болды. Атап айтар болсақ, Оразалы Досбосыновтың рухани шәкірті, белді журналист Жарас Сәрсек, ізбасары, дарынды шәкірті, ақын, сегіз қырлы - бір сырлы жігіт Болатбек Мейірбекұлы, ақынның төл шәкірті, дарын иесі Ернат Ысқақ, сазгер Айтмұрат Төреғали сынды тұлғалар болды. Кеш сыр-сұхбат түрінде өтті.
Ауыл қарттарынан халық әндері мен қисса дастандарын тыңдап, Мұқағали жырларын бала жастан бойына сіңіріп өскен ақтаңгер ақын мектепте жүргенінен бастап республикалық ақындар айтысына қатысып, жастайынанкөпшілік қауымға танылды. Бұны Оразалының көзі тірісінде рухани әкесіне айналған жан, ағасы, «Үркер» қоғамдық-саяси журналының редактор орынбасары Жарас Сәрсек мырза сағына еске алды.
Жас болса да ұстаз бола білген ақынның төл шәкірттері Болатбек Мейірбекұлы мен Ернат Ысқақ да залға жиналған жастарға өткен күндердегі небір дүл-дүл айтыстарда Оразалы ағаларының жетекшілігімен топ жарғандары туралы, қызықты да тағылымы мол естелікте айтты.
Сыр-сұхбаттан кейін кеш қонақтарына арнайы «Бізде студент болғанбыз» атты сергіту сәті ұйымдастырылып, артынша айтыскер ақын Болатбек Мейірбекұлы мен университетіміздің жас ақыны арасында айтыс өткізілді.
Айтыс өнерінде өзіндік орны бар Болатбек көрермендер алдында еркіндік танытса, сөзге шешен жас Қазыбек теқалыс қалған жоқ. Әзілі мен шындығы аралас, аға мен іні боп жарасы¬мды жұп құраған ақындарға көрермендер қошемет көрсетіп, ризашылығын білдірді.
Сазгер әрі композитор Айтмұрат Төреғалидың орындауындағы домбырамен шырқалған күй кештің көркін әсемдей түсті. Сонымен қатар, сері ақынды замандастары, курстастары атынан емірене еске алған Шынар Бектұрғанова от ауызды, орақ тілді ақынның өзі шығарған өлеңдерінен үзінділер оқып, домбырамен ән шырқап, жұрт көңілінен шыға білді.
Сөз кезегін алған университетіміздің қызметкерлер кәсіподағы ұйымының төрағасы Болатбек Нұрбатыров Оразалының студенттік шағынан естеліктер айтып, кеш қонақтарына университет басшылығы атынан арнайы сыйлықтар табыстады.
Қорытынды сөз алған Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі басқарма бастығыныңорынбасары Қазына Бекбенбетова «Құлмамбеттің құлыны» атты еске алу кешін Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізіліп жатқан шара екендігін алға тартты. Жақсының атты өшпес дегендей біртуар ақынның дүниеден озғанына 10 жылдан астам уақыт өтсе де, оның есімі ел есінде. Қазақ халқы ешқашан аяулыларын ұмытқан емес. Осы қағиданы ұстана отырып, қара шаңырақта жыл сайын Оразалының құрметіне бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылып келетіндігін және сол игі дәстүрдің жалғасы ретіндегі бұл еске алу кешін ұйымдастыруға қолдау көрсеткен университет басшылығы мен кеш қонақтарына ерекше алғысын білдірді. Ақынның артынан қалған тұяғы Нұрсұлтанға университет жастары атынан кештен естелік ретінде сыйлық табыстады.
Осылайша, азғантай ғұмырында қазақ айтыс өнеріне жаңа тыныс, жаңа өрнек қосып, халқымыздың ұлттық рухани өзегіне дем беріп кеткен қазақтың ұлы презенті - Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған кеш жастарға ерекше әсер қалдырды.
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясаты жөніндегі басқармасы