қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
01.10.2021

Оқырманға онлайн кітапхана да оңтайлы

 



Әлемді дүр сілкіндіріп, жер-жаһанға орасан зор қауіп төндірген пандемиямен күрес жалғасып жатқан уақытта, коронавирус індетінің салдарынан бүкіл дүние жүзіндегі білім беру мекемелері қашықтан оқытуға көшті.


Осыған орай ғасырға жуық тарихы бар қазақ білімнің қасиетті қара шаңырағы - Абайатындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасы университеттің негізгі құрамдас бөлігі, бай кітап қоры бар, заманауи үрдіспен дамып, оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір рөлін қалтықсыз атқарып келе жатқан руханият ордасы да еш кідірместен, жұмыс жоспарларын жаңартып, өз оқырмандарымен тығыз байланысын қашықтан онлайн түрінде жалғастыруда.


Жалпы кітапханада әр ғылым саласы бойынша оқулықтар, монографиялар, көркем әдебиеттердің тамаша үлгілері, ХVII-ХIХ ғасырларда жарық көрген сирек кездесетін әдебиеттер жинақталған.


Ғылыми кітапхананың кітап қоры 1 744 007дана: оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми және көркем әдебиеттер, журналдар, диссертациялар, электрондық оқулықтардан тұрады. Оқу, оқу-әдістемелік әдебиеттер - 1 144 602 , ғылыми әдебиеттер - 436 274, көркем әдебиеттер - 163 131.


Жыл сайын кітапхана қоры толықтырылуда,өткен оқу жылында кітапхана қоры 719 атаудағы 27 203 дана әдебиетпен толықтырылды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында111 атаудағы, 19 532 дана әдебиет алынды. (Бұл әдебиеттердің толық электрондық нұсқасы жасалып, электрондық кітапханаға жүктелген.)


Университеттегі ұйымдастырылған қашықтықтан оқыту оқу жылы бойы жалғасып, оқыту бағдарламасы жоспарға сай орындалып келеді.


Қазіргі таңда ғылыми кітапхана J-ИРБИС жаңартылған кітапханалық бағдарламасымен жұмыс істейді.


Электрондық кітапхана пайдаланушылары Интернет желісі арқылы кітапханамыздың электрондық каталогын, толық мәтінді электрондық ресурстар қорын, толық мәтінді ғылыми журналдар архивін, мерзімді басылымдарға жарияланған ғылыми мақалалардың қорын пайдалана алады (www.library.kaznpu.kz). Сонымен қатар оқырмандарға сыртқы электрондық ресурстарға: Қазақстан Ұлттық электрондық кітапханасының мәліметтер қоры (ҚазҰЭК) www.kazneb.kz, Республикалық жоғары оқу орындары аралық электрондық кітапхана (РЖЭК) www.rmeb.kz, Elzevier компаниясының Scopus реферативтік мәліметтер қоры, Полпред.com.: www.polpred.com, ЭКЖ «IPRвооks»,Wiley Onlain Library баспасын www.onlinelibrary.wiley.com, OxfordUniversityPress www.Universitypressscholarship.com, қазақстандық электрондық кітапхана «Эпиграф», «ЛантарТрейд» мәліметтер қорына қолжетімділік ұсынылуда.


Электрондық кітапханамыздатүрлі атаулы күндерге арналған виртуалды көрмелер, кітапханаға түскен жаңа басылымдардың виртуалды көрмесі жүктелген.


Кітапханада оқу әдебиеттерін, сирек кездесетін әдебиеттерді, құнды әдеби жәдігерлерді, мерзімді басылымдарды цифрландыру жұмысы жалғасуда. 2020-2021 оқу жылында әр түрлі ғылыми бағыттар бойынша 1 260 әдебиет цифрландырылды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясындакеліп түскен 111 атаудағы әдебиеттің толық электрондық нұсқасасы жасалып, электрондық кітапханаға жүктелген. Қазіргі уақытта кітап қорының барлық атауының 10%-ы цифрландырылған. Мамандар құжаттарды тапсырыспен электронды жеткізу қызметін, ғылыми мақалаларға ОӘЖ (ондық әмбебап жіктелім) индексін қою қызметі атқарып жатыр.


Түрлі ғылым салалары бойынша отандық және шетелдік ғылыми 45 атаудағы журналдардың соңғы бес жылдық мұрағатының толық электрондық нұсқасын да біздің электрондық кітапханада оқуға болады. Күнделікті отандық газет беттерінде жарияланатын қоғамдағы түрлі өткір мәселелерге арналған үздік мақалалардың толық мәтіні, күнделікті цифрланып, электрондық кітапханаға жүктелуде. Бұл оқырманның уақытын жоғалтпай бірден біздің электрондық кітапханадан өзіне қажетті газет мақалаларын оқып,танысуы мақсатында жасалуда.


Бұрын кітапханаға тіркелмеген оқырмандар қашықтан кітапхана сайты арқылы онлайн тіркеліп, электрондық кітапхананы пайдалана алады. Осылайша жаңа форматта ұйымдастырылған ғылыми кітапхана ісі арқасында электрондық кітапхананы қашықтықтан пайдаланушылар саны артты. Кітапхана пайдаланушылары өздеріне қажет құжаттардың электрондық нұсқасын электрондық пошта, әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс жасап, ала алады.


Ғылымның барлық саласынан хабардар кітапхана мамандарының университетте ұйымдастырылған әр түрлі форматтағы онлайн-конференция, вебинарларға ақпараттық-кітапханалық сабақтар өткізуі дәстүрге айналған. Facebook, Instagram сынды әлеуметтік желілерге тіркелген парақашаларға ақпараттар үнемі жүктеліп, оны пайдаланушылар саны өсуде.


Жалпы жоғары оқу орнында оқу процесі қандай технологиялармен жүзеге асырылса да, кітапхана университеттің басты зертханасы болған және солай болып қала береді. Ақпараттың негізгі бөлігі кітапханада шоғырланғандықтан, түрлі оқу кейстерін қалыптастыру кітапханасыз мүмкін емес. Қазіргі жағдайда, студенттерге өзіндік жұмысына көп уақыт бөлінген кезде, кітапхананың маңызы айтарлықтай артуда.


Қоғамда онлайн кітапхана, электрондық кітапхана десе сенімсіздікпен қарайтындар әлі де баршылық. Классикалық дәстүрлі үлгідегі кітаптар ешқашан өмірімізден алыстамасы анық. Сол сияқты классикалық оқу жүйесі, қолданылу аясы кең алдыңғы басымдылықтағы оқыту жүйесі екені мәлім. Алайда қашықтан оқыту жүйесі де қазіргі ақпараттандыру мен автоматтандыру кезеңінде заман ағымына сай жүйе болып табылады. Осыған сай ақпараттар технологиясының заманы мүлдем өзгеше, талаптары да күнде өзгеруде. Электрондық кітапханаға жүгіну - уақытты ұтымды пайдалану, қашықтықтан пайдалану қажеттілігінен туып отыр.


Кітапханамыздың қызметкерлері де оқырмандардан қол үзбей қызметтерін жалғастырумен қатар, кітапхана ісі бойынша білімдерін жетілдіріп келеді. Онлайн-вебинарланына қатысып үнемі біліктіліктерін арттырып отырады. Осылайша кітапхана қызметкерлері онлайн-қызмет көрсету арқылы білікті де, білімді маман екендіктерін, кез-келген форматта жұмыс істей алатындықтарын көрсетті.

 


Автор: Нұргүл Имансыдықова, Абай атындағы ҚазҰПУ Ғылыми
кітапханасының директоры

 

01.10.2021ж.
Ақпарат көзі: turkystan.kz