қазақша · русский · english
   
  Main  News
17.11.2021

Абай университетінде Адамзаттың үйлесімді дамуы ұлттық институтының филиалы ашылды


2021 жылдың 16 қарашасында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Дархан Біләлов пен Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының президенті Елена Сакенова Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы құжат аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-да Алматы қаласы бойынша Адамзаттың үйлесімді дамуы ұлттық институтының филиалы ашылды.


Іс-шараға «Абай атындағы ҚазҰПУ» КеАҚ директорлар кеңесінің төрайымы Гүлмира Исимбаева, Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының бірінші вице-президенті Иса Самсаев және университеттің Педагогика және психология институтының өкілдері қатысты.


Меморандумның мақсаты - «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын әзірлеу және ілгерілету, ол келесі бағыттарды қамтиды: ғылыми-танымдық материалдармен, басылымдармен және академиялық ақпараттармен алмасу; сарапшылардың пікірін ескере отырып, рухани-адамгершілік білім беру саласындағы зерттеулер және олардың нәтижелерін тәжірибеге енгізу; бірлескен жобаларға қатысу; ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамытуға арналған гранттарға өтінімдерді дайындау; рухани-адамгершілік білім беру саласында әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды өткізу.


Бүгінде «Бөбек» ҰҒПББСО - ұлттық білім беру жүйесінің барлық деңгейінде рухани-адамгершілік құндылықтарын оқыту және тәрбиелеу бойынша «Өзін-өзі тану» бағдарламасын кешенді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыратын республикадағы жалғыз орталық.


«Абай атындағы ҚазҰПУ» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрайымы Гүлмира Исимбаева филиалдың ашылуы балаларымыз бен жастарымыздың тұлғалық дамуына, олардың қабілеттерін анықтауға және жоғары азаматтық ұстанымды қалыптастыруға қызмет ететінін атап өтті.


Дархан Біләлов ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, тұлғаның, әсіресе, жастардың дамуында өзін-өзі тану үлкен рөл атқаратынын, бұл студенттерді жаңа өмірге бейімдеудегі басты қадамдардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, өзін-өзі тану рухани өркендеуге, өскелең ұрпақтың мәдениеті мен адамгершілігін арттыруға ықпал етеді. «Адамгершілік-рухани құндылықтарды жаңғыртуға арналған «Өзін-өзі тану» танымдық жобасының авторы Сара Алпысқызы болашақ ұрпақ тәрбиесінде дұрыс бағыт-бағдар берді», - деді ректор.


Елена Сәкенованың айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыруда жетекші рөл ұстазға тиесілі. Сондықтан ҚазҰПУ еліміздің басты педагогикалық жоғары оқу орны ретінде Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының филиалы болып таңдалды. Аталған ұйым басшысы филиалға балабақша, гимназия және колледж базасында студенттердің педагогикалық практикасын өткізуге тұрақты түрде көмек көрсетіліп, қажетті оқу-әдістемелік оқу құралдарымен қамтамасыз етілетінін айтты.


Осылайша, Меморандум аясында Абай университетінде балалар мен жастардың қазақстандық қоғамда жан-жақты үйлесімді дамуына және табысты әлеуметтенуіне, өскелең ұрпақты шығармашылықтың әртүрлі түрлеріне тартуға ықпал ететін әлеуметтік-педагогикалық қолдау және жеке даму бағдарламалары іске асырылатын болады. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының негізі - адамгершілік-рухани тәрбие аспектісінде гуманитарлық-педагогикалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.


Бұл қазірдің өзінде еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындары жанындағы Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының тоғызыншы филиалы. Мұнда Алматы қаласының мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, конференцияларға, семинарлар мен байқауларға қатыса алады. Сонымен қатар, мұнда оқу бағдарламасы аясында педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімінің қосымша біліктілігін ала алады.