Main
News
27.01.2017 «Жас тұлпар» ізімен Қазақ даласы қай заманда да болмасын елім деп еңіреген, туған жерім деп қабырғасы қайысқан батырларға кенде болған емес. Арыға бармай-ақ ХХ ғасырдың өзін алып қарар болсақ, ұлтым деп өзегі талған қазақ зиялыларының легін қалай ұмытамыз?! Елімізде осындай ардақты ұлдарын құрметтеп, олардың жанқияр ерліктерін ұрпақ санасына сіңіру мақсатында түрлі танымдық іс-шаралар, көптеген тәрбиелік мәні бар конференциялар ұйымдастырылып келеді. Қазақ білімінің қарашаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, осы оқу орнының Педагогика және психология институты мен М.Ғабдулин атындағы «Тұлғатану» орталығының ұйымдастыруымен «Жас Тұлпар» ізімен» тақырыбында өткен тарихи-танымдық дәріс осы игілікті істердің бірі. Аталған дәріске мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, ҚР Құрметті энергетигі Алтай Қадыржанов, белгілі тарихшы-ғалым Марат Сембі, психология ғылымдарының докторы, академик Жамиля Намазбаева шақырылды. Себебі олар өткен ғасырдың ортасында «Қызыл империяның» қылышынан қан тамып тұрған қиын кездің өзінде Мәскеуде «Жас Тұлпар» ұйымын құрған аға ұрпақтың өкілдері болатын. Басқосуда сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов «Жас тұлпар» ұйымының қызметінен сөз бастады. Сонау 60-шы жылдары Кеңес одағының астанасы Мәскеуде және Ресейдің әр жерінде оқитын қазақ жастары ұмытылып бара жатқан қазақ мәдениеті мен дәстүрін жаңғырту, сонымен қатар қазақ тілінің жұтылып кетпеуіне күш салу мақсатында жүрегі қазақ деп соғатын жастардың басын біріктіріп «Жас тұлпар» ұйымын құрған еді. Бұл ұйым ата-бабаларымыздың тілі мен мәдениетін ғана сөз етіп қоймай, кезінде «халық жауы» деген жалған жаламен атылып кеткен ұлтымыздың зиялылары, Алаш арыстарының шығармаларын да өзара талдап, Ресей жерінде қазақ тілді орта қалыптастыра білді. 1973 жылы Алматыда өткен Азия мен Африка елдері жазушылары конференциясында бұл ұйымның мүшелері оның жұмысына барынша атсалысты. Ондағы мақсат тек әдеби байланыстарды нығайтып қана қоймай, осы аймақтағы отаршылдық езгіге қарсы күрескен Азия мен Африка елдері жазушыларының тәжірибесімен бөлісу болды. Бұл ұйым Ресей жерінде ғана емес, сонымен қатар қазақ даласында да кеңінен тарап, қазақ жастарының ұлт ретінде оянуына түрткі болды. Олай дейтініміз, кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, «Невада-Семей» қозғалысы осы ұйымнан бастау алғаны сөзсіз. Бұл бір кездері Сталин тамырына балта шапқан «Алашорда» зиялыларын қайта тірілткендей оқиға болғаны ақиқат. Осындай оқиғаларды кезең-кезеңімен баяндап берген Мұрат ағамыз еліміздің тәуелсіздігі осындай жастардың күш-қайратының арқасында келгенін айтты. Дәріс барысында студенттер келген қонақтарға сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алып жатты. Бұл дәрістен қазақ даласында түрлі атаулармен құрылған ұйымдардың бәрінің ортақ мақсаты елді, жерді қорғау, отанды сүю, құрметтеу, қазақтың ұлт ретінде өмір сүруі үшін күресу болса, олардың басында жат жерде құрылған «Жас тұлпардың» жетекші рөл атқарғаны байқалды. Дәріс соңында ағаларымыз бен апаларымыз студент-жастарға баталарын беріп жатты. Институт басшылығы журда ғана құрастырған «Мәңгілік Ел» кітабын қонақтарға сыйға тартты.
Шоқан ҚҰТТЫБАЕВ, Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз орталығы.
|