Main /
Mass media about us
21.12.2021 Университеттегі ғылыми жұмыстардың маңызы
Университеттің ғылыми-кадрлық әлеуеті жылдан-жылға жоғарылап келеді. Соның бір дәлелі ретінде Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары профессор-оқытушыларының Бас рейтингісінің Топ-50 құрамына 2021 жылы біздің профессорларларымыз Ахметов Б.С., Бектұров Е.А., Косов В.Н., Бөрібаев Е.А., Хамзина Ж.А., Купчишин А.И. кіргенін айтсақ та жеткілікті. Бұл жылы профессор Бөрібаев Е.А. пен постдокторант Достілек Д. Мемлекеттік ғылыми стипендия иегерлері атанды. Elsivier-Scopus әлеуметтік ғылымдар саласындағы ҚР үздік зерттеушілері болып профессорлар Е.А. Бөрібаев және Ж.А. Хамзина танылды. Ұ.М. Әбдіғапбарова мен Л.Ш. Кәкімова 2021 жылғы ҚР «ЖОО үздік оқытушысы» атағына ие болды.
Университетімізде ғылыми-зерттеу жобалары кең көлемде жүзеге асырылуда. Биылдың өзінде жалпы сомасы 385, 3 миллион теңге көлемінде 48 жоба игерілді. Оның ішінде республикалық бюджеттен ҚР БҒМ гранттары бойынша 14 жоба (жалпы сомасы 208,8 млн теңге) орындалды. Осы жылы университеттің өз қаражаты есебінен жас ғалымдардың жобаларына (12 жоба) - 28,5 миллион теңге бөлінді. Сонымен бірге университет республикалық ғылыми ұйымдарымен бірлескен 8 жобаға 39 млн. теңге, оқу орнының ғылыми орталықтары мен зертханаларының 7 жобасына 28 млн. 865 мың теңге бөліп отыр.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен жемісті ынтымақтастық арқасында "Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері" тақырыбы бойынша мемлекеттік бюджеттік бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде біздің университет тарапынан "Үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес ТжКБ жүйесіндегі педагогикалық білім беруді трансформациялау бойынша зерттеу жүргізу және ұсынымдар әзірлеу" тақырыбында зерттеулер жүргізілуде.
Fairbank Center for Chinese Studies Harvard University, АҚШ Гарвард университетінің ғылыми қызметкері, PhD докторы Кенжеахмет Нұрлан «Орта Азиядағы ежелгі түркі дәуіріндегі топонимикалық мәліметтерді зерттеудің қазіргі әлемдік геоаяси жүйедегі тарихи-географиялық маңызы және аспектілері» жобасына жетекшілік етуде. Оқу орнымыздың 26 оқытушысы «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетімен (ЖЭМ, Мәскеу қ., РФ) бірге ЖЭМ ғалымдары ғылыми жетекшілері болып табылатын 5 халықаралық ғылыми жобаға қатысуда.
Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетімен, Мәскеу қалалық педагогикалық университетімен және В. Астафьев атындағы Краснояр мемлекеттік педагогикалық университетімен бірге «Қоғамды цифрландыру жағдайында оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуге педагогтарды даярлау жүйесін әзірлеу» ғылыми жобасы іске асырылуда. DAAD желісі бойынша FAU университетінің (Friedrich-Alexander-UniversitätErlangen-Nürnberg) білім берудегі көпқырлылық педагогикасы және халықаралық зерттеулер кафедрасының жобасы шеңберінде Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары "Педагогикалық кәсібилік және интернационалдандыру-посткеңестік білім беру мұсылман үдерісімен диалог" бірлескен жобасын орындауда.
Жапонияның Еджисато қоры саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасымен бірлесіп табысты "Азия коммуникациясы" жобасын қолға алып отыр. Жыл сайын Абай атындағы ҚазҰПУ-де профессор-зерттеуші және постдокторлық бағдарлама стипендиаты лауазымына университеттің өз қаражаты есебінен төленетін ашық конкурстар өткізу дәстүрге айналып отыр. Қазіргі кезде бізде 3 профессор-зерттеуші және 10 постдокторант еңбек етеді, оның ішінде 6 адам сыртқы білім және ғылым ұйымдарынан қабылданған. Биыл университеттің өз қаражаты есебінен жас ғалымдардың 12 жобасына 28, 5 млн. теңге бөлінді.
Педагогикалық университеттердің еуразиялық қауымдастығының «Оқытуды үйренеміз» байқауының жеңімпазы докторант И.В. Крупко 2021 жылы осы Қауымдастықтың «Алтын дәріс» халықаралық жобасы аясында «Мәдениет пен адамзат тарихындағы білім поэтикасы» тақырыбында дәріс оқыды. Жас ғалымдар - постдокторанттар Сабирова Д., Сейілхан А. және магистр Бекбенбетова Қ. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. 25-29 қазан аралығында Жас ғалымдар кеңесі «Жаратылыстану ғылымдары және пәндері: озық тәжірибелер мен технологияларға негізделген зерттеулер» тақырыбында докторанттардың республикалық шеберлік апталығын өткізді.
Педагогика және психология институты Бастауыш білім беру бағдарламалары бойынша кәсіптік даярлау бөлімінің «Бастауышта оқыту педагогикасы және әдістемесі» мамандығының 3 курс студенті Жарылқасынова Толқын Президенттік шәкіртақы иегері атанды. Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институты орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Айжан Нүсіпбекова «Жыл мұғалімі» (2021 ж.) құрметті атағы мен грантын жеңіп алды. Абай атындағы ҚазҰПУ докторантурасын бітірген ол кафедрада қосымша қызмет атқарады, оның негізгі жұмыс орны - жалпы білім беретін мектеп.
«7М01702 - Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 2 курс магистранты Меруерт Ізтілеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының «Үздік жас ғалым-2021» медалімен марапатталды. «7М01702 - Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 2 курс магистранты Жакенова Рабиға 2021 жылы Н.Ә. Назарбаев шәкіртақысының иегері атанды. PhD докторант Мадина Молдағали 2021 жылы «Квантитативті филология» жас ғалымдар мектебі халықаралық жобасына қатысты. Сондай-ақ ол Литваның Миколас Ромерус университетіне оқу грантын жеңіп алды. «Химия» мамандығының PhD докторантура түлегі Суннатулла Қаумбаев «Алматының жыл мұғалімі - 2021» қалалық байқауында үшінші орын алды.
«Халықаралық құқық» мамандығының магистранты Жеделова Қарлығаш «Қазақстанның үздік магистранты - 2021» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Абай атындағы ҚазҰПУ-де соңғы 3 жылда Web of Science деректер базасына кіретін импакт-факторы бар шетелдік журналдарда 205 мақала және Scopus-та 351 мақала жарияланды. H-index дәйексөзінің орташа көрсеткіші Web of Science деректер базасында - 181, Scopus - 690. 2020 жылы Scopus және WoS-та индекстелетін шетелдік журналдардағы процентилі 25 және одан жоғары, мақалалардың жалпы саны - 165; 2021 жылғы қарашада - 143, оның 79-ы Хирш индексіне ие.
Бізде 15 ғылыми журнал шығарылады. Журналдың DOI нөмірлерін алу үшін CrossRef өкілдерімен шартқа қол қойылды. Журналдардың жеке веб-сайттарын әзірлеу бойынша мемлекеттік қызметтерді сатып алуға қаражат бөлінді. Ғылыми журналдарды КазДБ ақпараттық базасына енгізу үшін МҒТС ҰТО АҚ-мен шарт жасалды. Ғылыми қызмет нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне енгізу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын жаңа талаптарға сәйкес журналдарға мониторинг жүргізілуде. Жаңа талаптарға сәйкес Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы журналдары редакциялық алқасының құрамына өзгерістер енгізілді.
Біздің көптеген ғалымдарымыз шетелдік ғылыми журналдардың редакциялық алқа мүшелері және сарапшылары болып отыр. 2021 жылы барлығы 15 халықаралық және 12 республикалық конференция, бейнеконференция және вебинарлар өтті. Сондай-ақ бізде дәстүр бойынша жыл сайын «Ғылым онкүндігі» өткізіледі, биыл "Ғылым айы" басталды. Бұл ауқымды шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Ғылым айы аясында білім беру институттары онлайн форматта 116 іс-шара өткізді, оның ішінде 97 ғылыми вебинар, 3 пікірталас, 2 виртуалды экскурсия, 2 көрме, 2 дөңгелек үстел, көрнекті ғалымдармен 2 кездесу, 4 олимпиада, 4 бейнеконференция, Scopus базасына кіретін журналдарға Жарияланымдар беру процестері бойынша Elsiever компаниясымен вебинарлар сериясы өткізілді.
Университетте жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүзеге ойдағыдай асырылуда. 2021/2022 оқу жылында магистранттар контингенті 1 424, докторанттар -243 адамды құрады, бұл ғылыми кадрлар резервін даярлаудың тұрақты сақталуын қамтамасыз етеді. Жалпы университетте ғылыми жұмыстарды дамыту, қоғамға және мемлекетімізге пайдалы ғылыми жаңалықтар ашу үшін барлық мүмкіншілік қарастырылып отыр.
Авторы: Ермек Бөрібаев, 21.12.2021 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz
|