қазақша · русский · english
   
  Main  News
09.11.2011

Жуырда «Имандылық және құндылықтар» атты тақырыпта өткізілген кездесу студенттердің діни сауаттылығын арттыруға арналды. Бұл шараны ұйымдастырған - Тәрбие жұмысы, жастар саясаты және мемлекеттік тілді дамыту басқармасы. Кездесуге Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Смаил Сейітбеков, Алматы қаласы Дін істері департаментінің өкілі Нұрмұхамед Мейманқожаев және Медеу ауданы әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қанат Сайлыбаев келді.
- Дүние дүрбелеңге толы. Ланкестік әрекеттер жиі-жиі орын алып жатыр. Оларда қарапайым адамдар апат болуда. Бұл жағымсыз оқиғаларды исламдық діннің өкілдері жасауда деп байбалам салушылардың негізсіз айыпталулары біздің де жанымызға батады. Әрине, бұл аққа күйе жағумен пара-пар нәрсе. Әйтпесе мұсылман адамның қолынан да сөзінен де ешқандай зиян келмеуге тиіс екенін әркім біле бермейді. «Үй ішінен үй тігіп» дегендей, діни топтар мен кейбір діннің атын жамылған жеке адамдардың әрекеттері мұсылмандар діни басқармасының атына кір келтіруде.Мұны сіздер дұрыс түсінулеріңіз қажет, - деді Смаил Сейітбеков сөйлеген сөзінде.
Жастардың көңілін алаң қылған көп мәселелерді байыпты түсіндіруге тырысты. Дін өкіліне қойылған сұрақтар да аз болған жоқ. Бәріне де қанағаттанарлық жауаптар алынды.
Алматы қаласындағы Дін істері департаментінің өкілі Нұрмұхамед Мейманқожаев болса, қалада тіркелген 254 діни бірлестіктермен бірлесе атқарылып жатқан іс-шаралардан студенттерді хабардар етті. Кейбір тіркелмеген діни ағымдар мен топтардың жұмысын заңмен тоқтатқандарын да айтып өтті.
Кейбір студенттер жуырда ғана қабылданған «Дін туралы» Заңның намазханаларға байланысты бабына алаңдаулы екен. Намазханалардың жабылғаны жайсыздық тудырып жүргенін айтқан студенттерге де нақты жауап берілді.
Кездесу соңынан діни эстремизмнің шығу себептерін ашып көрсетіп, оның неге апарып соқтырғанын баяндайтын деректі фильм көрсетілді.