қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
22.02.2022

Дала атырабын зерттеп жүр

 


 

Жас зерттеуші Арнұр Кенжеғалиев - Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының докторанты. Студенттік жылдарда жартылай қанатты зерттеу ісіне түпкілікті берілген Арнұр алғаш рет жартылай қатты қанаттыларына инвентаризация жүргізіп, осы отряд фаунасына кешенді талдау жасап, нәтижесінде 25 тұқымдасқа жататын 162 түрді анықтаған болатын. Дипломдық жұмысы ретінде таңдаған Сайрам-Өгем ұлттық паркіндегі жартылай қатты қанаттыларын (фауна, биология, экология және шаруашылық маңызы) зерттеу тақырыбына да үлкен ізденіспен бара білгендігін ұстаздары жоғары бағалады.

 

Энтомолог мамандығын алып шыққан жас зерттеуші магистратураға түскеннен кейін де зерттеулерін жалғастыра берді. Магистрлік диссертациясын Іле-Алатау ұлттық паркіндегі ағаш өсімдіктеріне жартылай қатты қанаттылардың (Heteroptera) әсеріне арнады. Тәжірибелі энтомолог ғылыми жетекшісінің жетекшілігімен парк аумағымен танысып, негізгі жұмыс әдістерін меңгерді. Бүкіл парк аумағынан жартылай қатты қанаттылар туралы сирек материал жинап, жақсы нәтижеге қол жеткізді.

 

«Сырдария өзені атырабының сулы-бат­пақты алқаптарының және Кіші Арал­­дың экомониторингі» жобасы бойын­ша Сырдария өзені атырабының био­­алуан­түрлілігінің қазіргі жағдайын баға­­лау және эко­жүйелердің тұрақты жұ­мыс істеуі бойынша ұсыныстар әзірлеу бағы­тындағы зерттеулері зая кеткен жоқ деді ол.

 

Магистратурадан кейін «Байсерке-Агро» оқу ғылыми-өндірістік орта­лы­ғында» ауыл шаруашылығы жануарла­рының өнімділігін арттыру және асыл тұқымдық сапасын жақсартудың кешенді жүйесін әзірлеуге байланысты және де жемшөп дақылдарын өңдеу және да­йындау технологияларын жетілдіруге қатысты жобалармен, сонымен бірге Қа­зақ өсімдіктерді қорғау және каран­тин ғылыми-зерттеу институтында «Эн­то­мопатогенді аскомицеттерді ауыл шаруа­шылығы дақылдарының эндо­фит­тері ретінде қолдану» жобасын Биотехнология зертханасында кіші ғылы­ми қызметкер бола жүріп іске асырды.

 

Қазіргі кезде Ж.Жиембаев атын­дағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының энтомология зертханасының кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істейтін Арнұр Кенжеғалиев «Қазақстанның оңтүс­тік-шығысы жағдайында ҰҰА мен эн­томо­фагтар негізінде Tuta Absoluta - каран­тиндік нысанға қарсы биологиялық күрес әдістерін жетілдіру» және «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының аумағында қауіп­ті, аса қауіпті карантиндік зиянды ор­ганизм­дердің таралуын болжау әдісте­месін әзір­леу» зерттеулерін жүзеге асырып келеді.

 

Арнұр Мирамұлы өзін білікті әрі ақпаратты жылдам игере білетін маман ретінде көрсетті. Далалық зерттеулер барысында жаңа дағдыларды игеруге деген құлшынысы жас зерттеушіні тың жобаларға ынталандырып келеді. Табандылығының, өз кәсібіне деген зор сүйіспеншілігінің нәтижесінде «Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның тау экожүйесінің жартылай қатты қанаттылары» докторлық диссертациясына да тың әрі қызықты материалдар жинай білді. Жартылай қатты қанаттылардың биологиясын, экология­сын зерттеген жас зерттеуші бүгінде қырықтан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде бірлескен жұмыстары да бар. Бүгінде 2 пайдалы модельге патент, 2 авторлық куәлік алған жас зерттеушінің мақалалары Scopus-та жарияланып, 1 кі­табы жарыққа шықты. Ғылыми теория мен тәжірибені ұшқыр ұштастыра біл­ген жас ғалым ендігі кезекте сирек тақы­рыптарды зерттеуді ойластырып жүр.

 

 

22.02.2022 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz