Main /
Mass media about us
17.03.2022 Жаңа Қазақстанның саяси діңгегі
Шұғыл шешімін табуы қажет күрделі сұрақтар - уақыты өткен суперпрезиденттік саяси жүйенің даму тәжірибесіндегі кемшіліктер ылаңын азайту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, соғыс шарпынына іліне бастаған жаһан шардың геосаяси қауіп-қатерлерінің алдын алу, тағысын тағылар. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары өміршең екендігін расталған «Әуелі - экономика, ал сонан соң - саясат» тактикасынан сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі нақты саяси реформалар стратегиясына қадам басу - өте маңызды шешім.
Соның көрінісі ретіндегі суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты Президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту, «Мықты Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» формуласын іс жүзінде орындау, пропорционалды және мажоритарлы аралас сайлау жүйесін енгізу, саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету әрі мүмкіндіктерін кеңейту және тағы да басқа.
Әсіресе президенттік өкілеттілікке шамадан тыс үстемдік беруден бас тарту жолында президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет атқаруына, квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салу; президенттік өкілеттілігін атқару кезінде саяси партияға мүшелікті тоқтату; мемлекет басшысының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастау; аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметінен алу құқын жою, сынды толғауы жеткен шешімдер Жолдауда көптеп келтірілген.
Президент ішкі саясат мәселесіне, әлеуметтік көңіл-күйге, елді біріктіруші мұраттарға жіті назар аударылатындығын байқатып отыр. Тәуелсіздікті нығайта түсудің басты шарттарының бірі - адамдардың бойында еліміздің тіршілігін баянды ететін ұлттық келісім рухын және отансүйгіштік сезімін нығайту. Сол жолда саяси діңгектерді нық қадау «тепсе темір үзердей» тегеурінді қалыпқа жеткен тәуелсіздік ұландарының болашақ әлеуметтік белсенділігі үшін маңызды болмақ.
Мәуләнәнің «Әр заманның өз Мұсасы бар» дегеніндей, кеңестік «жалтақ буын» өкілдерінің мысын басып, күннен күнге өзін мойындатып келе жатқан жас ұрпақ үшін өмірдің бар салаларында тиімді реформалар жүргізу қажет. Негізі, мен осы Жолдауды ата буынның тәуелсіздік сынды асқақ арманын жүзеге асырған бүгінгі аға буын өкілдерінің болашақты ноқталайтын жастарға деген саяси аманаты деп қабылдадым.
Авторы: Ақтолқын Құлсариева, 17.03.2022 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz |