Main /
Mass media about us
28.03.2022 Жас ғалымдар ел экожүйесін оңалтудың жолын қарастыруда
Абай атындағы Қаз ҰПУ-дің білім алушылары экология тепе-теңдігін сақтау мәселесімен белсенді түрде айналысады. Мысалы, докторант Б.Жанатаев «Құмды өлкені микробиологиялық тәсілмен шөлейттенуден қорғау үшін құмдар мен тозған топырақты нығайту технологиясын әзірлеу» тақырыбында зерттеу жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда топырақты нығайтудың дәстүрлі әдістерінің тиімділігі төмен және көбінесе қоршаған ортаға зиянды химиялық заттардың немесе көміртекті материалдардың таралуына әкеліп соғады. Тек цемент өндірісінде көміртек диоксиді ғаламдық ластанудың жалпы көлемінің 5-7% құрайды. Жас ғалым микробиологиялық әдіспен экологиялық жағынан таза материалдармен топырақты нығайтудың жаңа технологияларын әзірлеуде.
Докторант М. Даулетқұл докторлық диссертация тақырыбы «Деградациялану мен шөлейттенуден қорғау үшін құм мен тозған топырақты нығайтудың микробиологиялық және ферменттік әдicтерін салыстырмалы талдау». Топырақтың тозуы және шөлейттену ғаламдық проблемалардың бірі ретінде белгілі. Желдің әсерінен құмның көшуі топырақтың тозуына және шөлейттенуінің басты себебі болып табылады. Жел эрозиясы далалы және шөлді аумақтардағы ауаның ластануына әкеліп соғады. Мұның барлығы флора мен фаунаның азаюына, жайылымдық жерлердің құнарлығының төмендеуіне, жалпы алғанда экожүйелердің бұзылуының нәтижесінде аймақтардағы өзіне тән биоалуантүрліліктің таралуына кері әсерін тигізеді. Соңғы жылдары бұл зерттеу әдістері яғни, микробиологиялық индукцияланған кальций карбонатының тұнбасы (MICP) және ферменттік индукцияланған кальций карбонатының тұнбасы (EICP) ғылымда таныла бастады. Химиялық әдістермен салыстырғанда, бірқатар артықшылықтары бар - улы емес, қоршаған ортаға зиянсыз, қолдануға ыңғайлы, шөлді аймақтарда жиі кездесетін шаңды дауылдардың жүру ықтималдығын азайтады. Осы технологиялар бойынша құмды нығайту үшін бактериялардың белсенді штамдары, несепнәр және кальций карбонаты қажет. Құмдар несепнәрді ыдырататын уреаза ферментіне белсенді бактериялармен өңделеді. Кальций карбонатыны тұнбасы құм бөліктеріне еніп, оларға беріктік қасиет береді. А. Исабекова Назарбаев Университетінің жобалық тобының құрамына яғни в.ғ.к. Н.Б. Молдағұлованың жетекшілігімен «Кәріз су шөгінділерін органо-минералды тыңайтқышқа микробиологиялық жолмен қайта өңдеу» тақырыбында зерттеу жүргізеді. Жобаның негізгі идеясы әртүрлі органикалық қалдықтарды биодеструкциялау және ресурсты үнемдейтін, қалдықсыз және тиімді технологияларды пайдалана отырып, қайта қалпына келетін энергия алу. Бұл ластанған аумақтардағы әр түрлі органикалық қалдықтардан, соның ішінде ауылшаруашылық қалдықтарынан, ҚТҚ-ның органикалық бөлігінен және қалдық суларының тұнбасын тазартуға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл шағын қондырғылардың көмегімен тұтынушылардың дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділігін азайтады. Биогаз және электр энергиясы түрінде энергия алудан басқа, егін шаруашылығына арналған органикалық минералды тыңайтқыштар алынады. Осы аталған органикалық қалдықтарды қайта өңдеудің биологиялық немесе биотермиялық әдісі қалдықсыз өнім болып табылады. Бұл- топыраққа азот, фосфор, калий және т.б микроэлементтер бар органикалық қорек ретінде қайта ыдыратуға мүмкіндік береді, бұл осы процесстердің жүру қарқынын үдетеді. Сондықтан зерттеуші ғалымдар органикалық қалдықтарды тыңайтқыш пен биогазға айналдыру үшін, қосымша шығынсыз биотермиялық өңдеуді ұсынады. Қазіргі таңда, докторанттар Варшава жаратылыстану ғылымдары университетінің биохимия және микробиология кафедрасының зертханасында ғылыми тағылымдамадан өтіп, өз ізденістерін жалғастыруда. Сонымен қатар, университетіміздің талантты білім алушылары ғылымның дамуына өз үлестерін қосып, елдің көптеген экологиялық мәселелерін шешуге ат салысып жүр.
28.03.2022 ж. Ақпарат көзі: turkystan.kz
|