Main /
Mass media about us
30.03.2022 Жаңа Қазақстанның 10 баспалдағы
Қашан да болашаққа үмітпен қарайтын дана халқымыз Президенттің Жолдауын жылы қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта елімізде орын алған ең өзекті мәселелерге талдау арқылы өзгерістер жасаудың кезеңі келгендігін алға тарта отырып, Қазақстан халқына саяси жаңғыртудың кешенді бағдарламасын ұсынды.
Еліміздегі саяси реформаның өзектілігін ғаламда және елімізде орын алған соңғы уақиғалармен сабақтастыра келе «саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес» екендігін қадап айтты. Қ.Тоқаевтың Жолдауда ұсынған 10 бастама ұзақ жылдар бойы қордаланған елдегі саяси, әкімшілік және әлеуметтік мәселелерді шешудің кілті болмақ. Мысалы, елді күшті Парламенті бар президенттік республикаға айналдыру, әділ сайлау жүйесін құру, саяси партиялардың жұмысын жақсарту, Конституциялық сот құру, Ұлттық құрылтай құру, әкімшілік-аумақтық құрылымды жақсарту, дағдарысқа қарсы шараларды жүргізу сияқты ауқымды жоспарлары елдің көңілін күпті еткен және көкейінде жүрген көптеген мәселенің оңды шешілуіне септігін тигізері анық. Президентіміз көтерген бастамалар халық пен билікті бір арнаға тоғыстыратын және елді жарқын болашаққа, яғни Жаңа Қазақстанға алып баратын баспалдақ іспеттес.
Әсіресе, Президенттің «Азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту» бастамасы қоғамдағы шиеленіскен мәселелерді шешудің ұтымды тәсілі екендігіне күмән жоқ. Бұл бастама - ұлт игілігі үшін қызмет ететін көптеген қоғамдық ұйым мен кеңестің құрылуына септігін тигізіп, Үкімет пен қоғам арасын жалғаушы алтын көпірге айналады деп ойлаймын. Өйткені қоғамдық ұйымдар мен кеңестердің белсенді жұмыс істеуі азаматтық қоғамның және қоғамдық институттардың дамуына серпін береді.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Жас зерттеушілер кеңесі Президенттің Жолдауда көтерген бастамаларын жастар арасында насихаттау және жастардың сауаттылығын көтеру мақсатында «Жаңа кезеңдегі Жаңа Қазақстан жастары» атты жастардың сауаттылық апталығын өткізуді жоспарлап отыр. Апталық аясында жастарымыздың діни, саяси, құқықтық, медиа және ақпараттық, қаржылық және гигиеналық сауаттылықтарын көтеру мақсатында осы салалардың ғалымдарымен, жауапты орган өкілдерімен және сарапшылармен кездесулер өткізетін боламыз.
Бабаларымыздың «Бірлік бар жерде - тірлік бар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақыл сөздерінің астарында терең мән жатыр емес пе?! Мемлекет басшысы ұсынған 10 бастаманы ел болып жұмылып жүзеге асырғанда ғана Жаңа Қазақстанды құратынымызды баршамыз түсінуіміз керек.
Авторы: Шахислам Лайсханов, Абай атындағы ҚазҰПУ, Жас зерттеушілер кеңесінің төрағасы, PhD 30.03.2022 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|