қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
17.04.2022

Болашақ педагогтарға ҰБТ тапсыру ережелерін түсіндірді

 


 

Биылдан бастап мектепке жұмысқа орналасқысы келетін педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері ұлттық біліктілік тестін тапсырып, «Педагог» мәртебесін алуы тиіс, деп жазады Egemen.kz.

 

Бұл бастама педагогикалық жоғары оқу орындары мен бітіруші түлектері үшін жауапты қадам болмақ. Осы орайда білім алушыларды дайындау салалық жоғары оқу орындарының міндеті.

 

Ұлттық біліктілік тестілеуін өткізу ережелері мен шарттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы - ректор Дархан Біләлов Town Hall форматында университет студенттерімен кездесу өткізді. Іс-шараға академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мақтағали Бектемесов және департамент директорлары қатысты.

 

Дархан Біләлов бұл үрдістің болашақ педагогтар үшін маңыздылығын атап өтті.

 

«Біз болашақ педагогтарды даярлаймыз, біз үшін олардың жоғары сапалы білімі маңызды. Құрметті білім алушылар! Еліміздің болашағы сіздерге байланысты. Сондықтан әрбір түлек ҰБТ-ға жауапкершілікпен қарауы керек. Университетіміздің профессорлары мен оқытушылары сіздерге білім берді, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Ұлттық біліктілік тестіне дайындалу үшін барлық ресурстарды пайдалану керек. ҰБТ-дан студенттеріміз өтуі үшін университет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалған», деді ректор. Түлектерді жұмысқа орналастыру университеттің маңызды міндеттерінің бірі. Бүгінде бұл көрсеткіш 96 пайызды құрап отыр.

 

Білім беру сапасын арттыру педагогтердің кәсібилігімен тікелей байланысты, әрбір білім беру ұйымының тиімді жұмысының негізі екені баса айтылды. Сондықтан болашақ мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау құралы ретінде бұл тестілеудің маңызы зор.

 

Мақтағали Бектемесов педагогикалық кадрларды даярлау сапасын күшейтуге бағытталған ҰБТ тапсыру ережелері мен шарттары туралы, бітіруші курс студенттері үшін жаңашылдық пен айқын мақсаттылығы туралы айтып берді. Ал болашақ педагогтар ҰБТ тестін тапсырғаннан кейін мектептерге жұмысқа қабылданатын болады.

 

Абай университетінің Тестілеу орталығы ҰБТ-ға дайындалу мақсатында бітіруші курс білім алушыларының сынақ тестілеуін іске қосты. Олардың әрқайсысы ыңғайлы уақытта, кез келген жерде, кез келген құрылғыдан арнайы пән мен педагогика, оқыту әдістемесі бойынша сынақ тестілеуден өте алады. Университет кітапханасы Ұлттық біліктілік тестілеуіне дайындалу үшін оқу-әдістемелік кешендермен (оқу пәндері, педагогика, оқыту әдістемесі) жабдықталған.

 

Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, пікірлерімен бөлісті.

 

 

17.04.2022 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz