Main /
Mass media about us
12.04.2022 Алматыда жаңа мамандықтар атласы әзірленуде
Заманауи мамандықтар атласы мегаполис ерекшеліктерін ескере отырып жасалатын болады. Агломерация орталығында жаңа кәсіп иелеріне қажеттілікпен қатар технологиялық мамандықтарды уақыт оздырмай игерудің маңызы зор.
Осы орайда Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов жаңа мамандықтар атласының әзірленетінінен хабардар етіп, қоғамда жаңа кәсіп түрлеріне сұраныс артып келетінін жеткізді. Жаңа мамандықтар атласын әзірлеу барысында өңірлік әрі техникалық және кәсіптік бағдардағы барлық талап басшылыққа алынады. Қазір қала әкімдігі жанындағы комиссия еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың тізбесін жасау үстінде. Осы жылдың 30 сәуірінен бастап мемлекеттік тапсырыс қарастырылған мамандықтар туралы ақпарат білім басқармасының сайтында жарияланады.
Алматының 20 мемлекеттік колледжінде 2019 жылдың қаңтарынан бастап жан басына қаржыландыру енгізілді. Ал биылғы қаңтардан бастап 29 жекеменшік колледж мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеуде. Мемлекеттік тапсырысты техникалық мамандықтарға қайта бағдарлау туралы тапсырма аясында биыл студенттердің 60 пайызы колледждерге тегін қабылданады. Осылайша, 2025 жылға қарай 9-сынып түлектерінің жүз пайызы колледждерде қажетті мамандықтарда тегін оқымақ. Яғни мемлекеттік тапсырысты екі есеге - 21 мың орынға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бүгінде мегаполисте 83 колледж жұмыс істейтін болса, оның 23-і мемлекеттік, 60-ы жекеменшікке жатады. Білім мекемелеріндегі 73 719 студенттің 36,5 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Яғни тегін біліммен қамтамасыз ету 49,5 пайызды құрайды. Ал студенттердің 3 мыңнан астамы - сырттан келіп оқитындар. Студенттерге арналған 30-ға жуық жатақхана бар.
Алдағы оқу жылына 20 маусымнан бастап құжаттар қабылдау басталатынын назарға алсақ, әр талапкердің 4 мамандық пен 4 колледжді таңдауға мүмкіндігі бар.
Колледждерге берілген академиялық дербестікке байланысты білім беру мерзімі өндірістік кәсіпорындармен келісілген нақты білім беру бағдарламаларына және жұмыс берушілерге қажетті оқыту нәтижелеріне байланысты анықталады. Бүгінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу мерзімдерін дербес айқындау мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар Алматының барлық мемлекеттік колледжінде индустриялды кеңестер құрылып, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысатын жұмыс берушілердің пулы артып келеді. Мысалы, ағымдағы жылдың ақпан айында оқу орындары, кәсіпорындар және білім басқармасы арасында жасалған үш жақты меморандум негізінде 22 мемлекеттік колледжді ірі кәсіпорындар қамқорлыққа алған. Колледждерге қамқорлық көрсететін серіктестердің қатарында Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, «КазСПО-N» ЖШС, «ҮЕҰ «DOSTI» компаниялар тобы ЖШС, «Crown» ЖШС, «Қазақстан» қонақүйі, «Казлегпром-Алматы» ЖШС, «АлматыЭнергоСервис» ЖШС, «MEGA Моторс» ЖШС, «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «Мехэлектромонтаж» ЖШС, «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС сияқты кәсіпорындар бар. Сонымен қатар дуалды оқыту бойынша 48 колледж 361 кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Онда 41 мамандық бойынша 7 мыңнан астам студент білім алуда. Ал «Жас маман» жобасы аясында 2020-2021 жылдары 18 колледж республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен заманауи құрылғылармен жабдықталса, 2015 жылдан бастап колледждер жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және әлемде кәсіби білім беруді дамытуды мақсат ететін WorldSkills халықаралық коммерциялық емес қозғалысының тұрақты қатысушысы ретінде заманауи дағдыларды игеруге мүмкіндік алған.
12.04.2022 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|