Main /
Mass media about us
27.04.2022 Тұрақты даму мақсаттары аясында жаратылыстану ғылымдары мен білімінің даму мәселелері
Абай атындағы ҚазҰПУ-да көрнекті ғалым, географ-эколог, ҚР Ұлттық ғылым академиясының, Мемлекеттік сыйлықтың, Ш.Уәлиханов және Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері, география ғылымдарының докторы, профессор Әлия Сәрсенқызы Бейсенованың 90 жылдығына арналған «Тұрақты даму мақсаттары аясында жаратылыстану ғылымдары мен білімінің даму мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды, - деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Әлия Бейсенова - жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарды бір-бірімен ұштастырып қазіргі географиялық ғылымның жекелеген салаларының, сондай-ақ олармен тікелей байланысты экология, экономика, туризм бағыттарының дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым. Бүгінгі таңда ғалымның 600-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген, оның ішінде монографиялары, оқулықтары мен оқу құралдарының өзі жетпістен асады.
Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мақтағали Бектемесов, басқа да жоғары оқу орындарының, ғылыми институттардың өкілдері, Қазақстаннан және шет мемлекеттерден келген ғалымдар, сарапшылар, сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттар қатысты.
Конференцияда үш негізгі секция бойынша баяндамалар тыңдалды: Жаратылыстану ғылымдары және тұрақты даму мақсаттары, Жаратылыстану-ғылыми білім берудің заманауи үрдістері, Цифрлық география және ГАЖ-технологиялар. Қазіргі жаратылыстану ғылымдары мен білімінің даму үрдістері, тұрақты даму идеяларын жүзеге асыру, заманауи цифрлық география және геоақпараттық жүйелер технологияларының дамуы бойынша және басқа да өзекті мәселелер қаралып, кеңінен талқыланды.
Іс-шара барысында Дархан Біләлов Ә.С.Бейсенованың педагогикалық және ғылыми қызметі физикалық география, туризм, экология, топонимика, географияны оқыту әдістемесі салаларында мамандар даярлауға орасан зор үлес қосқанын атап өтті. Оның көптеген еңбектері бүгінгі күні де өзекті екені атап өтілді. Әлия Сәрсенқызын мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Институт директоры Күләш Қаймулдинова академик Ә. Бейсенованың география ғылымының дамуындағы рөлі туралы баяндама жасап, ғалымның Қазақстандағы география ғылымын дамытудағы көп жылғы жемісті еңбегін жүйелеу мақсатында академиктің ғылыми-педагогикалық қызметі төрт негізгі салада қарастырылатынын атап өтті: ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік, педагогикалық және қоғамдық-ұйымдастырушылық.
Сонымен қатар А. Бейсенованың соңғы онжылдықта Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы бойынша іргелі зерттеулер жүргізіп, «Динамическое развитие экономики Казахстана», «Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық географиясы» еңбектері жарық көргенін айтты. Пленарлық мәжіліс баяндамалары мен секцияларда Ә.С. Бейсенованың: географиялық білімге заманауи көзқарас, Қазақстанның география ғылымының дамуындағы академиктің рөлі мен өмірінің негізгі кезеңдері туралы баяндалды.
Экологияның, географияның, әлеуметтік-демографиялық дамудың өзекті мәселелері, жаһандық климаттың өзгеруі және оның Қазақстанға әсері, Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тарихы, еліміздегі туризмнің қазіргі жағдайы мен дамуы және басқа да экологиялық мәселелері талқыланды.
27.04.2022 ж. Ақпарат көзі: bilimdinews.kz |