Main /
Mass media about us
27.04.2022 Абай университеті ұлт ұстазын ұлықтады
Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ-да Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған ғылыми-әдістемелік орталықтың ашылу салтанаты өтті. Ахмет Байтұрсынұлын ұлт ұстазы деп атағаны кездейсоқ емес. Аталған іс-шараның ұйымдастырушысы Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институты.
Ашылу салтанатына университет ректоры Дархан Біләлов, белгілі қоғам және саяси қайраткер, халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, А. Байтұрсыновтың жиені - Айман Байсалова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, А. Байтұрсынұлы музей-үйі мен БАҚ өкілдері, белгілі ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, университеттің оқытушылары мен студент жастары қатысты.
Іс-шара барысында А.Байтұрсынұлының музей-үйінің басшылығы жаңа Орталыққа Алаш қайраткерінің 6 томдық шығармалар жинағын және басқа да кітаптарды табыс етті.
Дархан Біләлов Абай университетін осындай айтулы оқиғамен құттықтап, орталықты ашудың маңыздылығына тоқталды. «Халқымыздың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Абай университетінің ұжымы үшін Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлерінің есімдері қашанда ардақты. Олардың құнды мұрасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру аса маңызды. Бұл болашақ мамандардың бойында отансүйгіштік пен ұлтқа адалдықты қалыптастыруға қызмет етеді. Ұлт ұстазы қалыптастырған білім беру дәстүрі осы орталықта заманауи талаптармен қайта жалғасын табады деп ойлаймын», - деді.
Конференция жоғары деңгейде өтіп, барлық қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
27.04.2022 ж. Ақпарат көзі: turkystan.kz |