қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
27.04.2022

Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағына арналған дөңгелек үстел өтті

 


 

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Қайнар академиясының ұйымдастыруымен Ұлттық кітапханада «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағына» арналған дөңгелек үстел өтті. Осы жиында тілші-ғалымдар, қоғам қайраткерлері қазақ тілі ғылымын дамытуға байланысты өзекті мәселелермен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Тәуелсіздік жылдарында тіл мәселесіне қатысты көптеген зерттеулер жүргізіліп, монографиялар, оқулықтар жарық көрді. Тілші-ғалымдар тілдің мәртебесіне орай ілкімді жобаларды жүзеге асырды. Осы орайда жиынның модераторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан соңғы екі жылда тілтанымдық мектептер алаңының іске қосылып, лингвистикада өз мектебін қалыптастырған ғалымдардың мұрасын насихаттау жұмыстарының нәтижелі іске асып отырғандығын жеткізді. Тіл мәселесін қозғаған айтулы іс-шара тілтанымдық мектеп аясындағы маңызды кездесудің біріне айналды.

 

Сала мамандары күш-жігерін салып еңбек еткенмен, қоғамда тіл төңірегіндегі түйткілді мәселенің шешуі тарқамай келеді. Осы жиында ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов «Адамды тану үшін, біріншіден оның тілін білу керек. Тіл - ұлттың басты көрсеткіші, идентификациясы», деп атап өтті.

 

«Қазақ тілін көне әрі бай тілдердің бірі ретінде зерттеген В.Бартольд, В.Радлов сияқты шетел ғалымдарының зерттеулері бүгінде қазақ тілі жайындағы мазмұнды деректер қорын толықтыра түседі. Ал ҰҒА академиктері М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Н.Сауранбаев, Ә.Қайдаров, Ө.Айтбаев, т.б. басқа қазақтың біртуар ғалымдарының бұл саладағы еңбектері ұшан теңіз. Десек те салада кемшілік көп. Егемендік алғанымызға отыз жылдан асса да, тіл төңірегіндегі өзекті мәселеден арыла қоймадық. КСРО ыдырағаннан кейін Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Балтық жағалауы, т.б. көптеген елдер туған тіліне, төл мәдениетіне ден қойды. Алайда осы көштің соңында тұрған Қазақстан үшін өз тіліне мән беретін уақыт жетті. Президент Қ.Тоқаев айқындап берген жаңа бағытымызда біріншіден, тілдік мәселеге мән берген абзал. Өйткені, Жаңа Қазақстан құрудың өзегі тілдің дәрежесімен тығыз байланысты», деп атап өтті М.Жұрынов.

 

Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев «Қазақ тілі сөзжасамының қалыптасуы, дамуы мен жаңа бағыттары» тақырыбына жасаған баяндамасында өзекті ойларын ортаға салып, ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Тілдің мәртебесін көтеру тұрғысында мінберлерден қоғамға ой салып жүрген тіл жанашыры қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың маңыздылығына тоқталды. Ғалым атап өткендей, күні бүгінге дейін том-том монографиялар, оқу құралдары жазылды. Үйрену құралдарының баршылығына қарамастан, көп қазақ ана тілінде сөйлемей келеді. «ҰҒА Ұлттық баяндамасында жыл сайын Президентке тіл мәселесінің өзекті мәселелері баяндалып келеді. Ақпарат құралдарында тіл туралы тұрақты айдарлар жарық көруде. Алайда тіл шұбарланып, әлеуметтік желілерде коммуникация мәдениеті төмендеп барады. Билікке баратын, шетелдерде оқитын жастардың басым көпшілігі ана тілін үйренгісі келмейді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде қазақ тілі есепке алынбайды. Мұндай олқылықтардың орнын толтыру үшін билік тілі мемлекеттік тіл болуы керек», дейді К.Құрманәлиев.

 

Осы орайда академик Қ.Құрманәлиев пен профессор Ж.Балтабаеваның «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя: теория және практика» оқу құралының қоғам сұранысына орай жарық көргенін айта кеткен абзал. Жиын барысында таныстырылымы өткен монографияда ғалымдар тіліміздегі түрлі сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған сөздердің бәрі туынды сөздерге жататындығын негіздейді. Туынды сөз терминінің мәнін ашуға тырысады. Бір негізгі түбірден тараған туынды түбірлердің жиынтығы - сөзжасамдық ұяның мәні мен маңызына мән береді.

 

Отандық терминтану мен терминография саласындағы зерттеулер барысына тоқталған ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Қазақ тілін ғылым мен қазіргі озық технологияның тіліне айналдырғысы келетін ғылыми қауым, ұлт зиялылары ғана ұлттық терминқорды жетілдіруге қызмет етеді. ХХ ғасыр басындағы алаш зиялыларының жанкешті еңбегі қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қызмет етуіне арналды. Бүгінгі ұлттық зиялы қауымның, сала мамандары мен түрлі ғылым саласында еңбек етіп жүрген ғалымдардың алдында да осындай міндет тұр», деп атап өтті.

 

«Отыз жылдан астам уақытта тіл төңірегінде мәселе әлі бәсеңдеген жоқ», деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов. Ғалымның айтуынша, тілдің мәселесі Парламент, Үкімет қазақша сөйлегенде ғана шешіледі. «Министрлердің, әкімдердің қазақ тілінде өз дәрежесінде сөйлей алмайтыны қынжылтады. Бұл аз болса, ағылшын тілін білгеніне қарап, тәжірибесі жоқ, ана тілін білмейтін жастарды басшылық қызметтерге қою үрдісі белең алып барады. Тіл мәселесі шешілмегеннен кейін қоғамда наразылық ахуал да жалғаса беретіні анық. Тарихты түзетін халық, зиялы қауым мен билік десек, тілдің көсегесін көгертуде биліктің жауапкершілігі жоғары. Бүгінде Қазақстанды әлем орыс тілді мемлекет ретінде қабылдайтыны өкінішті. Осыған мән бермей келеміз. Президент Жолдауда атап өткендей, Жаңа Қазақстан - әділетті мемлекет. Ал тілге әділеттілік болмай, қоғам әділетті болмайды», дейді тарихшы.

 

А.Байтұрсынов атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай ұлттық құндылықтарды зерделеудің маңызына тоқталды. «Қоғамда көп айтылғанмен, терең зерттеле қоймаған гуманитарлық ғылымның қол жеткізе алмай жүрген тақырыбы - ұлттық құндылық. Сәт сайын өзгеріп, құбылып тұрған әлемде өзіңді танып, жеке басыңнының тұлға ретіндегі қадірін арттырып, қасиетіңді білу басты құндылық», деп атап өтті ғалым.

 

Жеке адамдар арасында қатынас, білім, ғылымның жетістігін көрсететін құрал ретіндегі тілдің рөліне тоқталған академик Зейнеп Базарбаева жаһандану дәуірінде ғылымның білімнің және мемлекеттік қызметтің барлық саласында цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қажеттігі туындап отырғанын жеткізді. «Тілді сүйемелдейтін технлогиялар «лингвотехнология» деген жалпы атауға біріктіріледі. Цифрландыру үрдісі жалпы ғылымды дамытып, оңтайландырып қана қоймай, гуманитарлық салаларды дамытудың маңызды алғышарты болып табылады. Тіл лингвистиканы зерттеу нысаны, қоғамдық қызметті үйлестіретін және жүйелейтін коммуникативті құрал. Тілді цифрлық технология дәуіріне бейімдеу мен дамыту үшін оның техникалық жетістіктерін кеңінен пайдалану уақыт талабы», деді З.Базарбаева.

 

«Теория мен практиканы ұштастыру мемлекеттік тілді меңгерудің кепіліне» қатысты мәселені Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Ж.Балтабаева зерделесе, профессор Р. Авакова түркітану және тіл теориясына, ал PhD М.Иманғазина тілді дамытудың ғылыми теориялық негіздеріне тоқталды. Ғалымдар өз зерттеулері арқылы қазақ тілінің байырғы тіл ретіндегі маңызына тоқталып, кемшіліктерді саралады. Осы орайда жиында бас қосқан ғалымдар тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін билік тілі қазақ тілі болуы қажет деген тоқтамға келді. Билік қазақша сөйлесе, тілдің де көсегесі көгеретіні анық.

 

27.04.2022 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz