қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
02.06.2022

Алматы университеттерінде оқу ақысы қаншаға өсті

 


 

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандағы университеттер пандемиядан соң дәстүрлі оқу форматына ауысты. Барлығында дерлік оқу ақысы көтерілді. Сондай-ақ, әлемдік ЖОО-лармен тығыз байланыс орнатылып жатыр. ҚазАқпарат тілшісі Алматыдағы бірқатар университет туралы басты мәліметтерді ұсынады.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

 

Қабылдау комиссиясының мәліметі бойынша, биыл білім гранты конкурсының шекті балына қатысты өзгеріс болады. Ал, шекті балл университет тарапынан белгіленеді.

 

Ақылы бөлімге түсу үшін ҰБТ нәтижесі кемінде 65 балл, «Құқық» білім беру бағдарлама тобы бойынша 75 балл болуы керек. Бұл ретте ҰБТ-ның әрбір пәні мен шығармашылық емтихан бойынша кемі 5 балл жинау қажет. Айта кетсек, «Журналистика» мен «Философия және саясаттану» факультеттерінде бірнеше бағытта шығармашылық емтихан бар.

 

Докторантураға түсетіндерге қосымша мемлекеттік тіл бойынша «KAZTEST» тестілеуі және сұхбат еңгізілді.

 

Әзірге оқу ақысы қаншаға өсетіні туралы ақпарат жоқ. Директорлар кеңесі 2022-2023 оқу жылына арналған ақы мен жеңілдіктер тізілімін маусым айында бекітеді.

 

Университетке шетел азаматтары оқуға түсе алады. Оларды қабылдау онлайн форматта жүзеге асырылады.

 

Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларына онлайн-тіркелу жыл бойы ашық. Тіркеу кезеңінен кейін онлайн форматта қолжетімді кіріспе сынақтар өткізіледі.

 

Оқуға құжат қабылдау процесі автоматтандырылған және қазақ, орыс пен ағылшын тілдеріндегі қосымша арқылы жүзеге асырылады.

 

Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті

 

Мемлекеттік грант пен ақылы бөлімге түсу үшін кемі 65 балл жинау керек. Әрбір пән бойынша нәтиже 5 балдан жоғары болу тиіс. Грант конкурсына талапкерлер мамыр және маусым айларында өтетін ҰБТ нәтижесімен қатысады. Ал, ақылы бөлімге қаңтар, наурыз, мамыр, маусым және тамыз айларының ҰБТ нәтижелері бойынша түсуге болады.

 

Сондай-ақ, университет қабырғасында өткен Олимпиада мен ғылыми жобалардың жүлдегерлеріне оқу орнының өз гранты беріледі.

 

2021-2022 оқу жылында төлемақы факультетке байланысты орташа 800 000 теңге болған, биыл оның мөлшері өзгеруі мүмкін.

 

Пандемиядан кейін университетте бұрынғыдай оқу дәрістері мен зертханалық жұмыстар жалғасын тапты.

 

Университетке шетелдіктер тек ақылы түрде (сұхбаттасу негізінде) қабылданады.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

 

Қоғаммен байланыс департаменті хабарлағандай, мемлекеттік білім беру грантының конкурсына қатысу үшін «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша шекті балл - 75, ал жаратылыстану-ғылыми бағыттағы білім беру бағдарламаларына - 65 балл.

 

Университетке ақылы бөлімге қабылдау ішкі ережелерге сай өткізіледі.

 

Оқуға құжат тапсыру екі кезеңнен тұрады. Биыл талапкерлерді оқуға қабылдау үрдісі автоматтандырылды. Университет сайты арқылы жүзеге асырылады. Ал, оқуға қабылданған талапкерлер тамыз айында университеттің қабылдау комиссиясына құжаттардың түпнұсқасын тапсыруы қажет.

 

2022-2023 оқу жылында педагогикалық білім беру бағдарламаларына бір жылдық оқу ақысы - 816 000 теңге.

 

Пандемиядан кейін университеттің барлық оқу нысандары дәстүрлі оқу форматына оралған. Университ шетелдіктерді оқуға қабылдайды. Олар ақылы бөлімге сұхбаттасу арқылы түседі. Ал, этникалық қазақ шетел азаматтары ҰБТ тапсыру арқылы мемлекеттік білім беру грантына үміткер бола алады. Сондай-ақ, шетелдіктердің Болондық жүйе бойынша мемлекеттік білім беру грантына ие болу мүмкіндігі бар.


Сүлеймен Демирель атындағы университет

 

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, талапкерлер алдымен ҰБТ-ға өтінішті app.testcenter.kz арқылы тіркейді, ал оқуға түсу үшін құжаттарды sdu.edu.kz сайтында онлайн тіркейді. Мұнан соң университетке келіп тапсырады. Құжат қабылдау уақыты - 20 маусым мен 25 тамыз аралығы.

 

ҰБТ шекті балдарын жинаған талапкерлер мемлекеттік грант конкурсына қатысып, тегін білім алады немесе ақылы негізде оқиды. Маңғыстау, Атырау облыстарының мектеп түлектеріне мемлекет тарапынан 2022-2023 оқу жылдарына бөлінген 10 000 грант шеңберінде 104 талапкер түсе алады.

 

Сондай-ақ, университетте грантқа түсуге арналған өз шекті балы бар. Мысалы, биыл IT мамандығына шекті балл 100-ге дейін көтерілді, «Математика және статистика» мамандығына - 80, халықаралық қатынастар, филология мамандықтарына - 60, педагогикалық математика және физика мамандықтарына - 90 балға дейін көтерілсе, екі шетел тілі мамандығына шекті балл 95 болып бекітілді.

 

Айта кету керек, ағылшынша оқытылатын мамандықтарға түсетіндер тіл білу деңгейін анықтау үшін тест тапсырады. Ол емтихан университет ішінде офлайн форматта жүргізіледі. Ағылшын тілінен деңгейі төмен абитуриенттер 1-курста тілді қосымша оқи алады.

 

Биыл оқу ақысы мамандықтарға байланысты 5-10%, яғни орташа 1 млн теңгеге дейін өсті.

 

Пандемиядан соң университетте барлық оқу процесі офлайн форматқа ауысты.

 

Университетте шетелдік абитуриенттерді қабылдаудың өз ережесі бар. Процес толықтай онлайн форматта жүргізіледі. Құжат тапсыру, сұхбаттасу, ағылшын тілінен тест тапсыру, виза процестері сәтті аяқталса, абитуриент оқуға қабылданады.

 

Сондай-ақ, өзге елдерде мектеп түлектері арасында арнайы ISPT олимпиадасы өткізіледі. Олимпиада нәтижесінде жоғары көрсеткішке ие болған абитуриенттер 4 жылға грант және жеңілдіктер ұтып алуына мүмкіндік бар.

 

Еске салайық, Қырғызстанда қазақстандық университеттің филиалы ашылғанын, әлемнің үздік университеттері рейтингіне Қазақстаннан бір ЖОО кіргенін және Қазақстан университеттері жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайтып жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

 

 

02.06.2022 ж.

Ақпарат көзі: inform.kz