Main /
Mass media about us
17.08.2022 Абай ілімін ашу - рухани кемелденуге апарар жол
«Абайтану» пәні тек Абайдың шығармаларын ғана қамтып қоймай, сонымен қатар ертедегі өлең-жырлардан бастап, Қорқыт, әл-Фарабиден Дулат ақынға дейінгі айтылған ұлттық құндылықтарды да қамти отырып, ұлттық тілді, дінді, дәстүрді де оқытып жас ұрпақты елін, ұлтын Абайша сүюге тәрбиелейді.
Абайтанушы-академик М.Әуезов Абайдың «Толық адамын» алғаш рет айтып, білсе де жан-жақты зерттеуге, насихаттауға сол кезеңнің қысымынан мүмкіндігі болмады, тек «Абай жолы» эпопеясында, ғылыми еңбектерінде ойын жасырын, бүркемелеп қана айтып кетті. Осылайша, жасырылған «алтын көмбені» өзінің бүкіл алпыс жылдық шығармашылық өмірін арнап толығымен осы күннің абызы, ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлы жан-жақты зерттеп, көпшілікке ұсынды. Профессор М.Мырзахметұлының Абайдың ілімін ашудағы инемен құдық қазғандай ізденісінің нәтижесінде тек Абай туралы жазған, жарық көрген еңбегі он кітаптан асып жығылады.
Президент Қ.Тоқаевтың айтқан «қазақ халқының өмірлік философиясы» деген қағидасын талдау үшін хакім Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде көз жүгіртейін. Көп жағдайда оқырман өлеңнің мазмұнын талдағанда: «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан!» деп өмірден өз орныңды тап деген ойды, ал: «Ұстаздың қылған жалықпас, Үйретуден балаға», деп ұстаздықты жоғары бағалаған деген пікір айтады. Дұрыс-ақ, бірақ бұл негізгі айтайын дегенін толықтырушы ой, ал негізгісі мына жолдарда:
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың - жалын, артың - мұз,
Барар едің қай жаққа?
Мұндағы бастапқы екеу - қайрат пен ақыл, ал соңғысы - жүрек. Егер қайрат пен ақыл жүректі қоспай екеуі ғана әрекет етсе, олар жақсылыққа да, жамандыққа да жол тауып береді, яғни қызмет ете береді. Қайрат, ақыл, жүректі үнемі бірлікте қарастыру, алдыңғы екеуінің тек әділет пен шапқатты көздейтін жүрекке бағынуын қалау - қазақ ұлтының өмір философиясы екенін Абай өлеңінен анық аңғарамыз. Абайдың терең ойдың иесі екендігін түсіну үшін өлеңдері мен қарасөздерін тұтас оқу қажет. Өлеңінде айтқан үш ұғымды - қайрат, ақыл, жүрек туралы ойын он жетінші қарасөзінде қайта тоқталып, жан-жақты талдап, толықтырып қорытынды жасайды: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. - Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам - сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, - депті».
Абайдың «Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деуі даналық, хакімдік дәрежеге жеткенін көрсетеді. Отыз сегізінші қарасөзінде «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. ...Әрбір ғалым-хаким емес, әрбір хакім - ғалым» дейді. Абай хакімді жоғары қояды. Ғалымның еңбегі жақсылыққа да, жамандыққа да қызмет етеді, егер ғалым қайрат пен ақылына ғана сеніп жүректі тыңдамаса жамандыққа бет бұрып кетуі ғажап емес, онда ыстық қайраты мен нұрлы ақылы суық қайрат, суық ақылға айналып, жүрегі қарая бастауы мүмкін, ал хакім қайрат, ақыл, жүректі тең ұстайды не болмаса жүрекке басымдық береді, себебі хакімнің жүрегі тек қана жақсылыққа үндейді, қайрат пен ақылын жамандыққа ешқашан жібермейді яғни хакім адамзат баласын тек жақсылыққа бастап, дүниені ойраннан сақтайды. Қазақ ұғымында адамзатқа ауырмайтын ем іздеген Лұқпан хакім айтылса, біз ғылыми тұрғыда зерттеудің нәтижесінде әл-Фараби және Абай аталарымызды Хакім деп айта аламыз. Абайдың хакімдігін бүгінгі күні біз ойлап тапқан жоқпыз, бізден бұрын замандастары айта бастаған. Ақын ағасы туралы Шәкәрім де өз пікірін айтып қалдырған. Оның пікірінде сүйініш те, күйініш те бар екені байқалады: «Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әртүрлі кітабын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді» дейді.
Қазақтың ойға жүйрік, сөзге шешен ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров та Абай туралы толғанысқа түседі:
Байқасаң қазақтың өзінде бар,
Дүниенің генийлігі* (кемеңгер),
пайғамбары.
«Ер тарғын», «Қобыландыны»
оқып байқа,
Абайдың оқы, таңырқа, басың шайқа.
Ақындықтың қуаты есіңді алып,
Бас алмастан оқырсың қайта-қайта.
Тіпті Абайдың замандасы жүз жасаған Жамбыл да хакімдік қасиетін дөп басып айтады:
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?!
Терең ойдың түбінде теңізі бар,
Тесіле көп қарасаң көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар.
Өте сауатты, асқан талантты ақын Мағжан Жұмабаев Абайдың адамгершілік ілімді меңгерудің шыңына шыққанын, оның әлемдік деңгейдегі даналардың данышпаны хакім екенін мүлтіксіз танығанын жырын оқысақ анық байқаймыз:
Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес!
Бүкіл шығармашылық ғұмырын Абай мен Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын зерттеуге арнап Абай «Толық адам» ілімін жарыққа шығарған тоқсан төрт жастан асқан ғұлама ақсақалымыз Мекемтас Мырзахметұлы мынандай тұжырым жасайды: «Толық адам (толық инсаният) дегеніміз: Абайдың танытуында - әрбір адам ақылымен, білімімен мал-дәулетімен біреулерге әділет, шапағатымен жақсылық жасау немесе ақыл, қайратты жүректің қалауымен жүргізіп, оларды тек ізгілікті істерге қызмет еттіру жолы боп шығады. Кімде-кім осы: «...жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты ол ...толық адам делінеді», - деп, ең басты ой байламын жасайды. Бұл пікірлерінің негізгі желілері Абайдың бүкіл ағартушылық-гуманистік көзқарасынан туындап, шығар көзін жоғарыда таратылған адамдық үш сипаттан тартады. Бұл бүкіл ақын шығармаларының бойына жылылық беріп, таралып жатқан толық адам жайлы ойларымен терең түрде сабақтасып жатады».
Хакім Абайды «даналардың данышпаны» деп жалаң мақтау, қызыл сөз ретінде айтып тұрған жоқпын, кейде ұстазым Мекемтас ағайға да, маған да «Абайды тым мадақтап, бәрінен артық қойып жіберген жоқсыңдар ма?» деген сұрақтар қойылып жатады. Әрине, бұған бір мақаланың шеңберінде толық жауап беру қиынырақ. Дегенмен оқырманға ойымызды қысқаша жеткізуге талаптанып көрмекшімін. Бүкіл мұсылманды, адамзат баласы толғандырған Алла туралы ұғымды дәріптеп, сипаттап көпшілікке ұғынықты етіп «Алла деген сөз жеңіл», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Патша құдай, сыйындым», т.б. өлеңдерін арнаса, осы өлеңдерінде айтқандарын қарасөздерінде тереңдете қорытындылайды. Мысал келтірейік, отыз сегізінші қарасөзінде: «Ол - Алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтам емес, біздің ақылымыз мұқтаж... Алла тағала - өлшеусіз, біздің ақылымыз - өлшеулі». Яғни Алла адамға ақыл берді, жаратылғандардың ішінде адам ғана Алланы мынау жүйелі жаралған әлемге қарап Алланың бар екенін сезінсін деп. Қарапайым дәлел, Күн мен Ай үнемі бірінен кейін бірі тұрақты қозғалыста, ал Абай табиғат туралы өлеңдерінде көрсеткеніндей жыл мезгілі Көктем, Жаз, Күз, Қыс тұрақты түрде кезекпен келеді, ал адамның ғұмыры солай. Егер Алла біреу болмай, Жаратушы Құдайлар көп болса бұл жүйе бұзылар еді, Күн - біреу, Ай - біреу Құдай көп болса олардың бір-бірінен таласпауы мүмкін емес, хакім Абай шығармаларының өн бойында Алла - жаратушы, адам және бүкіл әлем жаратылғандар екені сезіліп тұрады, тек ынта қойып Абай шығармасын үзбей оқыңыз.
Абай аспаннан түсе қалған жоқ, ол да біз сияқты пенде, тек Абайдың даналығы қазақтың ұлттық құндылықтарын мол сусындап меңгергенді. Қазақ ұлты баласы есі кіріп есейгенше «жаман болады» деген шектеу сөзді көп қолданады, сонымен қатар баласына «Алпамыс пен Қобыландыдай батыр болар ма екенсің» деп бесігінде құлағына құяды, тарқатып айтсақ «Отаныңды қорға, ата-анаңды сыйла, қорға» дейді, «ешқашан да басқадан қайтсең де артық бол, басқа елді жаулап ал» деп айтпайды, тіпті «таспен ұрғанды, аспен ұр» деп үйретеді. Хакім Абай қазақы ақыл-ойды шығармасында одан әрі дамытып, бастаудың қайда жатқанын аңғартады: «...Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан, ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол - Құдайдың жолы». Бұл жол - қазақ ұлтының да хакім Абай жырлаған басты жолы. Қазақ ұлты да, оның хакім әл-Фарабиі де, Абайы да тек адамзатты жақсылыққа үндейді, жақсылыққа тәрбиелейді, жақсылыққа жетудің мақсат-мұратын анықтап, тура жолға салады. Әлем халқы сірә, осы үшін Қазақ елі хакімдерінің шығармаларын оқуға құлшыныс танытуда.
«Абай - қазақтың бас ақыны» деп бүкіл қазаққа жар салған, «Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген жалғыз өлең емес. Көп нәрсені Абай сөз қылған, сол сөздерінің бәрінде де Абайдың әр нәрсенің асылын танығысы, білгені көрінеді. Абайдың өлеңдері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен артықшылығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылына қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз» деп Абай шығармашылығын тереңінен пайымдаған Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы 1928 жылы 1 қазанда университетіміздің Қазақ мемлекеттік университеті болып ашылу салтанатында негізгі баяндамашы ретінде сөйлеп қана қоймай, университетте студенттерге дәріс те береді. Ал Абайтанудың негізін қалаған Мұхтар Әуезовтің ақын мұрасын терең зерттеп танып білудегі алғашқы танымдары университетімізде алғашқылардың бірі болып дәріс берген кезінен бастау алады. 1935 жылы қазақтың оқу орнына Абай есімі беріліп, «Қазақтың Абай атындағы Мемлекеттік педагогика институты» деген атау алады (институт директоры Шайхислам Бекжанов). Университетте қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Қажым Жұмалиевтың ұсынысымен кафедра жанынан Абай кабинеті ашылады. Осы профессор Қ.Жұмалиев университеттің түлегі, шәкірті М.Мырзахметұлына 1961 жылы аспиранты болған кезде еркінен тыс талап етіп, «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген қиындығы мол күрделі әрі зерттелмеген тың тақырып береді. Коммунистік қоғамның идеологиясының қысымына ұшырап, сотталып ауыр азапты басынан өткерсе де, қайсар ғалым Абай мұрасын келер ұрпаққа жеткізетін, зерттеп, насихаттайтын абайтанушы тәрбиелеуді ел алдындағы міндетім деп санады. Унивеситет ұстаздары студенттерге Абай мұрасы тақырыбында диплом жұмыстарын жаздырып, арнайы курс, семинар дәрістері өткізіліп, ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастырылып, баяндамалар жасалып отырды. Профессор, филология ғылымдарының докторы Нығмет Ғабдулиннің құрастыруымен «Абай тағылымы» ғылыми жинағы шықты.
Абайтану ғылымы ұзақ жолдан өтті. Қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен бір саласы болып қалыптасты.
Бұл пән бастауын мектептен алу үшін М.Мырзахметұлы шәкірті Н.Керімбековпен бірге 5-9-сыныптарға арналған «Абайтану әліппесі» интеллектуалды оқу-әдістемелік кешенінің электронды нұсқасын әлемнің ең үздік технологиясымен Жапонияның Токио қаласында шығарды.
Авторы: Жабал Шойынбет, абайтанушы, Абай атындағы ҚазҰПУ хакім Абай ҒЗО директоры 17.08.2022 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|