Main /
Mass media about us
25.11.2022 Халықаралық жастар ғылыми форумы өтті
Тұрақты даму - қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму дегенді білдіреді. Тұрақты даму жолына түсу үшін адамзат Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «жақсы және тұрақты болашаққа қол жеткізу жоспары» ретінде әзірлеген 17 өзара байланысты мақсаттарды орындауы шарт. 2022 жылдың 24 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Тұрақты даму мақсатында жаратылыстану-ғылыми білім және ғылым парадигмалары» атты Халықаралық жастар ғылыми форумы да осы мәселеге арналды.
Форумның мақсаты - тұрақты даму идеяларына сәйкес қазіргі заманғы жаратылыстану мен білім берудің даму тенденцияларын талдау болды.
Форум жұмысының негізгі бағыттары мыналарды қамтыды: 1. Жаратылыстану-ғылыми білім және ғылым парадигмалары.
Спикерлердің жасаған баяндамамалары мен ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері төңірегіндегі қойылған сұрақтар мен пікірталастар форумның жоғары дәрежеде өткендігін білдірсе керек. Форум барысында Жас ғалымдар кеңестері бірлескен жобалар мен шараларды қолға алу және өзара ынтымақтастық орнату жайын талқылады.
Форум соңында Жаратылыстану және география институтының директоры, география ғылымдарының докторы, профессор Күләш Дүйсенбайқызы спикерлер мен белсенді қатысушыларға алғысхаттар мен сертификаттар табыстап, жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына сәттіліктер тіледі.
Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы: «Тегінде адам баласы - адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық», - деп ғылымның адам мен қоғам дамуындағы рөлін бір ғана сөйлеммен сипаттаған ғой, шіркін! Еліміздің әлем сахнасындағы орны мен рөлі де, экономикалық-әлеуметтік дамуы да барлығы ғылымды өркендету арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Форумға қатысқан ғылымның болашақ майталмандарының қазіргі беталысы, білім мен ғылымға деген құштарлығы және өзара тәжірибе алмасу арқылы өз әлеуеттерін көтере түсуі - көңілге қуаныш ұялатады. Жастардың бүгінгі жетістіктері - біздің тұрақты дамуымыздың кепілі!
Авторлары: Абай атындағы ҚазҰПУ-дың постдокторанты, PhD Шахислам Ұзақбайұлы Жаратылыстану және география институты деканының орынбасары, 25.11.2022 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com |