Абай университеті - педагогика ғылымдарының шамшырағы
Ескі жыл мен жаңа жыл тоғысар сәтте Abai university-інде ақ түйенің қарны жарылған үлкен қуаныш болды.
2022 жылғы қыруар еңбектің нәтижесі өз жемісін көрсетті. Расымен де, Abai university педагогикалық ғылымдардың көшбасшысы әрі флагманы екенін дәлелдеді. Оған басты себеп - университетіміздің ғылыми әлеуеті және оның жоғары білікті мамандар құрамының болуы. Біз мақтанатын ғалымдарымыз - Ұлттық ғылым академиясының академиктері М.Қ. Қойгелдиев, А.Е. Әбілқасымова, Ә.С. Бейсенова, Г.У. Уәлиев, Б.Ө. Сманов, академия мушелері Ф.Ш Оразбаева, А.Т. Құлсариева, Р.Б Абсаттаров, Г.К Кенжебаев, В.Н. Косов, З.Г. Уалиев.
Ал енді осындай академиктер ұжымында қызмет ететін педагогика-профессорлық құрамның 2022 жылғы жетістіктеріне тоқталайын.
- Қазақстан Республикасы бойынша ЖОО профессор-педагогикалық құрамның бас рейтингісі бойынша Топ-50 қатарына 4 профессор енді. Олар - В.Н. Косов, Е.А. Бурибаев, Ж.А. Хамзина, Б.С. Ахметова.
- Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығымен 2022 жылдың «Үздік ғылыми қызметкері» атағын университет профессоры Есенова Қалбике Өмірбайқызы иеленді.
- Мемлекет тарапынан берілетін атаулы сыйлықтар, оның ішіндегі «Шоқан Уәлиханов» атындағы Мемлекеттік сыйлықтың жеңімпазы «Мәңгілік ел қазағына хат» атты монографияның авторы, университетіміздің беделді ғалымы, професор Ішпекбаев Жанатбек Ешенқожаұлы атанды.
- Университетіміздің 3 оқытушысы мемлекет тарапынан 2022 жылдың «Үздік оқытушысы» атағына ие болды.
Сонымен қатар, 7 профессор Мемлекеттік стипендия жеңімпазы деп танылды. Олар - Есенова Қалбике Өмірбайқызы, Абишева Сауле Джунусовна, Хамзина Жанна Амангельдиновна, Айтенова Эльмира Абдикалиевна, Жунусбекова Азиза, Лайсханов Шахислам Узакбаевич, Уайдуллақызы Эльмира.
2022 жылдың ерекше жетістігі - 42 гранттық жоба үлкен бәйгеге түсіп, ұтып алды. Яғни, 2022-2024 жылдарға арналған гранттық ғылыми-зерттеу жобасы бойынша байқауға қатысып, жеңіске ие болды. Бұл басқа университеттермен салыстырғанда 3 есе жоғары жетістік деп танылды.
Сондай-ақ Ұлттық ғылыми кеңестің шешімімен 2 күрделі жоба 2022-24 жж. мақсатты-бағдарлы қаржыландыру жобасы бойынша мақұлданды.
Бұнымен қоса университетіміздің жас ғалымдары гранттық жоба ұсынуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда 9 профессор-зерттеуші және 20 постдокторант ҒЖБМ ұсынған «Жас ғалым» жобасына қатысуда. Ал 14 постдокторант және 5 phd доктор «Жас ғалым» гранттық жобасын ұтып алып, зерттеуге кірісіп кетті. Олардың зерттеулері де қазақ қоғамы үшін өзекті, оқу-ағарту ісі үшін маңызды тақырыптар болды.
Университет үшін дәстүрлі жетістікті байқап келеміз. 2021 жылдың соңында ұжым үшін маңызды оқиға болды. «Болашақ» конкурстық комиссиясының шешімімен әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтуге 16 ғалым-оқытушының өтінімдері мақұлданған болатын. Ал 2022 жылы он алты ғалым, олар докторанттар Д.Сабирова мен А.Сейілхан, оқытушылар Қ.Бекбенбетова, А.Қасымбек, С.Сайфулмаликова, А.Ерланқызы, М.Абсатова, В.Құрманбек, А.Өмірбекова, А.Жалалова, Т. Ақылбекова, Д.Қасымбекова, Қ.Сыман. А.Шорабек, Ғ.А.Қасымбек, Жұмаш АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Түркия, Ресей университеттерінде тағылымдамадан өту бағдарламасын сәтті аяқтады.
Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары еуропалық - DAAD және Erasmus+, Дүниежүзілік банктің «Мұғалімдердің білім беру әлеуетін күшейту» HAME қолданбалы ғылымдар университетімен (Финляндия) және жалпыазиялық (Asian Communication ) сондай-ақ бірқатар басқа да 9 халықаралық ғылыми және білім беру жобаларына қатысып, халықаралық әріптестікке қол жеткізуде.
Гранттық жобалардың нәтижелері жарияланымдар сапасында көрініс тапты. Бүгінгі таңда 500-ден астам оқытушылар мен ғалымдар Хирш индексінің иегерлері. 2022 жылы көрсеткіштер 30%-ға өсті: мысалы, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Scopus және Web of Science халықаралық деректер базаларында индекстелген жетекші ғылыми журналдарда 350-ден астам мақала жарияланды. Профессор-оқытушылар құрамының жариялау белсенділігінің арқасында ғалымдарымыз шетелде танылды, сарапшылық қызметпен айналысты, 15 профессор шетелдік ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшелері болып танылды.
Ғылыми-зерттеу шығармашылығы оқытушылық, білім беру ісінің ажырамас бөлшегіне айналды. 2022 жылдың өзінде бастауыш білім беру кафедрасының оқытушылары 36 оқулық, мектептер мен балабақшаларға арналған оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеп, еліміздің жетекші баспалары - «Алматыкітап», «Атамұрадан» басылып шықты.
2022 жылы Қазақстан Республикасының 23 ғылыми-зерттеу ұйымымен (ҒЗИ) келісімшарттар жасалды. Келісім шеңберінде Абай университетінде облыстар бойынша 14 бірлескен диссертациялық кеңес жұмыс істейді, олардың құрамына Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері кіреді. Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары ғылыми-зерттеу институттары жүзеге асыратын гранттық қаржыландыру жобаларына тартылса, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу институттарының 29 қызметкері біздің университетімізде сабақ берумен айналысады. Бұл - әріптестік байланыстың тығыз әрі берік екенін көрсетеді.
2022 жылдың айтулы оқиғасы, әрине, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шаралар университетімізде де дүркіреп өтті. Олар 2022 жылғы 27 сәуірде «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы және ұлттық құндылықтар» атты халықаралық конференция, 2022 жылғы 29 сәуірде «Ахмет Байтұрсынов - ағартушы-ғалым, гуманист» атты халықаралық конференция, «А.Байтұрсынұлы тағылымы» атты қалалық зияткерлік сайысы форматында тойланды және оның нәтижесі ретінде А.Байтұрсынұлының мамандандырылған кабинеті ашылды.
Университет өзінің тарихында әрқашан қызықты ғылыми оқиғалармен танымал болады. 2022 жылы 186 ғылыми іс-шара өткізілді, оның ішінде 32 ғылыми-теориялық және ғылыми-тәжірибелік конференциялар, оның ішінде 15 халықаралық конференция өткізілді. «Ғылым онкүндігі - 2022» аясында студенттерді ғылыммен таныстыруға бағытталған 154 жастар форматындағы іс-шара (флешмобтар, квесттер, дебаттар, викториналар, шеберлік сабақтары) өткізілді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ заманауи педагогикалық университетке қойылатын талаптардың барлығына жауап беретін, заман талабының көш басындағы рейтингі жоғары университеттер қатарында тұр. Осы деңгейден де жоғарылаймыз деген үміттеміз.
Abai university-дің 2022 жылғы жетістіктері мен табыстарын атап өте отырып, еліміздің ең көне оқу орнының соңғы жылдары қалыптасқан даму динамикасын, қазақстандық мұғалімдерді даярлаудағы көшбасшылық орнын сақтап қалуға, жоғары санатты университет пен ғылыми орталықтың халықаралық имиджін нығайтуға қосқан үлестері үшін ерекше алғысымызды білдіреміз! Abai university ұжымына шығармашылық табыс, сәттілік тілеймін!
2023 жылы Abai university өзінің 95 жылдығын атап өтеді. Мерейлі жылды жақсы қарсы алуға нәсіп етсін.
Ермек БӨРІБАЕВ
Зерттеу қызметі жөніндегі проректор, заң ғылымдарының докторы, профессор
30.12.2022 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz