Main
News
03.05.2017
Латын әліпбиіне көшу - уақыт талабы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қалыптастырумен қатар осы заманның сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақтылы үш жобасын ұсынғаны белгілі. Оның біріншісі - қазақ тілін латын алфавитіне біртіндеп көшіру, екіншісі «Жаңа гуманитарлық білім бойынша Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы болса, үшіншісі - жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы. Осындағы латын әліпбиіне көшу мәселесі 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланған «Қазақстан -2050» Стратегиясында да көтерілгені мәлім. Бұл Стратегияда Елбасы 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы нақтылы міндет жүктеген болатын. Н.Ә.Назарбаев өзінің жаңа еңбегінде: «... қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық»,-деді. Елбасының айтуынша, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығара бастауымыз керек. Әне-міне дегенше жобалы мерзім де таяп келеді. Сондықтан дайындық мәселесін жеделдету - кезек күттірмес міндет болып табылады. 2017 жылдың аяғына дейін, яғни биылдың өзінде, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылдануы керек, ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісу қажет. Әрине, осыншама қыруар жұмыс толық нәтижелі болғанша кириллица алфавиті де қолданыла тұрады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Рухани жаңғыру жағдайында латын графикасына көшудің өзектілігі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел басындағы басқосуды ашқан университеттің Бірінші проректоры, профессор Мүбарак Ермағанбетұлы Ермағанбетов осылай деді. Іс-шараны ұйымдастырған Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институты мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, модераторы-филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы Әбдіғазиев. Дөңгелек үстел басындағы мәжілісті жүргізген профессор Б. Әбдіғазиев Елбасының тапсырмасымен қолға алынып отырған латын әліпбиіне көшудің ел өміріндегі маңызына тоқталып, бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХ ғасырдағы ғылыми және білім беру үдерісінің ерекешеліктеріне байланысты туындап отырған мәселе екенін атап көрсетті. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Анар Мұратқызы Фазылжанова аталған ғылыми мекеме ғалымдары қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын дайындауға 2007 жылдан бастап кіріскенін айтты. «Бұл үшін республикалық комиссия құрып, әзірбайжан, өзбек, түрік ғалымдарымен кездестік,- деді А.Фазылжанова. - Осы процедураны жүргізіп, басы-қасында болған ғалымдармен тілдестік. Жоғарыда айтылғандай 2007 жылдан бері осы мәселе бойынша жинақталған мәселелердің жауабын тапқандаймыз. Қазір түркітілдес мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, ғалымдарын шақырып, комиссия құру керек деп жатыр. Тіл білімі институты шетел тәжірибесінің оң-солын зерделеп шықты. Бізге осы тәжірибені пайдалану керек. Себебі басқа ұлттардың ғалымдары бізге әліпби жасап бермейді. Сондықтан өзіміз әрекет жасағанымыз абзал. Бұл істе өз ғалымдарымыздың әлеуетін пайдалануымыз керек». Осы сөзінде ғалым Анар Фазылжанова жекелеген дыбыстарды латынша таңбалаудың қиындықтарына да айрықша тоқтала келіп, бұл мәселеге өте мұқият болу керектігін ескертті. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек қазіргі қолға алынып жатқан тірліктің бәрі біз үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасалынып жатқан дүние екенін баса айтты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ тілі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева латын әліпбиін игерудің әдіснамалық ерекшеліктеріне тоқталды. Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Зейнеп Мүсілімқызы Базарбаева латын әліпбиіне көшудің тәжірибесі мен әлеуетіне назар аударды. Сондай-ақ «Латын графикалы әліпби құру принциптері» және «Жоғары оқу орындарының білім беру жүйесінде латын гарфикасын қолданудың өзекті мәселелері» тақырыптарында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Тіл білімі институты, Алматы қаласы ЖОО-лары ғалымдарының, докторанттары мен магистранттарының арасында пікір алмасу өтті. Мәжіліс Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына байланысты латын әліпбиін дайындауды тездетуге бағытталған.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз орталығы
|