қазақша · русский · english
   
  Main  News
07.03.2023

 

Құрметті оқытушылар мен қызметкерлер!


Қадірлі студенттер!

 

Абай университетінің педагог-ұстаз, профессор-ғалым және барша нәзік жандар қауымын 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Құрметті ханымдар, Сіздерсіз біздің өмірімізді елестету мүмкін емес. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлестеріңізді жоғары бағалаймыз және құрметтейміз.

 

Университетіміздің 95 жылдық тарихында ғылымның көптеген салаларында ғалым-әйелдердің жетекшілігімен көптеген мектептер қалыптасты. Бүгінде Абай университетінің ТОП-5-не Алма Әбілқасымова, Қорлан Жампейісова, Фаузия Оразбаева, Ұлжарқын Әбдіғапбарова, Жанна Хамзина секілді ғалым әріптестеріміздің өлшеусіз еңбегін ұсынуымызға болады. Сонымен қатар бүгінгі таңда ғылыми-педагогикалық қызметтегі жарқын жетістіктерімен, қоғамдық өмірге белсене араласып, университетіміздің беделін асқақтатып жүрген басқа да зерттеуші арулар, соның ішінде өте жас ғалымдар да жетерлік. Университетімізде оқуда ғана емес, өмірдің басқа да салаларында - спортта, мәдениетте, өнерде біршама жетістіктерге жеткен студент қыздар аз емес.

 

Бүгінде оқу орнымызда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалпы саны 1739 адам болса, оның 1375-і мен 16 мыңнан астам жас білім алушыларымыздың 11 613-і аяулы арулар.

 

Құрметті ханымдар мен ханшайымдар!

 

Сіздерге Абай университетінің өркендеуіне қосқан сүбелі үлестеріңіз бен еліміздің білім, ғылым, мәдени, қоғамдық және әлеуметтік салаларын дамытудағы баға жетпес қажырлы еңбектеріңізге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді! Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз, көреген даналықтарыңыз, аса жоғары шыдамдылықтарыңыз бен жігерлеріңіздің арқасында университетіміз заман көшінен қалмай келеді. Кәсіби шеберлік пен қажырлы еңбегіңіздің арқасында ғылым мен ұстаздық жолда биік мінбеден көрініп, оқу орнымыздың гүлденіп-көркеюіне үлкен жанашырлық танытып, біздің әлемімізді жарқын және қуанышты ете білгендеріңіз үшін рахмет!

 

Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт және отбасыларыңызға амандық тілеймін.

 


Құрметпен, ректор Дархан Біләлов