Main
News
29.03.2023 Таза су - денсаулық кепілі
Frendly Campus құру бағыты бойынша Университет стратегиясының тармақтарын орындау мақсатында Жаратылыстану және география институты өз дамуында жасыл даму қағидаттарын (Green Campus) және Тұрақты даму мақсаттарын ұстанады.
Мәселен, институттың ұйымдастыруымен 2023 жылғы 29 наурызда жыл сайын 22 наурызда атап өтілетін Дүниежүзілік су ресурстары күніне арналған «Таза су және санитария» Тұрақты даму мақсатын орындауға бағытталған «Таза су - денсаулық кепілі» іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында «География-тарих», «Экология», «Биология» және «Химия» мамандықтары студенттерінің таза суға қол жеткізудің маңыздылығы туралы баяндамалары тыңдалды. «6В05202-Экология» мамандығының 3 курс студенттері Айдана Алтынбаева, Айгерім Қызайхан, Назерке Жұмағали Тұрақты дамудың мақсаттары мен таза ауыз су тапшылығы, оны тұтыну туралы статистикалық мәліметтер келтіре отырып, университет студенттерінің дүкенде сатылатын бөтелкедегі суды пайдалануы барысында 1 күнде, 1 айда және 1 жылда қанша пластик бөтелкені қоқысқа тастайтындығын анықтап, тұтынудың рационалды моделіне ауысуға (ТДМ - 12) шақырды.
«6В01516 - География - тарих» мамандығының 1 курс студенттері Диана Ахметжанова, Әмір Әлім су туралы қызықты мәліметтермен бөлісті, «6В01513-Биология» мамандығының 3 курс студенттері Зейнеп Дүйсенбекқызы, Тілекші Бекмурзина ауыз судың ағзаға әсерін анықтау мақсатында Алматының үш ауданында су сапасына жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін көрсетті. Ал, «6В05301-Химия» мамандығының 2 курс студенттері Алина Иманғали, Аружан Пердебай, Шаттықжамал Романова, Нұршат Белғожа, Толқын Валерианова, Маржан Накнавина және 3 курс студенті Альбинаис Сейткабулова - шара қонақтары алдында күнделікті тұтынатын ауыз судың сапасын анықтау бойынша зертханалық жұмыстарды орындады.
Іс-шара соңында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әкімшілік және қаржы қызметі жөніндегі проректоры Клара Исакова, Жаратылыстану және география институтының директоры Куляш Каймулдинова сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға, студенттерге алғыстарын білдірді. Ары қарай университеттің бас ғимаратында сүзгілі «AquaPoint» ауыз су фонтанының ашылу салтанаты өтті. Бұл құрылғының ерекшелігі - ол суды сүзгіден өткізе отырып, ауыз су ретінде тұтынуға жарамды етеді, қолдану үшін ыңғайлы (студенттер, университет қызметкерлері ыдыстарға құйып алып, пайдалануына болады) және қоршаған ортаға зиянды пластик бөтелкелерді тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді. Іс-шарадан кейін қатысушылар университет аумағын көгалдандыру мақсатында шырша көшеттерін отырғызды.
Іс-шараны өткізуге Жаратылыстану және география институты директорының ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Қ.Муздыбаева, «Химия», «Биология», «География және экология» кафедраларының оқытушылары И. Райымбекова, Р. Ысқақова, М. Ахтаева, Ж. Жарылқасынова үлкен үлес қосты.
|