Main
News
17.04.2023 Абай университетінде педагогикалық білім беруді дамыту перспективалары талқыланды
Абай университетінде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігінің «Педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесінің перспективалары мен дамуы» тақырыбында кеңейтілген мәжілісі өтті.
Отырыс модераторлары ОӘБ-ЖБТ төрағасы, Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Дархан Біләлов, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова, сондай-ақ академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжан Жарасова болды.
Мәжіліске ҚР ҒЖБМ, педагогикалық бағыттағы кадрлар даярлауды жүзеге асыратын еліміздің 50-ден аса жоғары оқу орны, облыстық, қалалық білім басқармалары, орта және арнаулы орта оқу орындарының өкілдері қатысты.
Дархан Біләлов өз сөзінде салалық министрлік өкілдерінің қатысуымен өткен кездесудің маңыздылығын айтып, күн тәртібіндегі талқыланатын мәселелер педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
ОӘБ отырысында кіріспе сөз және баяндамамен жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясат туралы ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова сөз сөйледі.
Отырыс барысында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының м.а. Бану Нарбекова ҚР-да 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының негізгі постулаттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Отырыста сондай-ақ: Абай атындағы ҚазҰПУ Стратегия, цифрландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжан Жарасова, Назарбаев Университеті Білім жоғары мектебінің біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша директоры Жаныл Жонтаева, Бүкіләлемдік Банк жобасының негізгі сарапшысы Гүлниса Жүнісова, Абай атындағы ҚазҰПУ білім бағдарламаларын жобалау департаментінің директоры Адиля Байдильдина, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Академиялық бағдарламаларды әзірлеу бөлімінің жетекшісі Мария Қабышева, «Astana IT University» бірінші проректоры Серік Өмірбаев, ҚР ҒЖБМ Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының директоры Айдос Мұхатаев, Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі (IAAR) бас директорының кеңесшісі Ольга Яновская сөз сөйледі.
Отырысқа қатысушылармен бірлесіп «Білім беру және оқыту» пәндік саласы бойынша QS WUR Халықаралық рейтингінің өлшемдері, «ҚР педагогикалық әлеуетін күшейту» ӘБ жобасы шеңберінде әзірленген білім беру бағдарламалары, білім беру сапасын қамтамасыз етудің Ұлттық жүйесі, педагогикалық білім беруді аккредиттеудің ұлттық стандарты, аккредиттеу педагогикалық білім беру сапасын сыртқы қамтамасыз ету жүйесінің құралы ретінде: кейстер және талдау туралы өзекті мәселелер талқыланды.
Отырыстың екінші жартысында педагогикалық білім беру сапасын ішкі қамтамасыз ету жүйесінің жекелеген мәселелері бойынша тақырыптық баяндамалар тыңдалды, яғни стандарттардың мазмұны шеңберінде ҚР ҒЖБМ Жоғары білім беруді дамыту Ұлттық орталығы жоғары білім беру мазмұнын басқару офисінің басшысы Амина Мұхамбетова, академиялық мәселелер жөніндегі проректорлар: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінен Дана Әбдірашева, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінен Айнаш Құдышева, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінен Ольга Андрющенко, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен Асхат Чукуров сөз сөйледі, сондай-ақ педагогикалық білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесін одан әрі дамыту үшін ұсыныстар берілді.
|