Main
News
03.05.2012 «Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күйде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артар. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...» (Міржақып ДУЛАТОВ)
Поэзияда, музыкада, даналықта, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар қалдырған, ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған, елі үшін күйіп-піскен, азапқа түсіп, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанға батырып бүкпесіз ашық айтқан, өз халқының тарихын тереңге жайған таңғажайып тұлға Абайдың байтақ мұрасын аялап, қара сөздерін бағалап, онан бүгінгі жас ұрпағымыз тәрбие алып келеді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қашанда есімі елге елеулі, сөздері халқымыздың жадында жүретін Абайдың әндерін, өлеңдерін, қара сөздерін, өшпес мұрасын студент-жастарды терең зерделеуге бастайтын «Абай әлемі» атты республикалық студенттік өнер фестивалі болып өтті. Фестивальдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде университет ректоры, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев бұл іс-шараның мақсаты ұлы ақынның шығармашылығын студенттер арасында кеңінен насихаттау, оларды тағылымы терең тарих сабақтары мен ұлттық құндылықтарға бағытталған мәдени іс-шаралар арқылы тәрбиелеу, ақын шығармалары арқылы студенттердің бойына рухани адамгершілік, имандылық, патриоттық, отаншылдық қасиеттерін сіңіру, дарынды жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету, Абай мұраларының ішкі сырын жастардың терең ұғынуына ықпал жасау екенін атап көретті. Фестивальға Қазақстанның 9 облысынан, 23 жоғары оқу орындарының 70-тен астам өнерпаз студенті қатысты. «Абай әндері» аталымы бойынша Бас бәйгені С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Айдын Әбдіюсупов жеңіп алды. Осы аталым бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің квартеті І орынға ие болса, ІІ орынға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Ердос Жандарұлы, ІІІ орынға Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенті Нариман Абдрахманов табан тіреді. П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің білімгері Жұлдыз Исқақов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Жанна Верещак пен Русланбек Шанаев фестивальдің дипломанты атанды. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенті Ардақ Нүсіпхан, Тараз мемлекеттік университетінің студенті Марал Айдарбекова, Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Еркебұлан Құмаров, Семей мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Мәдина Байбосынова ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Біржан Есжановқа фестивальдің арнайы жүлдесі берілді. Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқудан Бас бәйгеге Семей мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Бауыржан Игіліков ие болса, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Нұрсұлтан Серіков - бірінші, Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Сұңғат Әлібаев - екінші, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Жұмаш Есенәлі үшінші орын алды. Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу байқауында Бас бәйгені Семей пединститутының студенті Арман Шеризат қанжығасына байласа, бірінші орын жеңімпазы Ақтөбе пединститутының студенті Тоғжан Жоланова болды. Екінші орынды Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Индира Бектеген, үшінші орынды Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Гүлжайна Жүсіпова иеленді. Осы номинация бойынша Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Бекзат Смағұлов пен Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Жомарт Алтынардақ фестивальдің дипломанттары атанды. Биыл екінші рет өтіп жатқан фестиваль аясында дәстүрлі «Абай айтады...» акциясы да болып өтті. - «Қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің төрінде өткізіліп жатқан дәстүрлі «Абай әлемі» республикалық фестивалі өз мәресіне жетті. Алматы аспанында ұлы Абайдың «жүректен кіріп бойды алар» таңғажайып әуезді әуендері шарықтап, таңдаушысын ой тереңіне жетелеген даналық сөздері мен өлеңдері тыңдарманының жүрегін тебірентті. Екі күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаз жастар өз өнерлерімен Абай әлеміне тереңнен бойлап, данышпан ойшылдың рухани дүниесінен үн қатса, тыңдарман қауым ұлы Абайды жаңа қырынан танығандай, жаңа әлемнің құшағында қайта туып, қайта гүлдегендей терең әсер құшағында тербетілді. Абай әлемі, асылында, сонысымен де ерек» -, деп қорытындылады байқауда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры М.Ермағанбетов. Ол байқауға қатысқан өнерпаздарға және оларды жіберген оқу орындарының басшыларына алғыс айтты.
|