қазақша · русский · english
   
  Main  News
03.05.2012

28 сәуірде Абай   атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универитетінде «Қазақстан Республикасында  үздіксіз көркемсуреттік   білім беру: сәндік қолданбалы өнер - 2012» тақырыбында  халықаралық  ғылыми-тәжірибелік  конференция болып өтті. Оған  Қазақстан,  Қырғызстан, Өзбекстан,  Иран республикаларынан  көрнекті өнертанушы  ғалымдар қатысты.

Конференцияны университеттің бірінші проректоры, профессор  М.Ермағанбетов  ашты. Пленарлық мәжілісте  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті  көркемсурет факультетінің деканы, ҚР Ұлттық білім академиясының  академигі,  педагогика ғылымдарының докторы, профессор  Б.Әлмұхамбетов  «Жартылай  этникалық  мемлекеттегі  сәндік  қолданбалы өнер», Қырғызстаннан келген ғалым Т.Байбосынов  «Қырғыздардың  сәндік  қолданбалы өнеріндегі  дәстүр мен  инновация», Ирандағы  Шираз өнер университетінің оқытушысы  Расул Данапур «Хота кори» колөнерінің қазіргі таңдағы ерекшеліктері», Иран ислам республикасының  белгілі гобеленшісі  Сима Сабзевари  Джоузани «Түксіз кілем (гобелен) тоқу шеберлігі», Абай атындағы ҚазҰПУ Сәндік қолөнер  кафедрасының профессоры  Ж.Тұрдығұлов «Арнайы қолөнерге  оқытатын  оқу орындарындағы  домбыра  үйірмелері  және  музыка мен қолөнер  арасындағы байланыс» тақырыбында баяндамалар жасады.

Конференцияға қатысушылар  Бас ғимараттың  фоесінде  жасақталған «Сәндік қолданбалы өнер туындылары» көрмесін тамашалады.Университет профессор-оқытушыларының  қолынан шыққан өнер туындылары  көрмеге  сала-сала бойынша қойылыпты. Бірінші бөлімде  көпшілік  киізден  жасалған өнер туындыларымен танысты. Киізге салынған ою-өрнектер, әр алуан кескіндер,  сырмақтар, қоржындар,  аяққап,  ыдыс қаптар көздің жәуін алады.  Ұлттық нақышқа толы кілемдер мен гобелендер де көрменің салтанатын асыра түскен. Әртүрлі асыл тастармен, ұлттық өрнектермен өрнектелген зергерлік бұйымдарға  қызықпаған кісі кемде-кем. Күмістен және басқа да түсті металлдардан соғылған  білезік,  сақина, жүзік, сырға, шолпылар халқымыздың  зергерлік өнерін  асқақтата түскендей. Ал онан әрі  қойылған сандық, кебеже, кесе, тостаған  сияқты қазақ халқының  тұрмыстық бұйымдары  да ұлттық  сән-салтанатқа толы. Күміспен күптелген  ат әбзелдері - ер-тұрман,  жүген,  қамшы, өмілдірік сияқты  қолөнер туындылары  да көздің жәуін алады.

Кез-келген халықтың өзіне тән ұлттық мәдениеті, ғасырлар бойы қалыптасқан  тарихи этнографиялық ерекшеліктері болады десек, солардың негізгі арнасы  - халық өнері. Ықылым  заманнан бері  атадан  балаға мирас болып келе жатқан аса зор байлығымыздың маңыздысы да  әрі баға жатпес құнды қазынасы  да осы ұлттық қолөнеріміз. Олай болса  университет  оқытушылары  мен профессорларының, студенттерінің қолынан шыққан  қолөнер туындыларының  көрмесі  біздің  ұлттық ерекшеліктеріміздің  тағы бір айғағы болды.

Қолөнер көрмесінде сөз сөйлеген ҚазҰПУ профессорлары  Б.Әлмұханбетов, Ж.Тұрдығұлов  және басқалар  бүгінгі  көрменің  ұлттық қолөнерімізді  насихаттау  мен оны  оқу-тәрбие  үрдісінде  онан әрі  жетілдіру  мәселелерін сөз етті. Көрменің  ашылу салтанатының  Абай атындағы ҚазҰПУ проректорлары мен М.Ермағанбетов, А.Құлсариева  қатысты.