қазақша · русский · english
   
  Main  News
08.09.2023

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей- үйіндегі әдеби-танымдық сағат


2023жылғы 7 қыркүйекте Абай университеті Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ халқының бiртуар ұлы, қазақ әлпібиінің негізін салған белгілі ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен Тілдер мерекесіне орай Ассамблея студенттеріне арналған әдеби-танымдың сағаты өтті. Іс-шара Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінде өткізілді.

 

Музей қызметкерлері студенттерді Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен жан - жақты қоғамдық қызметтері туралы, оның тағдырына қатысты жәдігерлермен, бұрын жарияланбаған соңғы мәліметтермен таныстырды. Ұлы тұлғаның пайдаланған заттары мен кең таныла қоймаған композиторлық қыры туралы ақпарат жастарға ерекше әсер етті. Әсіресе, қазақ халқының белгілі қоғам қайраткерінің авторлық туындысына жататын «Арман» күйін студенттер оның музей-үйіндегі электрондық нұсқасын қызыға тыңдап, рухани ләззат алды.

 

Әдеби-танымдық сағатты университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Ш.Нұрланов ашып, Қазақстан халқының Тілдер мерекесімен құттықтады және Ахмет Байтұрсынұлының Абай атындағы ҚазҰПУ тарихындағы орнына баса назар аудартты. Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Г.Шаһарман, «Тұлғатану» орталығының басшысы Б.Сапаров қосымша мәліметтерімен бөлісті. Ассамблея жастарынан 1-4 курс студенттері А.Байтұрсынұлының шығармашылығынан және өздерінің арнау өлеңдерін мәнерлеп оқып, күйлерін орындады. Танымдық тәрбие сағатының мазмұнды өтуіне үлес қосқаны үшін, жастар музей директоры Р.Имаханбет пен қызметкерлеріне алғыс білдіріп, университетке жақсы әсермен оралды.

 

  alt=    alt=  

 

  alt=