Main
News
27.06.2012 ХХ ғасырдағы қазақ зиялыларының тағдыры ауыр болды. Солай екенін тарих растайды. Тарих жазыла береді. Жазылып та жатыр. Олардың ішінде есімі мен атқарған қызметі ерекше тұлғалар аз болған жоқ. Солардың бірі - Қабылбек Сарымолдаев. Ол Меркідегі орыс-қазақ мектебінде Тұрар Рысқұловпен бірге оқып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін өз көзімен көрген, кейін Меркіде Т.Рысқұловтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылған «Қазақ жастарының революциялық одағының» белсенді мүшесі болған қайраткер. Алғашқы саяси ұйымда шыңдалау мектебінен өткен Қ.Сарымолдаев Әулиеатада билік кеңестердің қолына өткеннен кейін әртүрлі басшылық қызметтер атқарған. Атап айтқанда, Әулиета СОВдеп-тің, төрағасы қызметінде болды. ТурЦИК-тің мүшесі, Азық-түлік халық комиссарияты коллегиясының мүшесі болды. 1919 жылы Аштыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияны басқарып, жүздеген мың адамды аштықтан аман алып қалу жолында күресті. 1921 жылы Қазақ АССР Ішкі Істер халық комиссарының орынбасары қызметіне ауыстырылды. 1923 жылы Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатылды. Хорезм Республикасында да басшылық қызметтер атқарған. 1927 жылы Қазақстан Халық шаруашылығы Орталық кеңесінің төрағасы, 1928-1931 жылдары Республика Жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, 1931 жылы Қазақ АССР Жер шаруашылығы халық комиссары, 1933 жылдан 1936 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы, 1936 жылы Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі халық комиссарының 1-орынбасары сияқты лауазымдық қызметтерді абыроймен атқарған тұлға 40 жасқа да жетпей «халық жауы» атанып, атылып кетті. Міне, осынау билік тізгінін ерте ұстаған талантты басшы, іскер ұйымдастырушы, халқына қалтқысыз қызмет еткен Қабылбек Сарымолдаевтың өмірі туралы архив деректері негізінде көркем тілмен жазылған «Дауылда туған дарын» атты кітаптың авторы қаламгер Мұхтар Қазыбек және «Қайраткер Қабылбек Сарымолдаев» атты естеліктер кітабының тұсаукесерін бірге өткізді. Осы жиында сөз алған белгілі тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелді: «Халық жауы» болып ұсталған қазақ зиялыларының ішінде тергеу материалдары ең көбі осы Қабылбек Сарымолдаевтың ісі. Бірақ тергеу материалдары толық емес. Жойылған. Неге жойылған? Бұл істің мән-жайын біле алмаудамыз. Жалпы қазақ зиялыларының репрессияға ұшырағаны жөніндегі материалдар зерттеушілерге берілуі тиіс. Өкінішке орай, осыған қол жеткізе алмай келеміз... Осы Қ.Сарымолдаевтың мына Өзбекстан жағында қызметте болғанын растайтын материалдар зерттеушілер үшін қол жетімді емес. Осы екі кітапта да сол жақтағы атқарған қызметтері туралы мәліметтер жетіспей тұрғанын байқауға болады, Дегенмен авторлардың ізденісі, архивтік құжаттардың негізінде әзірше беймәлім мәліметтерге сүйене отырып тәп-тәуір еңбекті жарыққа шығарғаны құптарлық» - деді. Тұсаукесерде сөз алған ғалымдар К.Нәрібаев, Б.Кәрібаев, Т.Төлебаев, А.Ақыш, С.Өтениязов, тағы басқалары кітап кейіпкері Қ.Сарымолдаевтың қайраткерлік тұлғасын жан-жақты ашуға, оның ел мүддесі жолында бар мүмкіндігін жұмсаған жаңашыл реформатор басшы болғанын нақты мысалдар арқылы айтып, кітаптар туралы өз пікірлерімен бөлісті. Жиынның қорытынды сөзін сөйлеген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Дана Мұқатқызы тұсаукесер рәсіміне келіп, өз пікірлерімен бөліскен ғалымдарға, зиялы қауымға алғыс айтты. Баспасөз орталығы.
|