қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
03.11.2023

Қазақ педагогика білімінің көшбасшысы

 


 

Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны, бүгінгі таңдағы жоғары педагогикалық білімнің көшбасшысы санатындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті биыл 95 жылдығын атап өткелі отыр.


Алғашқы құрылған күннен бастап ұзақ жылдар бойында қоғам өмірінің барлық салалары үшін жаһандық бәсекеге қаблетті білікті мамандар даярлау, ұлттық зиялылар мен ғалымдар мектебін қалыптастыру, оқу-тәрбие және ғылыми жұмыстарды дамытудағы аталған оқу орнының алатын орны ерекше. Жоғары білім көшін бастаған қара шаңырақтың абырой-беделі жылдан жылға еселеп артып келе жатқаны өз алдына, өзінің ғасырға жуық тарихында қол жеткізген табыстары да ауыз толтырып айтарлықтай.

 

Әр халықтың тағдыры мен даму тарихында өшпестей із қалдыратын айтулы оқиғалар, мәдениет пен өркениетті бір саты алға апаратын маңызды да мәнді кезеңдер болады. Мінеки, Қазақ АКСР Халық комиссарлары кеңесінің 1927 жылғы 23 наурызда қабылдаған қаулысы негізінде 1928 жылы қазан айында Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - ҚазПИ-дің шаңырақ көтеруі кең байтақ даланың иесі - қазақ халқының тарихындағы ерекше оқиғаның бірі ретінде қабылданады.

 

Бастапқы кезде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерді қамтыған жалғыз ғана факультет негізінде құрылған институт ұлы ойшылдар Абай мен Ыбырайдың арман еткен істерінің жүзеге асуының айқын бір сипаты іспеттес болғаны анық.

 

Алғашқы кезде мұнда педагогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық факультеттерді құруды жобаланғандығын айта кету керек, олар 1932-1933 оқу жылында жұмыс істеуге кірісуге тиіс болатын. Алайда, қоғамда орын алған ауыртпалыққа қарамастан, жас республиканың экономикасы мен шаруашылығы, мәдениеті мен әдебиеті осы тұста қарыштап дами бастады. Бұл жағдай қазақ сахарасындағы сауатсыздықты жою міндетін алға қойып, халық шаруашылығының барлық саласы үшін бәрінен бұрын педагог кадрларды қарқынды түрде даярлауды талап етті. Осылайша жаңадан ашылған жоғары оқу орнын дербес педагогикалық бағытта оқытатын институт ретінде қалыптастыруды өмірдің өзі ұсынды.

 

Елімізде шаңырақ көтерген тұңғыш жоғары оқу орны 1930 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта құрылды.


Ал, 1935 жылы институтқа қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абайдың есімі берілді, ол бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті деп аталады.

 

Институтқа алғашқы қабылдау екі кезеңде - 1928 жылдың қыркүйек және қазан айларында өтті. Қазақ АКСР Халыққа білім беру комиссариаты округтердің санына орай жоспарды бөлу жұмыстарының негізінде институтқа 124 адам қабылданды, оның 28 әйел болатын. Студенттердің құрамы да сан этностың өкілдерінен тұрды. Оның ішінде қазақтардың саны - 76, орыстар - 42, сонымен қатар 3 татар, 2 еврей, 1 неміс оқыды. Студенттердің 75 пайызға жуығы стипендиямен қамтамасыз етілді, шалғайдан келген жастарға жатақханадан орын бөлінді.

 

Алғашқы кезде ҚазПИ үшін оқытушылар құрамын білікті кадрлармен қамтамасыз ету аса маңызды мәселеге айналды. Бұл міндет екі жолмен шешілді: біраз мамандар жергілікті кадрлардың өз арасынан даярланса, қалғандары Мәскеу, Ленинград сияқты қаладағы жоғары оқу орындарынан шақырылды. Бірінші жылдары ұстаздар құрамы небәрі 9 адамнан тұрды. Олар 3 профессор - Санжар Асфандияров, Ахмет Байтұрсынов, Николай Фатов, 4 доцент - Едіге Мансұров, Халел Досмұхамедұлы, Әлімхан Ермеков, Василий Потапов және 2 ассисент - Борис Ровинский, Владислов Дубощин болды. Олар жағдайдың күрделілігіне қарамастан, студенттерге өз білімдерін үйретуден аянған жоқ.

 

Алғашқы жылдары институт қабырғасында үлкен еңбек сіңірген Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов, Төлеген Тәжібаев, Шамғали Сарыбаев сынды қазақ халқының өкілдері оқытушылық қызмет атқарды. Осында жұмыс істеуге Ресейден математик Б.Л. Кругляк, физик В.Ф. Литвинов, биолог С.В. Логинов, эмбриолог А.А. Захваткин сынды белгілі ғалымдар келді. Сондай-ақ, белгілі тіл мамандары Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев, М. Жолдыбаев, Э. Бектұров, профессорлар М. Сильченко, Н. Смирнов, Б. Оразбаев, А. Фигуровский, В. Бордаков, П. Глоголев, П. Кунте, О. Суворова, Р. Ламберг, Б. Бірімжанов; доценттер М. Маркович, Т. Мұсақұлов, М. Копылов, тағы басқалар дәріс беріп, маман тәрбилеуге белсене атсалысты.

 

Осы жерде Қазақстанның алғашқы оқу орнын ұйымдастыруда оның тұңғыш ректоры, көрнекті мемлекет қайраткері, талантты ғалым және педагог, республикадағы ғылымның негізін қалаушылардың бірі - Санжар Асфендияров есімін зор құрметпен атаған жөн.


1928-1937 жылдар аралығында ҚазПИ-дің, Алматы медицина институтын ұйымдастырушылардың бірі және алғашқы ректоры, Қазақ АССР Денсаулық сақтау халық комиссары және Халық ағарту комиссары, Қазақтың ұлттық мәдениеті ғылым-зерттеу институты тарих секторының меңгерушісі, КСРО ғылым академиясы Қазақ филиалының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған оның есімі тек ҚазПИ-дің ғана емес, ұлт тарихында да алтын әріптермен жазылды. Араб, парсы, ағылшын, фрнацуз тілдерін жетік меңгерген дарынды ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері С. Асфендияров оқу орнының ұйымдастырушылық жұмысын жан аямай атқарды, алғашқы студенттерді қабылдады. Институттың оқу-материалдық базасын қалыптастырып, оны оқулықтармен, көрнекті құралдармен, оқытушы құрамымен қамтамасыз етуге және республикаға қажетті мамандар - білікті мұғалім кадрларын даярлап шығаруға өлшеусіз үлес қосты.

 

ҚазПИ алғашқы жылдардың өзінде-ақ көптеген білікті мамандарды дайындап шығарды. Бүгіндері есімдері жалпақ жұртқа танымал мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, ақындар мен жазушылар, оқу-ағартуға еңбегі сіңген ұстаздар мен педагогтар, академиктер Қ. Жұмалиев, О. Жәутіков, М. Қаратаев, Н. Сауранбаев, А. Нүсіпбеков, М. Ғабдуллин, С. Толыбеков; белгілі қаламгерлер Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, Т. Жароков, Х. Есенжанов, Қ. Бекхожин, М. Әлімбаев, С. Байқадамов, қазақтың тұңғыш паршютші қызы З. Күленованың - «қарт» ҚазПИ-дің алғашқы түлектері екенін мақтанышпен атап өтуге болады.

 

Соғысқа дейінгі жылдар - Абай атындағы ҚазПИ үшін даму мен қалыптасудың ең бір маңызды кезеңі болды.


Институттың профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттік ұжымының абырой-беделі асқақтай түсті, олар жетілу, кемелдену сынағынан өтті. Оқу орны республикадағы ғылыми ой орталықтарының біріне айналды. Тіл мен әдебиет, тарих пен жаратылыстану ғылымдары саласы бойынша алғашқы зерттеулер жүргізілді. Еліміздегі білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау сапасы жақсарып, педагог қатарының көбеюі жағынан ҚазПИ-дің рөлі өлшеусіз өсті. Одан кейін басқа да жоғары оқу орындарының, Ғылым академиясының және өзге де білім-ғылым, мәдени мекемелердің құрылуы мен қалыптасып, өркендеп дамуына оқу орнының қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай.


Екінші дүниежүзілік соғыс институт ұжымына үлкен ауыртпалық әкелді. Бұл кезеңде институт оқытудың үш жылдық мерзіміне көшті. Соғыстың алғашқы жылдарында бірнеше оқу ғимараты мен жатақханалар қорғаныс зауытының қарамағына берілді, аудиториалар мен бөлмелер жетіспеді. Сабақтар таңғы 8-ден түнгі 23-ке дейін өткізілетін.

 

Институттың көптеген оқытушылары мен студенттері соғыстың алғашқы күндерінде-ақ өз еріктерімен майданға аттанды. Майдан далаларында олар асқан ерлікпен шайқасты. Соғыстағы жауынгерлік және еңбектегі ерліктері үшін ҚазПИ-дің көптеген оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері орден-медальдармен марапатталды. Оның ішінде 8 азамат сол уақыттағы ең жоғарғы награда - Кеңес Одағының Батыры деген атаққа ие болды. Олар - Мәлік Ғабдуллин, Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рақымжан Тоқатаев, Ахмедияр Хұсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреусов. Соғыстан кейінгі жылдарда мұғалім кадрларына деген сұраныс күрт өскендіктен Абай атындағы ҚазПИ-дің жұмысы жанданды. 1946 жылы күндізгі бөлімнің бірінші курсына 362 студент қабылданса, сырттай оқуға 60 адам түсті. Ал 1956 жылы күндізгі бөлімге 567 студент түссе, сырттай оқуға қосымша 594 қабылданды.

 

Абай атындағы ҚазПИ өзінің 50-жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алғанын (1978 ж.) атап өту керек. Бұл кезде институттағы студенттердің саны еселеп өсіп, бірқатар жаңа факультеттер мен жаңа мамандықтар ашылды, сонымен бірге жоғары білікті мамандар келіп қосылды. Атап айтқанда 39 кафедрада 400 оқытушы, оның ішінде 16 ғылым докторы мен профессор, 200-ге жуық ғылым кандидаты мен доцент жұмыс жасады.

 

Педагогикалық мамандарды даялау мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстары мен жетістіктері үшін институт КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды.


Осы кезеңдегі институт түлектері, еліміздің ғылымы мен мәдениетінің көрнекті өкілдері С. Аманжолов, Ғ. Қайырбеков, А. Ысқақов, С. Қасқабасов, Ж. Саин, Г. Омарбекова, Р. Сыздықова, Г. Садуақасова, Ш. Сәтбаева, А. Закарин, тағы басқалардың есімдерін мақтанышпен айтып өтуге болады. Сол секілді институт қабырғасында білім алған түлектердің ішінде еліміздің білім, ғылым және мәдениет салаларын дамытуға зор үлес қосқан Т. Тәжібаев, М. Әбдіхалықов, К. Айманов, А. Сембаев, Н. Жанділдин, С. Қирабаев, Д. Бейсенов, Б. Бөлтірікова, Ә. Бейсенова, Ә. Шәріпов, Ө. Жәнібеков, Е. Мәметқазиев, М. Ахметова, А. Тұсарбеков секілді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерін де құрметпен еске аламыз.

 


Өткен ғасырдың 90-жылдары еліміздің егемендік алуына байланысты Абай атындағы қазақ педагогикалық институты даму тарихында жаңа кезеңге аяқ басты. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясы қабылданып, 1991 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң күшіне енді. Қоғамның саяси әлеуметтік құрылымының өзгеруі, нарықтық қатынастарға көшу жоғары білім беру және жаңа кадрларды даярлауды ұйымдастыру ісіне уақытқа сай жаңа талаптар жүктеді. Сөйтіп педагогикалық мамандар даярлаудың тәуелсіз ел мазмұнында білім берудің халықаралық, демократиялық стандарттармен жақындатылған жаңа үлгілері іздестіріліп, жүзеге асырыла бастады.

 

Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 24 қарашадағы шешімімен «қарт» ҚазПИ-дің «Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті» болып қайта құрылуы осы мәселелерге байланысты болатын. Осылайша классикалық үлгіде қайта құрылған жаңа типтегі университет дамудың отандық өзгеше бағытына түсті.

 

Арадан он жылдан астам уақыт өткенде 75-жылдық мерейтой қарсаңында, яғни 2003 жылғы 26 қыркүйекте Мемлекет басшысының №1201 Жарлығымен қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы «Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ)» болып қайта құрылып, еліміздегі жоғарғы оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып «ұлттық» мәртебені иеленді.

 

2007 жылы Абай университеті әлемдегі 150 елдің таңдаулы оқу орындарының басын біріктіріп отырған Университеттердің Дүниежүзілік ұйымына мүше болды. Осы жылы әлемдік жоғары білім көшбасшыларының Оксфордтағы саммитінде (Ұлыбритания) университетке «Біріккен Еуропа» және «Еуропалық сапа» халықаралық марапаттар берілді, сонымен бірге Қазақстан Республикасы президентінің «Сапа саласындағы жетістігі үшін» арнайы сыйлығы табыс етілді. Мұндай жетістікке жетуі университеттің халықаралық беделін өсіріп, өрісін кеңейтті.

 

Аталған оқу орнының 2007 жылы Университеттердің Болон Хартиясына (Италия) қол қоюы оқу-тәрбиедегі стратегиялық мақсатын түбегейлі өзгерту керектігін көрсетті. Ал, 800 жылдан астам тарихы бар Париждегі әйгілі Сарбонна институты бөлімшесінің Абай университеті базасында ашылуы Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайта түскен елеулі оқиға болды десек артық айтқандық емес. Сорбонна-Қазақстан институтының түлектері қосдиплом бағдарламасына сәйкес бүгінде Француз Сорбоннасы мен Абай университетінің дипломдарын қоса алып, халықаралық деңгейіндегі жетекші маман иелері болып шығуда.

 

Соңғы жылдары университеттің ішкі құрылымында бірқатар өзгерістер орын алды.

 

Бұрынғы жеке факультеттер ірілендіріліп, институтқа айналдырылды. Кафедралар оңтайландырылып, ғылыми әлеуеті арта түсті. Бүгінде оқу орнындағы білім беру қызметін Жаратылыстану және география, Тарих және құқық, Педагогика және психология, Филология, Математика, физика және информатика, Өнер, мәдениет және спорт, Сорбонна-Қазақстан секілді 7 институт, маман дайындау бағыттары бойынша 39 кафедра іске асырады. Білім беруді инновациялау мақсатында ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар Ғылыми инновациялық паркі (ҒИП) болып қайта құрылды. Оның құрамында «Хәкім Абай» ғылыми- зерттеу орталығы, «Авторлық ауызша әдебиет» ғылыми орталығы, М. Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы, «Функционалдық технология және қолданбалы зерттеулер» орталығы, «Интеллектуалды ұлт» ғылыми орталығы, «Инклюзивті білім беру кеңесі мен тұлға психологиясы» және «Педагогикалық білім беруді дамыту» ғылыми орталықтары кіреді.

 

Оқу орнында жалпы саны 790 профессор оқытушы дәріс оқыса, оның ғылыми дәрежесі мен атағы барлар 528 адам, 134 ғылым докторы, профессор, 343 ғылым кандидаты, доцент, және 45 Рhd докторы еңбек етеді. Сондай-ақ, мұнда 14 ҚР ҰҒА академигі мен корреспондет-мүшесі, 45 басқа да қоғамдық академиялардың академигі қызмет істейді.

 

Университетте 8 диссертациялық кеңес, жас ғалымдар кеңесі, Ғылыми кітапхана, «Ұлағат» баспасы және «Абай университеті» газеті бар.

 

Сондай-ақ, оқу орнында біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту орталығы, студенттерге цифрлық қызмет көрсететін «Шапағат» орталығы, Білімді ақпараттандыру және білім технологиялары мәселелері бойынша ғылыми зертхана жұмыс істейді.

 

Университет қызметінде халықаралық ынтымақтастық қызметі маңызды орын алады. Бүгінгі таңда оқу орны 12 халықаралық ұйым мен ассоцияға мүше. Әлемнің 23 мемлекетіндегі университеттермен бірлескен жұмыстар бойынша 140-қа жуық келісімшарт, меморандум жасалған. Осы келісімшарттар бойынша Абай университетінде 200-ден астам шетелдік студент білім алады, шет елдегі қазақ диаспорасының 50-ге жуық өкілі оқиды, шет елден келген 30 шақты оқытушы жұмыс істейді.

 

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында еліміздің одан әрі дамуына ерекше серпін беретін білім мен ғылым жүйесінің алдында тұрған бірқатар маңызды және өзекті міндеттерді шешуге бағытталған негізгі бастамаларға тоқталғаны белгілі. Одан өзге энергетика, газ, су, әскер ғылымы, көлік пен логистика салаларын да назардан тыс қалдырмаған Президент ақпараттық жүйелердің сапасын жақсарту, инновацияларды енгізу және білім қолжетімді әрі инклюзивті болуы тиіс екенін атап өтті.

 

«Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз - Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру», - деді ол.

 

Әрі жасанды интеллектіні дамытып, жолға қоюды Үкіметке мықтап тапсырды. Соңғы уақытта бүкіл әлемде өзекті болып отырған жасанды интеллекті мәселесіне жан-жақты тоқталған Мемлекет басшысының «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет», дегені біраз жайдан хабар береді. Осы орайда Абай университеті жаңа технологиялар негізінде инновациялық білім ресурстары бойынша арнайы жұмыс топтарын құрып, бұл бағыттағы зерттеулерді жалғастыратын болады.

 

Оның үстіне биыл педагогикалық мамандықтарға түсушілердің контингенті айтарлықтай өсті және ол жыл өткен сайын артып келеді. Бұл орайда Абай университеті Президенттің салалық кадрларды дайындау жөніндегі саясатын қолдайтын болады. Міндет - халықаралық сұранысқа ие мамандарды тәрбиелеп шығару. Сондықтан Абай университеті педагогикалық білім беру саласындағы қандай да инновациялық өзгерістерге дайын болуды мақсат етіп отыр.

 

Халқымыздың арманы - біртұтас елдік пен ынтымақ пен татулықтың арқасында шын мәніндегі тәуелсіздікке жету. Ал, тәуелсіз елге білікті мамандар ауадай қажет.

Білікті болу үшін заманауи білім керек. Өйткені, ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны одан әрі нығайта түсу міндеті тұр.


Осы тұрғыдан алғанда қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы, педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы саналатын Абай атындағы ҚазҰПУ өзінің жеңісті жарқын беттерін жалғастыра беретініне сенім кәміл.

 

Авторы: Болат Шарахымбай,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

03.11.2023 ж.

Ақпарат  көзі: bilim.expert