қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
10.11.2023

«Ділмар» өтті дүрілдеп...

 


 

Студенттер арасында дәстүрге айналған республикалық "Ділмар" шешендік өнер байқауы жаңа кезеңге қадам басты. Атап айтқанда, алғаш рет тақырыптар сайыс үстінде берілді. Осылайша қатысушының ой ұшқырлығы, сөзге тапқырлығы, жан-жақты білімі, қиыннан қисынды кесім айту шеберлігі сынға түсті. Осы арқылы шешендікті шыңдау мен сынаудың жоғарғы деңгейіне көтеріліп, түпнұсқасына едәуір жақындадық.

 

Сондай-ақ, қатысушылардың логикалық ойлау қабілетін анықтау мақсатындағы "жүзден жүйрік" бөлімінде арнайы сұрақтар қойылды. Онда бабалардан қалған астарлап сөйлеу, жұмбақтап сөйлеу, тұспалдап сөйлеу сынды ерекше қасиетін ұғыну мен қолдану өрелерін бағамдадық.


Қатысушылар тақырыпты, жұпты, шығу ретін жеребе арқылы таңдады. Қазылар әр сайыстан соң жеке-жеке талдау жасап, пікір, ұсыныс айтып, жәрия түрде баға берді. Бұл жағынан сайыс барынша әділ өтті деуге толық негіз бар. Әдебиет пен тіл саласының майталман мамандары Береке Жұмақаева, Кәмінұр Тәлімұлы, Бақыт Жағыпарұлы қазылық жасап жүйріктерді анықтаған байқаудың қорытындысы мынадай болды:
Бас жүлде иегері(500 000₸) - Наурзхан Шыңғыс Ерболұлы, С. Демирел университетінің 1-курс студенті.

1-орын иегері(300 000₸) - Алтынбекова Динара, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 1-курс студенті.

2-орын иегерлері(150 000₸) - Орынқожа Талғат, ҚБТУ-дың Автоматтандыру және басқару факультетінің 1-курс студенті.
Қалиханова Нұрай, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3-курс студенті.

3-орын иегерлері(70 000₸) - Байымбетова Айкөркем, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 1-курс студенті.

Нұрмұханов Бекжан, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 4-курс студенті.

Тасмұратова Дана, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 1-курс студенті.

 

Сондай-ақ, 7 қатысушыға 20 000 теңгеден арнайы жүлде берілді.

 

Еліміздің 9 өңіріндегі 14 жоғарғы оқу орнынан келген барлық қатысушыға "Атамұра" баспасынан жарық көрген таңдаулы кітаптар сыйға берілді. Қаржылық шығыны 2 миллион теңгені құрайтын байқаудың демеушісі - "Атамұра" корпорациясының президенті, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Рақымғали Абрарұлы. Екі жыл қатарынан "Ділмар" байқауына демеуші болған Рақымғали Абрарұлы келер жылғы байқауға 3 миллион теңге бөліп, тағы да қолдай түсетінін айтты. Бұл жолғы сөз додасы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 95 жылдығына арналып, аталған оқу орнының ұйымдастыруымен сәтті өтті.

 

Республикалық "Ділмар" шешендік өнерді дамыту клубының сайыс әрі сабақ түріндегі авторлық байқауына қатысушылар жан-жақты шыңдалған көшбасшы тұлға, ұлт қайраткері болады деген сенімдеміз!

 

10.11.2023 ж.

Ақпарат көзі: adyrna.kz