қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
27.11.2023

Түркістан жастарының назарына! Алматылық ЖОО постдокторантура ұсынады

 


 

Абай университеті ғылым саласындағы кадрлық резервтің әлеуетін кеңейту мақсатында жыл сайын конкурс арқылы постдокторанттар пулын қалыптастырады деп жазады аталмыш оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Turkistan.today порталы.


2019 жылы енгізілген бағдарлама бүгінде 28 орынды қамтиды екен. Постдокторанттар зерттеулерге тереңірек үңіліп, ғылымның дамуына белсенді ықпал ететін көрінеді.

 

Биылғы жылы Абай университетінің жеті жас зерттеушісі - Лайсханов Шахислам, Сапарғалиева Баян, Сейілхан Айнұр, Серікова Самал, Байкулова Әйгерім, Молдағали Бақытгүл және Акимбекова Шырын - постдокторантураны сәтті аяқтап, оқуды аяқтағаны туралы куәліктерін алған.

 

Постдокторантура бағдарламасы аясында олар үлкен жетістіктерге жетті: бір постдокторант «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», екеуі талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендия иегері және біреуі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанған. Үш жылдың ішінде постдокторанттар Scopus және WoS базасының рецензияланатын журналдарында 55 мақала жариялаған, оның ішінде СiteScore бойынша жоғары процентильді журналдарда 29 жарияланым (процентиль 50-ден кем емес және Q1, Q2-ден кем емес) және ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған журналдарда 81 мақала жарияланды. Постдокторантура бағдарлама түлектерінің қатарында ҚР ҒЖБМ қаржыландыратын ғылыми жобалардың, сондай-ақ халықаралық жобалардың жетекшілері бар. Бұл нәтижелер университеттің зерттеу әлеуетін, сондай-ақ оның әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерін арттыруға оң әсер етеді дейді.

 

Абай университетінің Постдокторантура бағдарламасы жас зерттеушілерге тиімді қолдау көрсетіп, олардың кәсіби өсуіне және ғылыми құзыреттілігін кеңейтуге ықпал етеді. Бұл бастама ғалымдардың тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық кеңістікте де мансаптық өсуін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан, түркістандық жастар осы мүмкіндікті құр жібермесе екен дейміз!

 

27.11.2023 ж.

Ақпарат көзі: turkistan.today