қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
11.12.2023

Абай университетінде орта білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыланды

 


 

9 желтоқсанда Абай университетінде ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры Асқарбек Құсайыновтың «Орта білім беру сапасын көтерудің ғылыми-практикалық негіздері» монографиясының тұсаукесері өтті.


Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚазҚызПУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері, сонымен қатар колледж оқытушылары мен мектеп директорлары қатысты.


Ғани Бейсембаев монография авторын құттықтап, педагогикалық жоғары оқу орындарының еліміздегі барлық мектептерге педагог кадрларын даярлаудағы рөліне тоқталды. Ұлттық баяндама жобасының білім беруді дамытуға бағытталған негізгі құжат екенін айта келе, министр білім саласындағы қолжетімділік пен теңдікті қамтамасыз ету, қолайлы білім беру ортасын құру және адами капиталды дамытуды қамтитын ортақ міндеттерді жүзеге асыру жолындағы екі министрліктің бірлескен жұмысын ерекше атап өтті.


ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі арасында жақында қол қойылған меморандум аясында жоғары оқу орындарының ректорлары мен білім басқармаларының басшылары білім беру сапасын арттыру және жоғары білікті педагог кадрларды даярлау бойынша белсенді жұмыс атқарып жатқаны айтылды. Сондай-ақ, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіліп, білім және ғылым салаларында ынтымақтастық орнату бастамалары жүзеге асырылатын болады.


Монографияның тұсаукесер рәсімінде орта білім беру сапасын арттырудың негізгі аспектілері мен оқу үрдісін оңтайландыру әдістері талқыланды. Тұрақты дамуға қол жеткізу үшін мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастық орнатудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қатысушылар профессор Асқарбек Құсайыновтың монографиясының ғылыми-тәжірибелік құндылығын жоғары бағалап, бұл еңбекті республика бойынша білім беру ұйымдарында - мектептерде, педагогикалық колледждер мен жоғары оқу орындарында талқылауды ұсынды.

 

11.12.2023 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com