Main /
Mass media about us
11.12.2023 ҚР-дағы дуальды білім беруді дамытудың еуропалық тәжірибе трансфері
Абай университетінде «Қазақстан Республикасында дуальды жоғары және кәсіптік білім беруді дамыту жолдары: KAZDUAL жобасының тәжірибесі» халықаралық конференция өтті.
Конференция Швейцария, Германия, Австрия және Қазақстан елдерінен 300-ден астам қатысушыны гибридті форматта біріктірген нағыз ғылыми сындарлы диалог алаңына айналды.
Конференцияға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының, Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттігінің, ҚР Эразмус+ Ұлттық кеңсесінің, Аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институтының (ACQUIN), CEENQA - Орталық және Шығыс Еуропадағы жоғары білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету бойынша агенттіктер желісінің, Отто фон Герике атындағы Магдебург университетінің (Германия), Тироль педагогикалық университетінің (Австрия), М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің, Абай университетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің, Семей қаласындағы электротехника колледжінің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстанда дуальді білім беруді дамытудағы KazDual жобасының рөлі, еуропалық тәжірибенің трансфері, дуальды бағдарламалардың сапасын сыртқы бағалау жүйесі, модельдеу/әзірлеу және тәсілдер қолдану, білім беру бағдарламалары, дуальды бағдарламаларға жауапты қатысушылардың негізгі рөлдері, ішкі және сыртқы бақылау сапалары, дуальды білім беру бағдарламаларын енгізу тиімділігін арттырудың нысандары мен әдістері туралы маңызды мәселелер талқыланды. Панельдік сессиялар, семинарлар және тимбилдинг барысындағы шетелдік және отандық сарапшылардың баяндамалары ерекше қызығушылық тудырды.
Конференция резолюцияны қабылдаумен және қатысушыларды сертификаттаумен қорытындыланып, шараның нәтижелі аяқталғаны атап өтілді. Бұл кездесу ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, Қазақстандағы дуальды білім беру саласындағы стратегияларды дамытудың жаңа көкжиектерін ашты.
11.12.2023 ж. Ақпарат көзі: gov.kz
|