қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
11.12.2023

Түркістандық педагогтар Абай атындағы ҚазҰПУ біліктілігін арттырады

 



Түркістандық педагогтар Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде біліктілігін арттырады

 

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды білім саласы қызметкерлерінің біліктілігін көтеру, тәжірибе алмасу семинарлары мен оқуларға жіберу жөнінде тапсырма берген болатын. Өңірде осы бағытта жұмыс жүруде,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Осы мақсатта Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеппен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев кездесті. Кездесу барысында Абай университетінде білікті кадрлар даярлау мәселесі талқыланды. Сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

Меморандумға сәйкес 2024-2025 оқу жылдарында Түркістан облысының аудан, қалаларындағы педагогтар 15 пән бойынша іріктеліп алынып, жалпы 5 мыңдай педагог осы университетте академиялық сағаттарға қатысып, біліктілігін арттыратын болады. 60-тан астам мектеп директоры мен 200-дей директор орынбасары менеджмент бойынша шеберлігін шыңдайды. Алдағы екі жылда да «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынатын мектептерге қабылданатын педагогикалық қызметкерлерге басымдық беріледі.

 

Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру - мемлекеттің басым мақсаты екенін атап өтті. Сондай-ақ балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және орта құру міндетін қойған болатын. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2023-2025 жылдар аралығында жобалық қуаттылығы 49 000 орынды 63 мектеп салу арқылы осы мектептердің мәселесі шешімін таппақ.

 

- Түркістан облысында 1032 мектепте 520 мыңдай оқушы оқиды. Жалпы 80 мыңнан астам педагог қызмет етіп жатыр. Жыл сайын жаңа мектептер салынып, халық саны артуына байланысты білікті педагогтарға тапшылық артып жатыр. Сондықтан да біз педагогтардың кәсібилігін арттыруға барынша көңіл бөлудеміз. Сол мақсатта педагогикалық кадрларды даярлаудың қара шаңырағы, 100 жылға таяу тарихы бар оқу ордасын арнайы таңдап, келісіп отырмыз. Біз алдағы уақытта аудан, қалалардағы негізгі пәндер бойынша педагог кадрларды іріктей отырып, арнайы кестесін бекітіп, біліктік арттыру курстарынан толық өткіземіз, - деген облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы өңірдегі білім саласы қызметкерлерін қолдау бұдан әрі қарай да жалғаса беретінін жеткізді.

 

Облыс әкімінің қолдауымен 100-ге жуық мұғалім шетелдік озық тәжірибені жинақтау мақсатында халықаралық рейтингтерде жоғары саналатын Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне оқу-тәжірибелік семинарға жіберу басталды. Облыста жалпы 83 мың педагог қызметкерлер еңбек етуде.

 

Қазақстан Республиасының Оқу-ағарту министрлігінде Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі көшбасшыларды даярлау, іріктеу жобасы іске асуда. Жобаға 680 педагог қатысып, іріктеу кезеңінен өткен облыстағы 31 педагог Алматы қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында білімін жетілдіруде. 2023 жылы жалпы 19 924 педагог біліктілігін арттырып отыр.

 

11.12.2023 ж.

Ақпарат көзі: newsroom.kz