қазақша · русский · english
   
  Main  News
14.12.2023

Абай университетінің ректоры жас ғалымдармен кездесті

 

  alt=  

 

2023 жылдың 13 желтоқсанында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы - ректор Болат Тілеп пен жас ғалымдардың кездесуі өтті. Іс-шараға университеттің зерттеу қызметі және инновациялар жөніндегі проректоры Ермек Бөрібаев, Ғылым департаментінің директоры Ұлжарқын Әбдіғапбарова, сондай-ақ Жас зерттеушілер кеңесінің мүшелері қатысты.


Ректор Болат Тілеп оқу орнының зерттеу университеті мәртебесін алуы мен оның ғылыми зерттеулер саласындағы жетекші орындарға қол жеткізу әлеуетін дамыту тұрғысынан осындай ашық форматтағы кездесулердің маңыздылығына тоқталды. Ол зерттеу университеті мәртебесіне қол жеткізу ғылыми жұмыстың әлеуетін арттыруға, жас ғалымдарды қолдауға, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін орта білім беру жүйесіне енгізуге және жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмысты қажет ететінін атап өтті.

 

«Жас ғалымдарға жүйелі қолдау отандық ғылыми зерттеулердің әлеуетін белсенді дамытуға, орта білімге арналған ғылыми жобалардың нәтижелерін табысты енгізуге және жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталады. Ғылыми бағытымызды дамытып, жас зерттеушілер қатарын қалыптастыру үшін студенттерді ғылыми жұмыстарға белсенді қатысуына мүмкіндіктер туғызу мен ғылыми белсенділігін ынталандыру қажет. Сонда ғана зерттеу университеті деген мәртебені еңсере аламыз», - деді ректор. Сонымен қатар бүгінде универсиетемізде ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамытуға, сапалы зерттеулер мен тиімді жобаларды дайындауға оңтайлы жағдай жасалып жатқанын және алдағы уақытта да университет тарапынан олардың қызметіне барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті.

 

Кездесу барысында университетте жас ғалымдарды қолдау мен ғылыми ізденістерді дамытуға бағытталған өзекті мәселелер, жас ғалымдардың ғылымдағы, ғылыми ізденістегі орны, зерттеу барысында туындайтын кедергілер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Жас зерттеушілер кеңесінің жұмысын жандандыру, ғылыммен айналысатын оқытушылар жүктемесін азайту, зертханаларды заманауи технологиялармен жабдықтау, ғалымдардың біліктілігін арттыру, ғылыми зерттеулерді озық технологиялармен қамтамасыз ету, жас ғалымдардың біліктілігін арттыруға арналған платформаларға қол жеткізу, магистранттар мен докторанттардың тіл біліктілік деңгейін жақсарту, ғылыми мақалалар жариялау саны мен сапасын арттыру, шетелдік және отандық ғылыми-зерттеу институттарымен тәжірибе алмасу, ғалымдардың ғылыми-зерттеу қызметіне және ғылыми бағыттар бойынша оқитын студенттерге жағдай жасау сияқты өзекті мәселелер қозғалды.

 

Кездесу нәтижелі өтіп, пікір алмасу болды. Кездесуде айтылған идеялар мен ұсыныстар Абай университетінің ғылыми саласын одан әрі дамыту стратегиясын әзірлеуге негіз болады. Ұсынылған ұсыныстар университеттің ғылыми мүмкіндіктерін нығайтып қана қоймай, жас ғалымдардың өсуі мен дамуына қолайлы жағдай жасайды.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

Қоғаммен байланыс департаменті