Main
News
15.12.2023 Абай университеті мен ҮЕҰ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
2023 жылдың 15 желтоқсанында Абай атындағы ҚазҰПУ-да ректор Болат Тілептің «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Бану Нұрғазиевамен және «Almaty Azamattyq Alliance» қауымдастығының төрағасы Қайыржан Абдыхалықовпен кездесуі өтті. Іс-шарада тараптар арасындағы үшжақты ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Абай университеті елімізде бірінші болып екі қоғамдық бірлестікпен әріптестіктің негізін нығайтатын маңызды құжатқа қол қойды. Кездесуге «ЕрАзамат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лайла Ахметова да қатысты.
Бұл іс-шара Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытудың ортақ мақсаттарына қол жеткізу үшін университет, қоғамдық бірлестіктер және белсенділер арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған. Меморандумға қол қою елдің дамуына ықпал ететін инновациялық бағдарламалар мен жобаларды құрудағы ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді. Негізгі бағыттар азаматтық қоғамның тұрақтылығын арттыру және әлеуметтік белсенділіктің өсуі жағдайында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара сенімді нығайтуды қамтиды.
Кездесу барысында Болат Тілеп жоғары білікті кадрларды даярлаудың стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру еліміздегі білім сапасының артуына ықпал ететінін айтып, Қазақстандағы жетекші педагогикалық университет қызметінің негізгі аспектілеріне тоқталды. Сондай-ақ ректор инклюзивті білім беру саласындағы жетістіктерге ерекше тоқталып, осы бағыттағы педагогикалық университеттің әлеуетін айқындап берді. Бұл университеттің академиялық маңыздылығын ғана емес, оның инклюзивті білім беру кеңістігін қалыптастыруға қосқан үлесін де көрсетеді. Университеттің ҮЕҰ-мен ынтымақтастығы азаматтық қоғамды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер тудыратынына сенім білдіре отырып, ректор Абай университетінің осы үрдіске елеулі үлес қосуға дайын екенін атап өтті.
Ынтымақтастық білім беру қызметін, ғылыми-зерттеу жұмысын, сараптамалық және ағартушылық қызметті, сондай-ақ ақпарат алмасу бағыттарын қамтиды. Болашақ педагог кадрлардың кәсіби өсуі үшін педагогтарды даярлау және қайта даярлау саласында лекторлар мен тренерлер ретінде ҮЕҰ секторының білікті өкілдері мамандарды даярлауға қатысады. Бірлескен зерттеу жобалары мен ғылыми іс-шаралар, сондай-ақ сараптамалық өзара іс-қимыл аясында педагогтың имиджін жақсарту, университеттің білім алушылар мен оқытушылардың жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ үкіметтік емес сектордың мемлекеттілікті нығайтуға қосқан үлесі туралы хабардар ету көзделеді.
Осы келісім аясындағы маңызды қадам Абай университеті базасында еліміздің қоғамдық ұйымдарының іс-шараларына белсенді түрде қатысатын азаматтық сектордың Еріктілер орталығын құру болмақ.
Меморандум негізгі салаларда ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндіктер бере отырып, Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту үшін жаңа перспективаларға жол ашады. Бұл мықты, ашық және өзара әрекеттесетін қоғам құруға бағытталған қадам. Біздің ынтымақтастық еліміздің және оның азаматтарының дамуына ықпал ететін инновациялық идеялар мен тәжірибелердің қайнар көзіне айналады деп сенеміз.
Қоғаммен байланыс департаменті |