қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
21.12.2023

Тарихы тасқа жазылған білім ордасы

 


 

95 жылдық тарихы бар еліміздегі ең көне білім ордасы болып есептелетін оқу орнында ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық еткенін білесіз бе? Өзге де көптеген ұлт мақтаныштарының институт қабырғасына, шәкірт тәрбиелеуге еңбегі сіңген.

 

Сәл кейінге шегініс жасайық. Бүгінде еліміздегі ТОП-5 университеттің қатарына кіретін, әлемдегі ең үздік оқу орындары арасында өз рейтингін құлатпай келе жатқан білім ордасын құру, оны қиын кезеңнен алып шығып қалыптастыру оңай болған жоқ. Сапалы, лайықты білім беру үшін ең мықты мамандар тартылды. Күн тәртібіндегі ең маңызды, күрделі мәселе осы еді. Маман даярлау ісінде білікті оқытушы-профессорларды, ғалымдарды жасақтау ісіне аса мән берілді. Ал Мәскеу мен Ленинград университеттерінің көмегі - кітапхана қорындағы оқу-әдістемелік құралдар, зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етілгенде анық байқалды. Қазақ педагогика институтында жұмыс істеу үшін Мәскеуден әдебиет, физика, биология ғылымдарының докторлары, эмбриолог мамандар келді. Қазақ ғалымдары ұлт болашағы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов сынды қазақтың мақтаныштары осы кезде институт қабырғасында білім беріп, шәкірт тәрбиелеуге барынша атсалысты. Қазақстандағы тұңғыш білім ордасындағы білімді деген оқытушылар арасында сол кездегі көкірегі ояу, көзі ашық, ғалым-ағартушы Мұхтар Әуезов те болды.


Тағы бір қызықты дерек, қазақ сахарасын біліммен сусындату үшін ашылған ЖОО алғаш есігін айқара ашқанда небәрі 9 оқытушы жұмыс істесе, «үйренемін, оқимын» деген 124 студент білім алған. 1939 жылы Мұхтар Әуезовтің ҚазПИ жайында жарияланған «Білімнің тұңғыш ордасы» атты мақаласында 124 оқушының 76-сы қазақ екенін, одан кейін 1933 жылы 515 студент, 1939 жылы 501 студент, оның 228-і қазақ болғанын, қазақтың қаракөз қыздарының ең көп оқитын жоғары оқу орнының бірі - ҚазПИ екенін, онда 1938 жылы - 32, 1939 жылы 46 қазақ қызы оқығанын айтады.


Соғыс жылдарынан кейін Абай атындағы ҚазПИ қызметінің барлық салалары сапалы өзгерістерге ұшырады. 1946 жылы 1 курстың күндізгі бөліміне 362 студент қабылданса, 1956 жылы оның саны 567-ге дейін өсті.


Болмысы биік білім ордасының бар жетістігі - көз алдымызда. Өзінен кейін ашылған мүйізі қарағайдай алып оқу орындарының барлығына дерлік «қара шаңырақ» болып қалыптасқан университетте бүгінгі таңда 34 кафедра бар, оның ішінде үш университет кафедрасы (Әскери кафедра, ЮНЕСКО-ның педагогика бөлімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы) жұмыс істейді. Университетте жалпы ауданы 17 мың шаршы метрден асатын 5 жайлы жатақхана жұмыс істесе, оқу үрдісі жалпы ауданы 55 мың шаршы метрді құрайтын 12 оқу ғимаратында жүргізіледі. Сондай-ақ 15 диссертациялық кеңес, жас ғалымдар кеңесі, ғылыми кітапхана және «Ұлағат» баспасы бар. Біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту орталығы, студенттерге цифрлық қызмет көрсететін «Шапағат» орталығы, Білімді ақпараттандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зертханасы құрылған. Кітапхана қоры 1 700 000 данадан асады. Бүгінде университет ең үздік оқу әдістемелері мен бағдарламалары негізінде заманауи талапқа сай, ХХI ғасырдың білімді ұстаздарын тәрбиелеп шығарып отыр.


Қазақ топырағында шаңырақ көтерген алғашқы жоғары оқу орнын­да қазіргі таңда педагог маманы бола­мын деген 16 мыңнан аса студент ағартушылық саланың қыр-сырын меңгеруде.

 

 

Авторы: Мөлдір Рәсіл

21.12.2023 ж.

Ақпарат көзі: qazaqadebieti.kz