қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
21.12.2023

«Білімдіден аяман сөздің майын...»

 


 

Ұлы дала руханиятының мазмұнын байытып, қазақ халқын әлемдік өркениеттің кеңістігіне бастайтын, ұлттық мәдениеттің мәртебесін биік­тететін темірқазық бағдар іспетті ұлы тұлға Абайдың ұрпақтарына аманат етіп кеткен дана сөзі мен мол мұрасы бүгінде адамзат баласының мәңгілік асыл қазынасына айналған. Осылайша, Ұлы даланың мәртебесі Абайымен биіктеп, ғасырлар бойы асқақтай беретін болады.


Абай - қазақтың соны сипаттағы ұлттық көркем әдебиетінің іргета­сын негіздеумен қатар халқымыздың өзі­нен кейінгі дәуірдегі рухани-мәдени даму үдерісінің барша болмысы мен бағыт-бағдарын айқындап берген көш­басшы тұлға. Өзінің көркемдіктің шы­­найы қағидаларына негізделген, оқы­р­мандарының санасына айнала­дағы өмірлік ақиқатты боямасыз әрі сон­шалық ұғынықты сіңіре білген те­рең философиялы мұралары арқылы ол ұлт руханиятының жандануына, қо­ғам­дық-әлеуметтік ой-түсініктер мен әдет-ғұ­рып, салт-дәстүрлер жүйесінің жаңғыруы­на, қоғамда заман талабына лайық білім­ді де парасатты, «ыстық қайрат, нұр­лы ақыл, жылы жүрек» тәрізді қым­бат қасиеттерді бойына жи­наған толық адам қалыптастыруға тың серпін берді.

 

Халқының мұңы мен мұқтажын көзі­мен көріп, жүрегімен сезіне жүріп, ұлтының болашақ мақсаты мен мұратын қуатты жырмен бағдарлап өрнектеген Абай ақындық пен хакімдік дәрежеге бірден самғап шығып, ұлы тұлға атан­ған жоқ. Ол ата-бабаларымыздың ежел­ден келе жатқан бай мәдени қазынасы­нан нәр алды, Батыс пен Шығыстың классика­лық мұраларынан сыр суырды. Бар асылын адамзаттың келешек өркендерінің игілігіне бағыттады. Өзі де айналасына талантты жас, талапты өрендерді топтастырды. Өнерге бау­лыды. Оқу-білімге ұмтылдырды. Жақ­сыдан үйренуді ұсынды. Сол арқылы ұстаздық дәрежеге көтерілді. Ұлы ұс­таздың ұлағаты мол осынау ой-қазы­насымен тыныстап келе жатқан екі ға­сырдың жүзінде қазақ даласы сан тарау сынның тезінен сүрін­бей өтіп, әлем­дік қауымдастықтың тең дәрежелі тұлғаларының қатарында аса мәртебелі мінбелерден өз үнін жеткізе ала­тын еңселі елге айналды.

 

Ойшыл Абай «Білімдіден аяман сөз­дің майын...», деп өз жүрегінен шыққан барша асыл ойларын кейінгі ұрпақтарға аманаттай отырып, «Жүрегіңе сүңгі де, түбін ізде, Сонан тапқан - шын асыл» деп өзінен кейінгі ұрпақтарға халқының осынау терең де бай рухани қазынасын бағалай білуді нұсқады.

 

Ал хакім Абай ұсынған осы «шын асыл» деген не, қандай қазына? Абай жүрегінің түкпіріне ұялаған арман, ой әлемін мазалаған мақсат не еді? «Мақ­сұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ, На­данның көзін жойып, көңілін ашпақ», - деп өзі айтқандай, жұртының санасын оятуға, көңіліне сәуле түсіруге қа­жет нендей асыл дүние? Бүгінгі қазақ қауы­мының, өскелең жастарының осы­нау асыл қазынаны бойына сіңіруі қанша­лықты қажет?

 

Кезінде Абай бабамыздың жүрегін тыншытпай, «мыңмен жалғыз алыс­тыр­ған» күрделі кезеңнің өзінен туын­да­ған осынау сауалдарға жауап іздеу ойшыл ақынның туған халқы үшін атқарсам деген міндетін, жетсем деген мұратын айшықтап беретініне сөз жоқ. Түйіндеп айтқанда, ұлы Абайдың темірқазық жұлдыздай мызғымас арманы - қазақ жұртының білім-ғылым­ды меңгерген бақытты болашағы еді. Оған жетудің сара жолы адалдық пен әділдікке құрылған қоғам орнату, парасатты «толық адам» қалыптастыру, өркениетті ғылым-біліммен сусындаған жаңа ұрпақ тәрбиелеу болатын.

 

Абай арманының түп негізінде жат­қан заман талаптарына лайық ұрпақ тәрбиесі тарихтың қай кезеңінде болсын аса маңызды мәселе болғаны да, болары да анық. Ал ақын өмір сүр­ген дәуірде бұл аса қиын іс еді. Ол ке­зең қазақ даласының әлі де оянбай мар­ғау жатқан, айналадағы әлемдік өрке­ниеттің сәулесін жете сезіне қоймаған, сауатсыздық етек алған заман болды. Мұндай тығырықтан шығудың бірден-бір түзу жолын Абай тәрізді озық ойлы тұлғалар ең алдымен қазақ ортасына білімнің шырағын жағу деп түсінді. Қазақ жерінің әр қиырында осы бағыт­та алғашқы қадамдар жасалды. Олар он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жыл­дарының басында Батыс өлкедегі Бөкей ордасында ағартушылықтың жылт еткен тұңғыш сәулесі - әйгілі Жәңгір ханның қазақ балаларына арнап ашқан тұңғыш мектебі, одан кейінгі Торғай топырағындағы Ыбырай бабамыз қалыптастырған білім мекемелері қазақ даласындағы білім ошақтарының алғашқы қарлығаштары болатын. Кең­байтақ сахараны мекен еткен қазақ жұрты үшін бұл жеткіліксіз еді.

 

«Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі», - деп Абай айтқандай, қазақ жұртының оқу мен білімге деген көзқарасын жаңғыртып, құштарлығын ояту үшін ең алдымен қоғамның әрбір мүшесінің көкірек көзін ашу қажет еді. Абайдың шығармашылығы міне, осынау міндетті іс жүзіне асыруды мақсат еткен ақыл мен парасаттың пәрменді үні болды. Жүрек түкпірінде:

 

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

 

Пайдасын көре-тұра тексермедім.

 

Ержеткен соң түспеді уысыма,

 

Қолымды мезгілінен кеш сермедім», деген ащы өкініші бар ақынның өзі­нің айналасындағы жұртына, туған хал­қына, соңына ілескен жас буын өкіл­деріне айтары да, талап етері де, үміт­тенері де мол болды. Жанын жаралайтын, жүрегін сыздататын жайттар да аз емес еді.

 

«Әуелі - білім-ғылым табылса, он­дай-мұндай іске жаратар едім деп, дү­ние­­нің бір қызықты нәрсесіне ке­рек бо­лар деп іздемекке керек.» Ұс­таз Абай «оқы­сам», «білсем» деген жан­ның бо­йын­да осындай нақты мақсат болғанын қалайды. «Я тілмаш, адвокат болсам» деп күйкі тіршіліктің қа­мынан аса ал­май­­тын, санасы саяз оқы­ғандардан ха­лық­қа келер пайданың жоқ­тығын айтады.

 

«Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейір­леніп, тезірек қолға түседі» екен. Хакім Абайдың осы бір дана сөздерін ғылым мен білімнің соңында жүрген бүгінгі әрбір талапкер, азамат жастар үнемі жадында жаттап өссе қандай ғанибет!?

 

«Ғылым таппай мақтанба, Өнер тап­пай баптанба». Ұлы Абайдың осы бір дана ұлағаты қай заманда да, кім-кімге де міндетті өмірлік қағида екені анық. Әр адамның өмірден алатын өз орны болатыны ақиқат. Онсыз тияна­ғы жоқ адам тұрлаусыз күн кешетіні анық. Санаңда сәуле, жүрегіңде ақыл, бойыңда ғылым мен білімің болмаса сенің қоғамдағы орныңның құны қан­дай болмақ? Адам болам деген жанға қандай жайлардан алыс жүруді, қандай нәрсеге құмар болуды ескерте отырып, ақын Абай:

 

«Болмасаң да ұқсап бақ,

 

Бір ғалымды көрсеңіз.

 

Ондай болмақ қайда деп,

 

Айтпа ғылым сүйсеңіз»,

 

деген жолдармен ғылым мен білімнің жолын қалайтын жастарға бағыт-бағ­дар береді. Бұл шумақтың астарында ұлы Абайдың үлкен ұлағаты жатыр. Бұл жолдар қандай да бір істі қолға алған жанның түпкі нәтижеге жетпей әлсіздік танытпауы, шолақ ойлап, құр еліктеуден аса алмай қалмауы, қашан­да өз күшіне сенімді болуы қажеттігін ұқтырарлық қымбат сөздер екені даусыз.

 

Ойшыл Абай адам баласына қажет қымбат құндылықтардың қатарында ғылымға осылайша айрықша терең мән береді. «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен...» деген тұжырымында хакім бабамыз ғылымды ақылмен теңдей бағалайды, оны адамдықтың басты өлшемінің деңгейіне көтере сөйлейді. «Әрбір ға­лым - хакім емес, әрбір хакім - ғалым» деп ғалымдықты хакімдіктің басты сипатына балайды.

 

Ғылым мен технологияның өркен жайған бүгінгі дәуірінде де бұл тұжы­рымдардың мазмұны одан әрі терең­дей түссе керек. Республика басшылы­ғы, тиісті министрліктер тарапынан елі­міздің экономикалық және мәдени-әлеуметтік өркендеуі жолында жоғары сапалы білімді меңгерген әрі әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман даярлау ісіне, жас ізденушілердің жоға­ры технологияға негізделген ғы­лыми бағыттарға, жаңашыл тақы­рып­тар­ға баруына зор мүмкіндіктер жаса­лып отыр. Қазақстанның мәртебелі ғы­лым ордалары мен жоғары білім ошақ­тарында заманға сай ғылыми зерттеу жұмыстарына қажетті дәре­жеде ден қо­йылуда. Инновациялық ізде­ніс­терге жол ашатын жаңа заманауи зертха­налар мен ғылыми орталықтар қатары көбеюде.

 

Абай есімін иеленген ұлттық уни­верситетіміз де осы қатарда жоғары білім берудің сапасын көтеріп, білікті ма­ман­дар даярлаумен бірге оқу ор­ны­­ның ғылыми зерттеу бағытында да өзін­­дік бағдарын айқындауға күш салып келеді. Соңғы жылдары уни­вер­си­тет қабырғасында өмірге кел­ген док­торан­турадан кейінгі білім (постдок­торан­тура), зерттеуші-профессор инс­титут­тарының пайда болуы осы бағыт­тағы жетістіктерімізді еселей түскені анық.

 

Бүгінде зерттеу университеті дәре­жесіне үміткер болып отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика­лық университетінің соңғы жылдар­дағы осындай ғылыми жетістіктері көңіл қуантады. Оқу орнында халықара­лық рейтингілі басылымдардың тұ­рақты авторларына айналған жоғары дәрежелі ғалымдар қатары қалыптасты. Ғылымның түрлі салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан ондаған іргелі жобалар негізінде маңызды монографиялар жарық көруде. Және де университет ғалымдарының үздік ғылыми жетістіктері бүгінгі таңда­ғы бакалавриат-магистратура-докторанту­ра салалары бойынша қолданыстағы білім бағдарламаларының мазмұнын байытып, оқу үдерісінің сапасын көтеруге өлшеусіз үлес қосып келеді.

 

Студенттер мен магистранттардың ғылыми зерттеулеріне де кең жол ашылып отыр. Жыл сайын өтетін ғылыми конференцияларда жас ғалымдар өз­дерінің алғашқы қадамдарын сыннан өткізіп отырады. Жас ғалымдарды ынталандыру жүйесі қалыптасқан. Жыл сайын жас зерттеушілердің, студенттер мен магистранттардың ғылыми зерттеу еңбектері мен мақалаларының жинағын шығару дәстүрге айналған.

 

Әлемдік университеттер рейтингісін айқындауда оқу орындарының ғылыми әлеуетінің, сол саладағы жетістіктері­нің биік рөл атқарып отыруы, білікті, жоғары сапалы маман даярлау ісіне қойылатын еңселі талаптардың өмір­шеңдігі кезінде ұлы Абай аңсаған «шын асыл» - шынайы ғылымның дәуірі туғанын аңғартса керек.

 

Үстіміздегі оқу жылы уни­вер­си­теттің ғылыми кеңесінің шеші­мімен білім алу мен ғылыми ізде­ніс­терді сабақ­тастыра отырып, биік көр­сет­кіш­терге қол жеткізген үздік сту­дент­тер мен магистранттарға бері­летін Абай атындағы арнайы стипен­дия таға­йындалды. Рас, еліміздің түр­лі дең­гейдегі оқу орындарында бері­ліп жүр­ген атаулы стипендиялар аз емес. Сондай-ақ бір кезде студенттер арасындағы үздік оқитын озат жас­тар үшін Лениндік стипендиат атану қаншалықты жетістік деп саналғанын аға ұрпақ жақсы біледі.

 

Бүгінде ұлы Абай атындағы сти­пе­ндияның мән-маңызы ерекше болуға тиіс. Олай дейтініміз - жыл сайын он­даған білім алушыға берілетін бұл стипендия қаржылық тұрғыдан алғандағы қомақты мөлшерімен ғана емес, ең алдымен жас­тарды ілгері ұмтылуға, мақ­саткерлік­ке, көшбасшылыққа баули­тын ішкі маз­мұнымен ерекшеленетінін атап айту керек. Стипендиат мәртебесіне қол жеткізген әр студент, не магистрант өзі­­нің ұлы Абайдың ұрпағы екенін, Абай өнегесінің мәңгілік ұлағатын те­рең сезінетін және мақтанатын бола­ды. Абай атындағы мәр­тебелі стипендия­ның иесі атану Абай университетінің бі­лім алушылары мен ертеңгі түлектері үшін айрықша мақтан тұтарлық ең биік тұғыр, бәрінен жоғары тұрар мерейлі мәр­тебе болатыны анық.

 

Хакім Абайдың есімі де, ұлағаты да осылайша бізбен бірге жасап келеді, мәңгі жасай бермек. Қазіргі таңда Абай университетінің стратегиялық даму жоспарының түп негізіне Абайдың «То­лық адам» тұжырымының алы­нып оты­руында да зор мән бар. Өйткені «Үш-ақ түрлі нәрсе - адамның қасиеті, Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жү­рек», - деп ұлы бабамыз айтқандай, бо­йында қажымас ыстық қайраты бар, ақыл мен парасаты асқақ, жан-жүрегі кір­шіксіз таза тұлға тәрбиелеу - Абай уни­верситетінің басты мұраты.

 

Ұлы ақынның талантты шәкірті, философ ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы кезінде «Ақылы дария Абайдан таусылмас қоры кен қалар» деген екен. Осынау алтыннан да қымбат қазынаның сарқылмас қорынан бүгінгі және ертеңгі ұрпақтар мәңгілік сусындай беретіні ақиқат.

 

 

Авторы: Балтабай Әбдіғазиеа,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

21.12.2023 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz