қазақша · русский · english
   
  Main  News
30.12.2023

 

Құрметті әріптестер және білім алушылар!

 

Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа 2024 жыл әрқайсымыз үшін қуанышқа, жетістіктерге және жаңа мүмкіндіктерге толы болсын.

 

2023 жыл университетіміздің тарихында маңызды кезең болды. 95 жылдық мерейтойымызды атап өттік. Білім сапасын арттыру бағытында елеулі қадамдар жасадық. Студенттер санының 16 000-нан асуы білім мен кәсіби дамуға ұмтылған жастардың бізге артқан сенімін көрсетеді. Бұл маңызды жетістік біздің заманауи әлемнің сын-қатерлерін еңсеруге дайын жоғары білікті мамандарды даярлау жолындағы дұрыс бағытымыздың дәлелі.

 

Өткен жылы білім беру бағдарламаларына айтарлықтай өзгерістер енгізіліп, әрбір білім алушының әлеуетін дамытуға бағытталған озық әдістемелер енгізілді. Біз студенттеріміздің тек теориялық білім алып қана қоймай, озық білімді меңгеріп, құнды тәжірибе жинақтап, практикалық дағдыларын қалыптастыруға бар күшімізді саламыз. Бұл дағдылар мен білім біздің табысты болашағымыздың кепілі болатынына сенімдімін. Оқу ордамыздың білім сапасын ұдайы жақсартуға ұмтылуымыз студенттеріміздің болашағына және жалпы қоғамның әл-ауқатына деген қамқорлығымыздың көрінісі.

 

Академиялық ұжымымыз бен студенттердің күш-жігерінің арқасында біз керемет нәтижелерге қол жеткіздік. Ғылыми зерттеулерге елеулі үлес қосқан ғалымдарымыздың айтулы жетістіктерін де атап өткім келеді. Біздің ғалымдар өз зерттеулерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ғылыми мектебіміз жоғары бағаланды. Оқу орнымыз ұлттық және әлемдік рейтингтерде үздік педагогикалық университеттер қатарына қосылды. Бұл университетіміздің беделін мойындау ғана емес, сонымен бірге оқу ордамызда жұмыс істейтін әрбір тұлғаның кәсіби біліктілігі мен мамандыққа адалдығының шынайы үлгісін көрсетіп жүрген ерен еңбектеріңіздің арқасы деп білемін.

 

95 жылдық тарихы бар Абай университетінің тек ел ішінде ғана емес, шетелде де білім стандарттарын айқындаушы факторға айналғанын мақтан тұтамыз. Біздің мақсатымыз білім алушыларымызға сапалы білім беріп, жаңа формациядағы педагогтарды қалыптастыру арқылы жаңашыл көшбасшы болуға ынталандыру.

 

Университетіміздің ұжымы - біздің ең құнды байлығымыз және біз бірге бұдан да биік белестерді бағындыра аламыз.

 

Баршаңызды Жаңа 2024 жылмен құттықтай отырып, ортақ табысымызға қосқан үлестеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

 

 

 

Құрметпен, ректор Болат Тілеп